Ғарыштан алынған деректер экспорты, жаңа жобалар: Қазақстанда ғарыш саласы қалай дамып жатыр
Еліміздің ғарыш саласындағы қазіргі ғылыми әлеуеті қалай? Қазақстан жасанды жер серігінен алынған деректерді экспортқа шығарып жатыр ма? Осы және өзге де сұрақтар жөнінде Elordainfo.kz тілшісі «Қазақстан Ғарыш Сапары» ҰК» АҚ Басқарушы директоры – Басқарма мүшесі Аманат Үмбетбаевпен сұхбат құрды.
Ғарыш пен ғылым: ажырамас байланыс
– Аманат Тауболдыұлы, 12 сәуір – Халықаралық авиация және ғарышкерлер күні ғылым үшін қандай маңызға ие деп айтар едіңіз?
– Бұл – ғылыми жобалар көкке шығарылған өте маңызды күн. Әр ғарыштық сапардың түп төркінінде ғылыми жобалар тұр. Мысалы, адамды ғарышқа ұшырғанда да ол белгілі бір ғылыми жоба аясында аттанады. Сондықтан бұл атаулы күннің маңызы өте зор. Себебі 12 сәуір – Халықаралық авиация және ғарышкерлер күні әрі Қазақстанда Ғылым қызметкерлерінің күні. Ғарыш пен ғылым өзара тығыз байланысты.
Жаһандық мәселе: орбитадағы қалдықтарды кім тазалайды?
– Бір сұхбатыңызда ғарыштағы қоқыс мәселесі жайлы сөз қозғапсыз. Бұл мәселеге қазіргі таңда әлем ғалымдары қаншалықты назар аударып отыр?
– Ғарыштағы қоқыс мәселесі – қазіргі таңда өте белсенді талқыланып жатқан тақырыптың бірі. Себебі соңғы 10-15 жылдың өзінде көптеген мемлекет көп жер серігін ұшырды. Оған қоса бұрынғы ұшырылған спутниктердің де жұмыс істеу уақыты аяқталып келеді. Уақыты аяқталған соң басқа да қоқыстармен соғылып, істен шығып, олар да бір күні қоқысқа айналады. Бұл – негізі дүниежүзін алаңдататын жағдай. Сондықтан Жапония қателеспесем, 2024 жылы Біріккен Ұлттар Ұйымының ғарыш саласындағы төртінші комитетінің аясында жоба жасап, қазір соны ілгерілетумен айналысып жатыр.
Оған барлық мемлекет қатысуға дайын деп айтуға болады. Алайда ең басты мәселе сол дәл қазір ғарыштағы қоқысты жинап, басқа жаққа апарып тастайтындай аппарат жоқ. Ол неліктен үлкен мәселе болып саналады десеңіз, бәріміз де жер серігін жасаймыз, ұшырамыз. Ал сол жер серігінің қауіпсіздігі – біз үшін басты мәселе. Себебі ол жаққа ұшырып жатқан ғылыми жобаларымыздан дұрыс нәтиже көру маңыздылығы зор. Сондықтан ғарыштағы қоқыс мәселесі өте өзекті. Бұл мәселемен біздің компания айналыспайды. Мұнымен айналысатын Алматы қаласындағы бірқатар компания сол ғарыштағы қоқыстарды телескоп арқылы бақылап, тиісті ақпаратты беріп тұрады.
Біріккен Ұлттар Ұйымының ғарыш саласындағы төртінші комитетінде бұл өз алдына бөлек тақырып ретінде қаралады. Сол бойынша жоғарыда айтқанымдай, Жапония бастама көтеріп, тиісті құжаттар жасалып жатыр. Естуімізше, көрші Қытай елі мен Еуропа елдері осы мәселе тұрғысында белсенді жұмыс жүргізіп жатыр. Жақында жаңалықтардан Назарбаев Университеті осы бойынша жаңа технология, ғарыштық жоба жасап жатқанын құлағым шалып қалды. Ғылыми мекемелер мен мемлекеттік органдардың осы тақырыпқа қызығушылық танытып жатқаны өте дұрыс деп санаймын. Себебі түптің түбінде ғарыштағы қоқыс мәселесінің қандай да бір шешімі табылса, бәріміз үшін де жақсы жаңалық болады.

