Құрылтай сайлауынан кейін жаңартылған құрамда Үкіметтің алғашқы отырысы өтті

Құрылтай сайлауынан кейін жаңартылған құрамда Үкіметтің алғашқы отырысы өтті
Фото: Үкіметтің баспасөз қызметі

Бүгінгі Үкімет отырысының күн тәртібінде жұмысшы мамандықтар бойынша кадрлар даярлаудағы жаңа тәсілдер талқыланады, деп хабарлайды Elordainfo.kz Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен Құрылтай сайлауынан кейін жаңартылған құрамда Үкіметтің алғашқы отырысы өтті.

«Қазақстан Республикасының Үкіметі туралы» Конституциялық заңға сәйкес Үкіметтің жаңа мүшесі – төтенше жағдайлар министрі Мұрат Мұханов ант берді.

«Жаңа Конституция заңды күшіне еніп, мемлекетіміз саяси және экономикалық жаңғыруға қадам басқан тарихи кезеңде еліміздің одан әрі әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз ету үшін бәріміз жан-жақты шараларды қабылдауға міндеттіміз. Барлық бағыт пен салалар бойынша Мемлекет басшысы қойған міндеттерді жүйелі әрі кешенді түрде жүзеге асыру қажет. «Заң мен тәртіп» және «Таза Қазақстан» конституциялық қағидаттары әрдайым биік тұруы тиіс. Үкіметтің жұмысы кешенді шараларды қабылдай отырып, озық қарқынмен жүруі керек.

Қазір толық жауапкершілікті мойнымызға алып, нақты нәтижелерге қол жеткізу үшін қажетті шешімдерді жедел қабылдайтын уақыт. Бәріміз Президенттің жоғары сенімін толығымен ақтауымыз керек», - деп атап өтті Олжас Бектенов.