Маскүнемдікпен күресте қоғам болып алдын алу жұмысын жүргізудің маңызы зор - психиатр-нарколог

Маскүнемдікпен күресте қоғам болып алдын алу жұмысын жүргізудің маңызы зор - психиатр-нарколог
Фото: Тоқтар Қойшыбековтің жеке архивінен

Елімізде салауатты қоғам қалыптастыруға басымдық беріліп отырғаны белгілі. Оның ішінде алкогольге тәуелділікпен күресу және оның алдын алу бағытында көптеген жұмыстар жүргізіліп жатыр. Бұл бағытта Elordainfo.kz тілшісі Қалалық психикалық денсаулық орталығының психиатр-наркологі, Астана медициналық университетінің психиатрия және наркология кафедрасының ассистенті Тоқтар Қойшыбековпен сұхбаттасып, алкогольге тәуелділік және оның себеп-салдары туралы әңгімелесті.

- Тоқтар Төлеуханұлы, алдымен орталықтың құрылымы мен жұмысына тоқталсаңыз...

- Астана қаласы әкімдігінің Қалалық психикалық денсаулық орталығы құрамында екі бөлім бар: психиатриялық және наркологиялық. Осының ішінде наркологиялық бөлімде алкогольге тәуелді адамдарға көмек көрсетіледі.

Мұнда екі түрлі ем қолданылады. Біріншісі, өз еркімен емдеу, екіншісі мәжбүрлеп емдеу. Өз еркімен келген адамға анонимді ем жасалады. Ем дерттің дәрежесіне қарай амбулаториялық немесе стационарлық түрде өтеді. Стационарлық ем есепте тұрған адамдарға ең кемі 45 күн ішінде көрсетіледі. Медикаментозды, психотерапиялық және физиотерапиялық емдік құралдар пайдаланылады. Ал мәжбүрлеп емдеу түрі сот шешімі арқылы 6 айдан 2 жылға дейінгі мерзім аралығында жүзеге асырылады.

Өз бетімен келген, тұрғылықты жері елордада тіркелген адамдарға ем МӘМС арқылы тегін. Ал егер науқастың ұзақ уақыт стационарға жатуға уақыты, мүмкіндігі болмаса, орталықта қысқа мерзімді ақылы ем де бар.

Орталықта психиатр-наркологтар, психатерапевттер, психологтар еңбек етеді. Бұл Астана медициналық университетінің клиникалық базасы болғандықтан, бірнеше профессор, он шақты медицина ғылымдарының кандидаты бар. Кадр тапшылығы жоқ, барлығы кәсіби мамандар. Сондай-ақ резиденттер, интерндер мен студенттер арамызда клиникалық практикадан өтіп жүр.

2016 жылы пайдалануға берілген жаңа ғимарат барлық жағынан жайлы, қажетті медициналық құрал-жабдықтармен жабдықталған.

- Орталықта алкогольге тәуелділік бойынша тіркелгендер саны қанша? Жалпы, қазір қай буын ішімдікке көбірек құмар?

- Қала бойынша диспансерлік есепте 9 мыңдай әр түрлі тәуелділіктен зардап шеккен адам тіркеулі. Оның ішінде 7 мыңдайы алкогольге тәуелді, 1 мың шамасында есірткіге тәуелді пациент бар. 

Соңғы жылда республика бойынша есепке тіркелген адамдардың саны төмендеді. Бұл елімізде қарқынды жүргізіліп жатқан шектеу, алдын алу шараларының нәтижесі деп санаймын. Әрине, адамдардың әлеуметтік жағдайы жақсарып, сана-сезімі артып, өз денсаулығына дұрыс қарай бастауы да оң әсер берді.

Өйткені ішімдік - атамыздан қалған ас емес. Жалпы, алкогольге тәуелділік Кеңес Одағы кезінде 1953-1960 жылдары басталды. Сол кезеңде алкогольге тәуелді адамдардың саны күрт жоғарылады. Бұл жағдай 2000 жылдарға дейін сақталды. Мысалы, 1991 жылы еліміз бойынша  100 мыңдай адам есепте тұрса, 2000 жылға дейін бұл көрсеткіш екі есе өсті. Ал соңғы 20-25 жылда ішімдікке құмарлық едәуір төмендеді.  