Ғылыми жобалар: саясат па, әлде экономика ма?
– Қазақстанның ғарыш саласындағы қазіргі ғылыми әлеуетін қалай бағалайсыз?
– Елімізде ғарыш саласында жұмыс істейтін 10 шақты мемлекеттік мекеме бар. Олардың бәрінде стратегиялық құжаттар аясында ғылымға көңіл бөлінеді. Ғылыми инновациялық жобаларға инвестициялар жасалып жатады. Біздің компания да сондай мәселелермен айналысады. Бірақ негізгі ғылыми жобамен айналысатын Алматыда үш институт бар. Олардың әрқайсысы өздерінің бағыты бойынша тиісті ақпарат береді. Негізінен олар Ғылым комитеті тарапынан қаржыландырылады. Мысалы, оның ішінде Ай, телескоп жобасы бар, тағы бірі қоқыс мәселесімен айналысуы мүмкін. Бірақ бұл жерде жұмыстар екі-үш бағытта жүргізіледі. Оның бірі – экономикалық ғылыми жобалар, яғни коммерциялық бағытта, кейін қаржылай табыс әкелетін жобалар. Екіншісі – саяси тұрғыдағы ғылыми жобалар. Бұл – Ай, Марс болмаса тағы да басқа орбиталарды зерделеу бағыты бойынша жүргізілетін жобалар. Үшіншісі – ол жеке компанияның немесе стратегиялық құжатына байланысты компанияның жеке қызығушылығы аясындағы жобалар. Мысал келтіретін болсақ, біздегі Аэроғарыш комитеті мен астрофизикалық институт телескоп жасау бойынша және тағы да басқа жұмыстар жөнінде Қытайдың Ай жобасына қатысып жатыр. Бұл – саяси ғылыми жоба.
Ал коммерциялық негіздегі жобалар дегеніміз – жаңа өнімдерді ойлап табу деген сөз. Қазіргі таңда біздің компания өзі жасап жатқан ғарыштық мониторинг қызметі кезінде ғылыми жоба болған. Сол кезде ғылыми жағынан дәлелденіп, солай жасалуы керек болып, кейіннен іске асырылған.
Компанияның өз ішіндегі ғылыми жоба туралы айтар болсақ, спутник жасайтын компаниялар оның кейбір компонентін, тағы басқа заттарды сатып алған кезінде қиындықтарға тап болып, содан тәжірибе жинақтап, кейін шешім қабылдап жатады. Осылайша, кейбір затты өздері жасап шығаруы мүмкін. Бірақ ол үшін тереңірек зерттеу жүргізіліп, ғылыми анықтама жасалуы керек болады.
Спутниктік деректер: суреттен аналитикаға көшу
– Қазақстан спутниктен алынған деректерді экспортқа шығарып жатыр ма? Бұл нарық қаншалықты дамыған?
– 2020 жылға дейін көбінесе тек деректер сатылған. Себебі сол уақытқа дейін нарық түсірілімдерді ғана қабылдаған. Бірақ 2020 жылдан кейін түсірілімдер емес, көбінесе нарықта аналитикаға бетбұрыс күшейді. Мысалы, қазіргі нарықта ғарыштан түсірілген сурет аса қатты қызықты болмауы мүмкін. Одан гөрі суреттен алынған мәліметтер қажеттілігі басым. Сондықтан «Қазақстан Ғарыш сапары» компаниясы ең біріншіден, суреттерді дистрибьюторлар арқылы экспортқа шығарады. Бізде ондай сыртқа сатылымға шығып жатқан жобалар бар. Сонымен қатар біз кейбір нарықты дамыту жұмыстарымен де айналысамыз. Мысалы, Орталық Азиядағы көршілес, бауырлас мемлекеттерде нарықты дамытуымыз керек. Бұл жерде негізінен коммерциялық бағыт көзделмейді. Егер өңірімізде осы сала қатар дамыса, әрі қарай ғылыми жобаларды бірлесіп жасап, жаңа өнімдерді шығаруға мүмкіндік кеңейеді.

