Биыл өңдеу өнеркәсібі кәсіпорындарының 75,6 млн теңге көлеміндегі шығыны өтелді

Бүгін, 10:48
Жібек Наурыз Жібек Наурыз
Биыл өңдеу өнеркәсібі кәсіпорындарының 75,6 млн теңге көлеміндегі шығыны өтелді
Фото: Үкіметтің баспасөз қызметі

Мемлекет отандық кәсіпорындарды қолдау жұмыстарын жүйелі түрде жалғастырып келеді. Қолданыстағы мемлекеттік ынталандыру шаралары өндіріс көлемін ұлғайтуға, кәсіпорындардың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға және қазақстандық өнімнің нарықтағы позициясын нығайтуға бағытталған, деп хабарлайды Elordainfo.kz Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне сілтеме жасап. 

Жыл басынан бері мемлекеттік қолдау шаралары аясында өңдеу өнеркәсібі кәсіпорындарының шамамен 75,6 млн теңге көлеміндегі шығындары өтелді. Бұл туралы «QazIndustry» қазақстандық индустрия және экспорт орталығы» АҚ Мемлекеттік ынталандыру шаралары дирекциясы хабарлады.

«Қаражаттың басым бөлігі – 74 млн теңгеден астамы – еңбек өнімділігін арттыруға бағытталған шығындарды өтеуге жұмсалды. Өтемақы Астана, Алматы, Шымкент қалаларының, сондай-ақ Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыстарының машина жасау, жеңіл өнеркәсіп және құрылыс материалдарын өндіру салаларындағы кәсіпорындарына берілді», – деп хабарлады дирекция өкілдері.

Сонымен қатар QazIndustry отандық тауарларды ішкі нарыққа ілгерілетуге байланысты шығындарды өтейді. Олардың қатарына халықаралық сертификаттаудан өту, өндірілетін өнімді сертификаттау және зертханалық сынақтан өткізу, сертификаттарды тіркеу, сәйкестендіру құралдарын енгізуге арналған жабдықтарды, оның ішінде аяқ киім өнімдерін таңбалауға арналған бағдарламалық қамтамасыз етуді сатып алу және өзге де шығындар кіреді. Осы бағыт аясында Павлодар облысындағы кәсіпорынның 1,4 млн теңгеден астам сомаға шығыны өтелді.

Айта кетейік, QazIndustry өнеркәсіпті мемлекеттік ынталандыру шараларын ұсыну бойынша ұлттық оператор ретінде жоғарыда аталған шығындардың 40%-дан 50%-ға дейінгі бөлігін өтейді. 2025 жылдың қорытындысы бойынша мақұлданған өтінімдердің жалпы сомасы 1,4 млрд теңгеден асты. Нәтижесінде 60 кәсіпорынға мемлекеттік қолдау көрсетілді.

Өткен жылы Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі өңдеу секторын қолдауды күшейту мақсатында өнеркәсіпті мемлекеттік ынталандыру құралдарын жаңартты.

Атап айтқанда, енді отандық кәсіпорындар басым тауарларды ел ішінде теміржол көлігімен тасымалдауға жұмсаған шығындарының 50 %-ын өтей алады. Өтемақының ең жоғары мөлшері 10 мың АЕК немесе 43,25 млн теңгені құрайды. Бұдан бөлек, халықаралық сертификаттауға жұмсалатын шығындарды өтеу көлемі бес есеге – 3000 АЕК-тен 15 000 АЕК-ке дейін ұлғайтылды. Мұндай сертификаттау қазақстандық тауар өндірушілердің трансұлттық компаниялардың сатып алуларына қатысуға мүмкіндік береді.

Мемлекеттік ынталандыру шаралары туралы толық ақпарат https://qazindustry.gov.kz/ сайтындағы «Бизнесті ынталандыру» бөлімінде орналастырылған. Сонымен қатар әр сейсенбі және бейсенбі күндері QazIndustry кеңсесінде (Астана қаласы, Қабанбай батыр даңғылы, 17, Е блогы) Ашық есік күндері өткізіледі. Кеңес алу үшін +7 (7172) 79 33 99 (ішкі 444) байланыс телефоны арқылы хабарласуға болады.