Елімізде ЖІӨ өсіміне өңдеу өнеркәсібі, сауда және құрылыс серпін берді
Қазақстанның жалпы ішкі өнімі 2026 жылғы қаңтар-маусым айларында нақты мәнде өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 4,1 пайызға өсті. Бұл туралы Ұлттық статистика бюросы жариялады, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Жедел деректер бойынша, осы кезеңде өндірілген ЖІӨ көлемі 70,9 трлн теңгені құрады.
Экономиканың жекелеген салаларында да өсім байқалды. Ең жоғары көрсеткіш құрылыс саласында тіркеліп, 15,2 пайызды құрады. Одан кейін өңдеу өнеркәсібі – 9,8%, көлік және қоймалау – 7,1%, көтерме және бөлшек сауда, автомобильдер мен мотоциклдерді жөндеу – 5,7%, ауыл, орман және балық шаруашылығы – 4,4% өскен.
2026 жылғы қаңтар-маусымда ЖІӨ құрылымында тауарлар өндірісінің үлесі 36,4%, қызметтер өндірісінің үлесі 55,4% болды. ЖІӨ өндірісіндегі ең жоғары үлес өнеркәсіпке тиесілі – 28,6%.
ЖІӨ өсіміне ең көп үлесті өңдеу өнеркәсібі қосты – 1,25 пайыздық тармақ. Көтерме және бөлшек сауданың үлесі 0,93 пайыздық тармақ, құрылыс саласының үлесі 0,79 пайыздық тармақ болды.
Бұған дейін Халықаралық валюта қорының 2030 жылға қатысты соңғы болжамын ұсынған едік.