Жалпы, біздің деректерге сұраныс бар. Экспортқа шығарылып жатыр, сатылып жатыр. Негізінен дистрибьюторлық жүйе арқылы сатылады. Қазіргі таңда бізде 23 дистрибьюторымыз бар. Олардың әрқайсысы қажет кезінде суреттерімізді сатады. Бірақ орбитадағы бір метрлік бір аппарат, 6,5 метрлік бір аппарат, 17 метрлік тағы бір аппаратымыз үш түрлі болғандықтан, түсіру жиілігі аз. Сондықтан кейбір жобаға біз қатыса алмаймыз. Себебі кейбір жағдайда белгілі бір уақыт ішінде қажетті суреттерді түсіруге аппараттың күші жетпейді.
– Сұраныс негізінен қай елдерден болып жатыр?
– Бүгінгі күнде сұраныс барлық елде бар. Әрине, өздерінің спутниктері бар АҚШ, Қытай елдерін айтпағанда, Орталық Азия, Африка, Еуропа елдерінен сұраныс зор деуге болады. Қазіргі таңда біз дистрибьюторлар арқылы көбінесе суреттен гөрі аналитиканы, мысалы, мониторинг қызметінің нәтижелерін, цифрлық платформаларды сатуға тырысамыз.
Жер дауындағы дәлел құралы
– Ғарыш саласы Қазақстан экономикасына нақты қандай пайда әкеледі?
– 2020 жылдан бері жер мәселесі Үкіметте, Парламентте және басқа да құзырлы органдарда жиі талқыланады. Ондағы талқыланатын мәселе – игерілмей жатқан жерлерді мемлекетке қайтарып, оны игеретін адамдарға беру. Ал игерілмей жатқан жерлердің дерегін біз береміз. Екіншіден, өрт, су тасқыны мәселелері бар. Біз платформа жасап, тиісті мәліметті береміз, шешімді мемлекеттік органдар қабылдайды. Содан кейін ғарыштағы қоқыстан бөлек, жердің үстіндегі қоқыс мәселесі бар. Осы бойынша жылына бір рет мониторинг жасаймыз. Бізден берілген ақпараттар негізінде бұл мәселе жылдың соңында Үкімет деңгейінде талқыланады. Экономикаға қаржы жағынан әсерін нақты айта алмаймын, дегенмен осындай жанама әсері көп. Біздің деректерімізді полиция, прокуратура қолданады. Мемлекеттік тұрғыдан бөлек, кейде жеке тұрғыда да іс-әрекетті дәлелдеу мақсатында адвокаттар, жеке тұлғалар біздің деректерімізді соттарда пайдаланады. Мұнай саласы, шекара сияқты жабық тақырыптар бар, жалпы 49 бағытта мониторинг жасаймыз.
Жерді қашықтықтан зондтау, спутник құрастыру және ЖИ
– Қазақстан ғарыш саласында қай бағыттарға көбірек назар аударуы керек?
– Жерді қашықтықтан зондтау және спутник құрастыру бойынша өз құзыретімнің шегінде айтайын. Ең бастысы саладағы кадр мәселесіне мән беруіміз керек. Өзімізде кадрларды дайындап, тиісті инженерлерді тәрбиелеп, кейін жұмысқа қабылдау керек. Бұл өте маңызды. Себебі аэроғарыш терең сала болғандықтан, бұл салада көп адам жұмыс істей алмайды. Дегенмен физик немесе математиктерді қызығушылығы болса, осы салаға бейімдеуге болады. Кадр мәселесі, бұл – бір. Екіншіден, 2024 жылдан бері спутник жасау бойынша экспорттық шарттарға қол қоя бастадық. Мұны әрі қарай қолдаған дұрыс деп санаймыз. Себебі спутниктік жоғары технологиялық өнімді экспорттау Қазақстан тарихында алғаш рет болып отыр. Басқа салаларда бар шығар. Дегенмен дизайн бәрі өзімізде жасалып, өзіміз құрастырып, сынақтан өткізген өнімге мән беру керек деп ойлаймыз. Одан кейін деректерді қолдану бойынша оларды әрі қарай дамыту керек. Қазіргі таңда ғарыш саласына жасанды интеллект біртіндеп енгізіле бастады. Осыған да мән берген дұрыс.