Өкінішке орай, қазіргі науқастардың әлеуметтік келбеті жасарған. 1987 жылы науқастардың жасы 50-ге тақаған немесе орта жастан асқан адамдар болып еді, қазір ішкілікке салынып жүргендердің басым бөлігі - 25-30 жастағылар. Әрі бұрынғы кезде қыз-келіншектердің ішімдікке үйір болуы сирек еді, 10 адамға 1-уден келетін, қазір 4 адамға 1-уден келіп тұр. Ішкілікке салынған 20-25 жастағы қыз-келіншектер қандай ұрпақ дүниеге әкеледі?! Ал оның қауіпті салдары қаншама..? Сол тәрізді араққұмар ер адамнан да дімкәс ұрпақ дүниеге келуі мүмкін немесе мүлдем ұрпақсыз қалуы мүмкін. Ал ата-анасы салынып ішіп жүрсе, балалары да алкогольге бейім болатыны бесенеден белгілі.

- Ішімдікке тәуелділікті дерт дедіңіз, ал ішімдікке құмар адам мен осы дертке шалдыққандардың айырмашылығы бар ма?

 - Денсаулық сақтау ұйымы термині бойынша, денсаулық - аурудың жоқтығы ғана емес, толық әлеуметтік, дене, психикалық жайлылық жағдайы. Ал алкогольге тәуелділік денсаулықтың толық үш шартын да бұзады.

Әлеуметтік жағын алып қарасақ, қанша отбасы ажырасып, қанша қылмыс жасалып жатыр? Қаншама дарынды адамдар, атақты адамдар араққа салынып, әбден төмендеп, жұмыссыз, панасыз қалып жатыр? Дертке шалдыққандар достарынан айырылады, оның орнына «стақандастары» пайда болады. Отағасы салынып ішсе, үйдің тыныштығы бұзылады, жанжал көбейеді. Маскүнем жұмысынан айырылуы мүмкін, ақшасын араққа жұмсағандықтан, отбасының әлеуметтік-материалдық жағдайы да қиындайды.

Дене жағынан келетін болсақ, алкоголь миға ғана әсер етпейді, бүкіл ағзаға әсер етеді. Бірінші, екінші сатысында барлық соматикалық аурулар қайтымды, ал үшінші сатысында қайтымсыз болады.

Мысалы, бауырды алайық. Бастапқыда ішімдікті шамадан тыс қолдана бастаған кезде бауырға ауыр соққы болып, гепатоз басталады. Адамның тәбеті бұзылады, майлы тағам жей алмайды. Гепатозда бастапқыда белгі білінбейді. Келесіде адам жүрегі айнып құсады, келе-келе цирроз болады. Одан кейін бауыр қабілеті толық төмендеп, бауырдың тіні жоқ болып кетеді деп айтсақ та болады.  

Миды алайық, бастапқыда бас ауыру, тепе-теңдіктің бұзылуы, есте сақтау төмендейді. Одан кейін атрофия процестері басталады: ақыл-ой кемдігі басталады, психоз басталады.

Ішімдіктің жүрекке әсерін айтсақ, бастапқыда қан қысымы жоғарылайды, әрі қарай жүрек ауруы басталады, соңында инфаркт, инсульт, кардиосклероз дертіне әкеледі.

Ішімдікке тәуелді адамның эмоциясы тұрақсыз, шыдамсыз, агрессияға бейім болады. Бір мезетте көңіл күйі түсіп, құлазиды, әрі қарай бұл суицидке әкелуі де мүмкін. Түйіп айтқанда, күйзеліп, психикалық жағынан толық тоқырауға түседі.

Сондықтан алкогольдік тәуелділік медицина бойынша ауру, созылмалы дертке жатады.

