Қазақстан 2030 жылға қарай 9 спутниктен тұратын халықаралық топтама құрады
Қазақстан 2030 жылға қарай Жерді қашықтан зондтайтын тоғыз спутниктен тұратын халықаралық спутниктік топтама құруды жоспарлап отыр. Бұл туралы Премьер-Министрдің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев Астанада өтіп жатқан Space Days Kazakhstan 2026 халықаралық форумында айтты, деп хабарлайды Elordainfo.kz ЖИЦДМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Топтама құрамына Қазақстанның алты спутнигімен қатар Моңғолия, Конго Республикасы және Нигерияның ғарыш аппараттары кіреді. Алдағы уақытта топтаманы 14 спутникке дейін кеңейту мүмкіндігі қарастырылып отыр.
Министрдің айтуынша, Қазақстан жаңа серіктестермен ғарыш саласындағы ынтымақтастықты кеңейтуге дайын. Халықаралық спутниктік топтама Жерді қашықтан зондтау мүмкіндіктерін арттырып, ғарыштық деректерді түрлі салада тиімді пайдалануға жол ашады.
Сонымен қатар Қазақстан KazSat-3 спутнигін жаңа KazSat-3R ғарыш аппаратына ауыстыру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Бұл ұлттық спутниктік байланыс жүйесінің тұрақты жұмысын қамтамасыз етіп, оны заманауи технологиялық талаптарға сай дамытуға мүмкіндік береді.

«Деректер, технологиялар және адам капиталы – Қазақстанға бәсекеге қабілетті ғарыш өнімдері мен қызметтерін жасауға мүмкіндік беретін үш негізгі бағыт. Осы мақсатта біз Space Days Kazakhstan халықаралық форумын өткізу бастамасын көтердік. Бұл форум өз тарихын енді бастап жатыр. Біз оның нақты нәтижелерге, нақты келісімдерге және жаңа бірлескен жобаларға жол ашатынына сенеміз. Space Days Kazakhstan форумын ауқымын кеңейтіп, әлемдік ғарыш қауымдастығындағы беделін нығайта отырып, дәстүрлі халықаралық алаңға айналдыруды көздейміз», – деді Жаслан Мәдиев.

Министр Қазақстан үшін ғарыш бүкіл адамзаттың игілігіне қызмет етуі, бейбіт ынтымақтастық кеңістігі болып қалуы және мемлекеттерді ортақ мақсаттар төңірегінде біріктіруі тиіс екенін атап өтті. Оның сөзінше, ғарыш технологиялары нақты өмірде қолданылып, экономиканың дамуына, мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыруға және азаматтардың өмір сүру сапасын жақсартуға ықпал етуі қажет.

Space Days Kazakhstan 2026 халықаралық форумы Астанада мемлекеттік органдардың, халықаралық ұйымдардың, ғарыш агенттіктерінің, ғылыми қауымдастықтың, технологиялық компаниялар мен инвесторлардың басын қосып отыр.
Форумның алғашқы күнінде спутниктік байланыстың Қазақстанның цифрлық тәуелсіздігін қамтамасыз етудегі рөлі, спутниктік инфрақұрылым негізіндегі қызметтер нарығын дамыту және спутниктік деректерді су ресурстарын басқаруда пайдалану мәселелері талқыланады.
Сондай-ақ ғарыш жүйелерінің бортында жасанды интеллектті қолдану, өңірлік ғарыш агенттіктері арасындағы ынтымақтастық, халықаралық серіктестік мүмкіндіктері, ғарыш туризмі және әлемдік ғарыш саласының болашағы қарастырылады.

Бұған дейін Қазақстанда ғарыш саласы қалай дамып жатқаны туралы жазған едік.