Дуалды оқыту – болашақ инженерлер жолы
– Кадр тапшылығы бар ма?
– Кадр тапшылығы бар. Оны ашық айту керек. Көбінесе енді университет бітірген тәжірибесі жоқ мамандар жұмыс істейді. Біздің компанияда да ондай жас мамандар көп. Оларға барынша үйретіп, салаға бейімдейміз. Алайда олардың кейбірі тәжірибе жинаған соң шетелдік компанияларға ауысып кетуі мүмкін. Кадр тапшылығы сезіледі. Сондықтан бірқатар университетпен жұмыс жүргізе бастадық. Мысалы, дуалды оқыту деген бар. Бір жыл теорияны оқыса, жарты жыл практикадан өтеді дегендей. Бұл не үшін қажет десеңіз, студенттер әлі де жас өрендер қатарынан болғандықтан, олардың бұл салаға деген қызығушылығын ояту қажет болады. Дуалды оқытудан өткен студенттер диплом алған соң бізге жұмысқа конкурссыз қабылданады. Біз де өз тарапымыздан отандық жоғары оқу орындарын қолдауға тырысып жатырмыз. Басқа да университеттер бізбен серіктестік орнатуға бейіл болып жатса, есігіміз ашық. Жалпы, жастар арасында ғарыш саласына деген қызығушылық жоғары. Дегенмен ғарыш саласы көпшілігіне қолжетімсіз, жабық сала болып көрінеді. Біздің жұмысымыз туралы естіген соң барып кейбірінің беті бері қарай бұрыла бастайды. Бұл салаға қызығушылық мектептен басталуы керек. Сондықтан жыл сайын мектеп оқушыларына ашық есік күнін өткіземіз. Назарбаев зияткерлік мектебімен де тығыз байланыстамыз. Бізде жұмыс істейтін болашақ кадрларды Назарбаев Университеті мен Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті және әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университеті дайындайды. Біз үшін отандық оқу орындарының рөлі өте зор.
Қазақстан спутник экспорттаушы елге айнала ала ма?
– Сіз үшін Қазақстанның ғарыш саласындағы ең үлкен жетістік не?
– Қазіргі таңдағы ең үлкен жетістік деп өзімізде ғарыштық аппаратты құру, сынау орталығын құрып қана қоймай, оны жинай бастағанымызды айтар едім. Оған қоса Қазақстан спутниктерді экспорттау шарттарына қол қойып, осы бойынша жұмыстардың басталуы ең басты жетістіктің бірі деп санаймын. Сонымен қатар цифрландыру саласында ғарыштық мониторингтің нәтижелеріне бұрынғы жылдарға қарағанда соңғы жылдары сұраныс жоғарылады. Қазір мемлекеттік органдар мен жеке тұлғалар қашықтықтан зондтауды цифрландыру саласының бірден-бір ажырамас бөлігі ретінде қабылдай бастады. Неліктен? Мысалы, цифрландыруда ең бастысы ашық көрсету маңызды. Спутниктер нені түсірді, соны мониторингтен көруге болады. Оны ешкім спутникке суреттің, деректің белгілі бір жерін өшіріп тастауға нұсқау бере алмайды. Бұл ашық цифрландыру процесінде маңызды рөл атқарады деп санаймын.

– Алдағы 5-10 жылда елімізде қандай ғарыштық жобалар іске асырылуы мүмкін?