Ал шамадан тыс ішімдік ішетіндер мен алкогольге тәуелділер арасындағы айырмашылық неде? Екеуінің айырмашылығы психикалық тәуелділікте. Алғашқысы, өзінің орнын, шамасын біледі.  Ал алкогольге тәуелді адамдар мөлшерлік бақылауды жоғалтқан. Оларда  құмарлық пайда болады. Мысалы, тойда бір бастап ішсе, әрі қарай тоқтаусыз ішуі мүмкін.  Өйткені ертесі күні көңіл күйі дел-сал болып, басы ауырып, жүрегі айнып, қол-аяғы дірілдейді. Содан соң бас жазады. Келесі күні де сол жағдай қайталанады. Бұл күндерге емес, айларға созылып кете береді.

Ал алғашқылары да мөлшерлік бақылауды ұмытса, уақыт өте келе дәл осындай жағдайға тап келеді. Бастапқыда дертке шалдыққанын адам өзі де байқамай қалады. Сұрасаң, біреуі де мойындамайды. «Жай ғана әдет қой, керек болса, кез келген уақытта тастап кетемін» дейді. Мысалы, масүнемдер соңғы сатысында «Мен ішкіш емеспін, сыра мен шарапты ғана ішемін, тек бір-екі ұрттаймын» дейді. Сөйтіп, тәулік бойы ішеді. Себебі олар алкогольдік тәуелділіктің үшінші сатысында. Бұл кезде адам ішімдіктің жеңіл түрін қолданады, себебі ағзасы бұрынғы ішіп жүрген ауыр «дозаларды» көтере алмай, өліп қалуы мүмкін. Салынып ішкендер жансақтау бөлімінен бір-ақ шығады.

- Алкогольге бейім адамдарды ерте бастан танып-білуге бола ма?

- Әртүрлі ұжымдарда алкоголь туралы әңгімені міндетті түрде солар бастайды. «Бүгін пәленшенің туған күні, кеттік ішейік» дейді, тойда да бокалға ерні тигенше асығып жүреді. Соның алдындағы ыдысы бірінші  босайды. Ішімдікке құмар адамның алкоголь туралы әңгіме басталғанда көңіл күйі көтеріледі.

«Мен ешқашан ішкілікке салынбаймын деген адамның өзі алкогольге қалай тәуелді болып қалғанын білмей қалады. Мөлшер көбейді ме, жиіледі ме, ол өзіне «тоқта» деп айта алуы керек.

Себебі алкогольге тәуелділік тамаққа, суға тәуелділікке ұқсас.  Мысалы, түскі асқа жақын адамның қарны ашып, «ас ішіп, тойып алсам» деген ой мазалай береді. Бірақ бұл - табиғи тәуелділік. Ал ішімдікке тәуелділік химиялық, жасанды, бұрын болмаған әдеттің қалыптасуы. Мөлшерсіз қайталана берсе, адам ішімдіксіз тұра алмайды.

Сондай-ақ, ішімдікке бейім болатын адамды отбасынан байқауға болады. Ата-анасы ішетін бала да, көбіне, алкогольге жақын болады.  

Ал «арақты қойған адам 10-15 жылдан кейін қайтадан сау адамша шамасын біліп іше ала ма?» деген сұрақ қойылса, үзілді-кесілді «жоқ» деп жауап берер едім. Тәуелділікке ұрынып, соңғы сатысына жеткен адам ұзақ уақыттан соң да бір ұрттаса болды, қайтадан ішкілікке бас қойып кетеді.

- Ал қандай кезде алкогольге тәуелділіктен толық айығуға болады?

- Бастапқы бірінші және екінші сатысында қайтымды. Ал әрі қарай іше берсе, ол міндетті түрде тәуелділікке қайта келеді.

Үшінші сатысында қайтымсыз. Өйткені цирроз ешқайда кетпейді, ақыл-есі кемдік те сол күйі қалып кетеді.

