12 мыңнан астам бейнекамера: елордадағы білім беру ұйымдарының қауіпсіздігі күшейтілді

Бүгін, 12:02
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
12 мыңнан астам бейнекамера: елордадағы білім беру ұйымдарының қауіпсіздігі күшейтілді
Фото: Астана қаласы Полиция департаменті

Астанада балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және білім беру ұйымдарындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында бейнебақылау жүйесін жетілдіру жұмыстары жүргізілуде, деп хабарлайды Elordainfo.kz қалалық Полиция департаментіне сілтеме жасап.

Елордалық Полиция департаменті Білім басқармасымен бірлесіп, білім беру ұйымдарындағы бейнебақылау камераларын Полиция департаментінің Жедел басқару орталығына шығару жобасын жүзеге асыруда.

«Қазіргі таңда қаладағы 224 білім беру ұйымынан бейнебақылау камералары мен дабыл түймелері Жедел басқару орталығына қосылған. Олардың қатарында балабақшалар, мектептер, колледждер және жоғары оқу орындары бар. Жалпы жүйеге 12 мыңнан астам бейнекамера шығарылған.

Бұл жүйе білім беру ұйымдарындағы жағдайды тұрақты бақылауға, ықтимал құқық бұзушылықтарды дер кезінде анықтауға және оқиға болған жағдайда полиция қызметкерлерінің жедел әрекет етуіне мүмкіндік береді», - делінген хабарламада.

Сонымен қатар білім беру ұйымдарында орнатылған дабыл түймелері төтенше жағдай туындаған кезде полицияға шұғыл хабар беруге мүмкіндік береді.

Жыл басынан бері бейнебақылау камераларының көмегімен білім беру ұйымдарында 100-ден астам құқықбұзушылық анықталды. Анықталған негізгі фактілердің қатарында төбелес, темекі шегу және алкогольдік ішімдіктерді тұтыну бар.

Еске сала кетейік, Астанада полиция балалардың қауіпсіздігіне қатысты рейд жүргізіп жатыр.