– Алдағы 5 жылда өзіміздің инженерлер, яғни Ghalam еншілес компаниямыздың инженерлері дайындап жатқан спутниктің ұшуы, экспорттық шарттар аясында жер серігін жасап ұшыру сияқты жоспарлар бар. Әрине, басқа да компаниялар жасап жатқан жобалардың жүзеге асуы біз үшін маңызды. Болашақта жасанды интеллектіні жер үстіндегі қызметтерге ғана емес, алгоритмін жасап, алдағы спутниктеріміздің ішіне де қоссақ деген ниеттеміз. Қазіргі таңда спутник жасайтын компанияларды көп деуге де, көп емес деуге де болады. Алдағы 10 жылда «Қазақстан Ғарыш Сапары» және Ghalam спутник жасаудан әлем бойынша танымал компаниялар қатарына қосылсақ деген мақсат-жоспарымыз бар. Соған қадам басып отырмыз.
Жеке сектор – бәсекелес емес, серіктес
– Жеке сектор мен стартаптардың рөлі туралы айтып өтсеңіз. Қазақстанда ғарыш стартаптары бар ма? Оларға қандай қолдау көрсетіледі?
– Көбінесе стартаптар Astana Hub-та тіркелген. Одан бөлек, жеке стартаптар да бар. Біздің орталық бірнеше стартапқа қолдау көрсетті десем, артық айтқандық болмас. Мысалы, бір компаниямен келісімшартқа отырып, өз тарапымыздан суреттерді тегін ұсындық. Ол компания сол бойынша ауылшаруашылығы саласында жасанды интеллект алгоритмін ойлап тапты. Бұл жақсы жетістік деп ойлаймын. Бұдан басқа бізден шыққан кейбір стартап компания суреттерді сатумен айналысады. Кейбірі туризм саласында жұмыс істейді. Олардың деректерін кейде оқу орындарына ұсынып тұрамыз. Жалпы, біз өз тарапымыздан стартап компанияларға мейлінше қолдау көрсетеміз.
1414-тен келген SMS артында не тұр?
– Қарапайым адам ғарыш технологиясының пайдасын күнделікті өмірде қалай сезінеді?
– Жалпы ғарыш технологиясы дегенде біздің салаға жатпаса да бір мысал айта кетейін, сіз күнделікті көбінесе көлікте радио тыңдайсыз делік. Сонымен қатар шеткі аймақтардағы шалғай елдімекендер тұрғындарының 4-5, тіпті 10 шақты арнаға дейін теледидар көруге мүмкіндігі бар. Осының бәрі ғарыштағы спутниктеріміз арқылы мүмкін болып жатыр. Ал енді біздің салаға келер болсақ, қарапайым тұрғындар жаппай қолданады деуге келмейтін шығар. Дегенмен әртүрлі жағдайда, мысалы, көршілер арасындағы жер дауы туындаса, олар біздің тиісті аналитикалық деректерімізді қолдана алады. Біздің деректеріміз ауылшаруашылығы, төтенше жағдай салаларында да қолданылады. Мысалы, 1414-тен сізге жерді тиімсіз қолданып жатқаныңыз туралы SMS келсе, ол да ғарыштық технологиялар арқылы анықталды деген сөз. Алайда бұл жұмыстың бәрін біз жасайтынымызды көпшілік біле бермеуі мүмкін. Себебі біздің деректер бойынша әрі қарай құзырлы органдар өздері тиісті жұмыс жүргізеді.
Илон Маск феномені және шынайы ғарыш
– Ғарыш туралы қоғамда жиі кездесетін қате түсініктер қандай?
– Иә, өкінішке қарай ондай қате түсініктер бар. Қазіргі таңда ғарыш туралы сөз болса, көпшілік бірден Илон Маскты айтады, зымырандарды, Марс планетасын, өзіміздің Байқоңырды сөз етеді. Содан кейін ғарышты шытырман оқиғалы фильмдердегідей елестетеді. Шын мәнінде ғарыш деген ондай емес қой. Сондай қате түсініктер қалыптасқан. Сайып келгенде ғарыштың өзі тармақ-тармаққа бөлінеді. Оның ішінде байланыс жүйесі бар, ғылыми жүйе бар, ғарыш аппаратын құрастыру бар, сервистік моделі бар, жай деректер бар, жалпы алғанда, бұл үлкен сала ғой. Әрине, ол үшін ешкімді кінәлауға болмайды. Өз ауылыма барсам, ауылдастар тарапынан да ғарыш туралы сұрақ көп қойылады. Кімге болса да, сала жайлы егжей-тегжейлі түсіндіруге тырысамын. Қоғамда ғарышқа деген қызығушылық зор.