Қандай тәуелділікті алсақ та, алғашқы сатысында емнің шипасы болады. Сондай ішімдікке салынған адамдарды туыстары орталыққа әкеліп, «Атақты адам, лауазымды қызмет атқарды» деп мақтайды. Бірақ ол қазір мүлдем басқа адам екенін түсіну керек. Дағдарысқа ұшыраған, денсаулығы жоқ, отбасы жоқ, жұмысы жоқ. Мұндай кезде дәрігер денсаулықты толық қайтара алмайды, асқынуын ғана жояды. Егер қайта ішімдік қолданса, дерт қайта өршиді. Тәуелділікті емдеуді ерте бастау керек және ондай адамды әрі қарай ішкілікке итермелемейтін адамдардан сақ болу керек. Сондай-ақ, адамды отбасында қолдап, жігер беріп отырса, ем жақсы қабылданады. Ал жақындары түсінбесе, тәуелділікке ұрынған адам қайта күйреп кетеді. Сондықтан әр адамның психологы, психотерапевті болуы керек. Ақылдасатын, кеңесетін, жанашыр адамы болуы маңызды.  

Статистика бойынша, орталықта дертке шалдыққандардың 30 пайызы сауығып, есептен шығарылады.

- Ішімдікті шамадан тыс қолданатын адам неше жылдан соң алкогольдік тәуелділікке шалдығуы мүмкін?

- Мысалы, адам 18-20 жастан бастап сыра, шарап сияқты әлсіз алкогольді қолдана бастаса, ол 20-30 жылдан кейін дертке шалдығуы мүмкін. Арақ, коньяк сияқты күшейтілген ішімдікті іше бастаса, 10-15 жыл ішінде,  спирт, самогон , басқа да ішуге болмайтын, өте улы тұнбалар мен еріткіш сұйықтарды қабылдаса, салдары 1-2 жылдан кейін-ақ білініп, адам салынып ішіп кетеді.

Қазір біз үшін ең қауіптісі, мектептің төменгі сыныптарында оқитын оқушылардың энергетикалық сусын қолдануы. Жасөспірімдер осы бетімен кете берсе сыра , алкогольді коктейльдер ішуі мүмкін. Сыралық алкоголизм де - өте қауіпті алкогольге тәуелділіктің түрі. Бір кеште 25-30 жастағы жастар 5 литр, 8 литр сыра ішіп жатады, бұл ағзаға қандай соққы десеңізші?!  Адам судың өзін тамақпен қолданғанда 2 литрге дейін ғана ішеді емес пе?

Ал статистика бойынша, алкогольді жылына бір адамға 6 литр алкогольдан жоғары қолданса, сол халықтың болашағы жоқ деп жатады. Сондықтан бұл істе қоғам болып алдын алу жұмысын жүргізудің маңыздылығы жоғары.

- Қорытындылай келе, алкогольге тәуелділіктің алдын алу үшін не істеу керек деп санайсыз?

- Бүгінде наркологиялық орталықтарда үйлестіру кеңесі алдын алу жұмыстарын жүйелі түрде жүргізіп келеді. Мектептерде, оқу орындарында кездесулер, дәрістер мен түсіндіру шаралары ұйымдастырылады. Келер айда түрлі ауқымды республикалық, халықаралық акциялар өткізіледі.

Осындай ортақ іске қоғам қайраткерлері, спортшылар мен танымал тұлғалар да жиі атсалысып, салауатты өмір салтын насихаттаса, мақсатымызға жеделдетіп жетеріміз анық.

Бастысы, әр ата-ана балаларын ерте жастан денсаулыққа мән беруге бейімдеу керек.

Денсаулық — адамға бір рет қана берілетін ең үлкен байлық. Сондықтан әр адам өз денсаулығына жауапкершілікпен қарап, дұрыс өмір салтын ұстануы қажет. Осындай алдын алу шараларын күшейту арқылы ғана дені сау, саналы әрі болашағы жарқын ұрпақ тәрбиелей аламыз.

- Сұхбатыңызға рахмет!