Ғарыштағы келесі қадам қандай болмақ?
– Бүгінде SpaceX сияқты жеке компаниялардың күшеюі мемлекеттік ғарыш бағдарламаларына бәсеке ме, әлде серіктестік пе?
– Басқа мемлекеттерді емес, өз еліміздегі жағдай туралы айтар болсам, бізде оны негізінен серіктестік деп қабылдау керек. Себебі мемлекеттік компаниялар болсын, жеке компаниялар болсын, олардың әрқайсысының мүддесі бөлек. Мемлекеттік компанияның ең басты мүддесі – елдік мүдде. Оның ішінде ұлттық қауіпсіздік, ауылшаруашылығындағы қауіпсіздік, экологиялық қауіпсіздік кодекстері аясында мемлекет мүддесіне жұмыс істейді. Жеке компаниялардың өз мүддесі бар. Олардан да деректерді тапсырыс арқылы сұраныс жасауға болады. Тіпті жаңа технологиялар жағынан жеке компаниялардың мүмкіндігі көбірек болуы мүмкін. Мысалы, мемлекеттік компаниядағы лимиттелген төлеммен жасалған жұмыстарды олар артығырақ орындауы мүмкін. Сондықтан жеке компанияларды бәсекелес ретінде емес, серіктес ретінде қабылдау керек деп ойлаймын. Қазақстанда жеке компаниялардың жұмыс істеуіне заңнамалық тұрғыда жақсы жағдай қарастырылған.

– Соңғы сұрақ, «Қазақстан Ғарыш Сапары» ұлттық компаниясы нақты немен айналысады? Ғарыш саласы туралы қызығушылығы зор оқырман үшін қысқаша айтып өтсеңіз.
– Ғарыш саласы бойынша елімізде 10 мемлекеттік мекеме бар болса, соның ішінде «Қазақстан Ғарыш Сапары» – жалғыз ұлттық компания. Бұл компания Ұлттық ғарыш орталығында орналасқан. Ал Ұлттық ғарыш орталығы – үлкен экожүйе. Бұл жерде спутниктердің дизайны мен құжатының бәрін жасап, қостыру, сынақтан өткізу жұмыстары бар. Оған қоса сол спутниктер ұшқаннан кейін одан деректерді алу, спутникті басқару, мониторинг жүргізу, талдау, сараптама жасау – бәрі осы жерде жүргізіледі. Сараптама мемлекеттік мекемелерге немесе тапсырыс беруші жеке тұлғаларға беріледі. Бұл жерде цифрлық платформалар бар. Ол да осы жерде жасалады.
Жалпы спутникті қағазға жобалап түсіруден бастап, оны жасап, ұшырып, мәлімет алып, оны мониторингтен өткізіп, сараптап, қолдануға таратудың толық циклі осында атқарылады. Сондықтан расымен де біздің компанияның жұмысын «Ғарыш сапары» деп айтуға толық негіз бар. Өйткені жерде жасалған дүниені ғарышқа ұшырып, одан ғарышта алынған мәліметті қайтадан жерге түсіріп, ол әрі қарай кәдеге жаратылады. Жалпы, мемлекеттік мекемелерге қызмет көрсетеміз. 49 бағытта мониторинг жұмыстары жүргізіледі. Басты бағыттары – ауылшаруашылығы, төтенше жағдай, экономика, экология, пайдалы қазбаларға мониторинг жасау. Су мониторингі, шекара қызметі сияқты басқа да бағыттар бар. Жеке тұлғалардан да көптеген өтініш келіп түседі.
– Сұхбатыңызға рақмет!