Әскери ЖОО-ларда қос дипломды білім беру мүмкіндігі кеңейеді
Қазақстанның әскери арнаулы жоғары оқу орындарында академиялық ұтқырлықты дамыту және қос дипломды білім беру бағдарламаларын іске асыру мүмкіндіктері кеңейеді, деп хабарлайды Elordainfo.kz Ғылым және жоғары білім министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Бұл мәселе ҚР Бас прокуратурасының жанындағы Құқық қорғау органдары академиясында өткен Әскери арнаулы оқу орындары қауымдастығының отырысында талқыланды. Жиынға Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, Құқық қорғау органдары академиясының ректоры Нұрғалым Әбдіров және әскери арнаулы жоғары оқу орындарының басшылары қатысты.

Отырыста әскери арнаулы жоғары оқу орындарының академиялық дербестігін дамыту, кадр даярлау сапасын арттыру, академиялық ұтқырлықты кеңейту және білім беру мен ғылыми ынтымақтастықты күшейту мәселелері қаралды.
Білім алушылардың заманауи білім беру траекторияларын қалыптастыруға, соның ішінде қос дипломды бағдарламаларды іске асыруға ерекше назар аударылды. Бұл тәсіл бірнеше бағыт бойынша құзырет қалыптастырып, құқық қорғау органдары мен өзге де мемлекеттік құрылымдарға қажетті мамандардың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар Құқық қорғау органдары академиясының қазақстандық және шетелдік ұйымдармен, оның ішінде Еуропалық жария құқық ұйымымен (EPLO) халықаралық білім беру және ғылыми ынтымақтастығын кеңейту перспективалары талқыланды.

Тараптар бірлескен және қос дипломды білім беру бағдарламаларын іске асыру, құқық қорғау органдарына кадр даярлау, профессор-оқытушылар мен зерттеушілерді тарту, сондай-ақ академиялық ұтқырлықты дамыту мүмкіндіктерін қарастырды.
Бұдан бөлек, Академия базасында шетелдік университет филиалын ашу және зерттеу бағыттарын дамыту мәселесі көтерілді. Бұл білім алушылардың халықаралық білім беру стандарттары мен заманауи зерттеу тәжірибелеріне қолжетімділігін кеңейтуге мүмкіндік береді.
«Бүгінде жоғары білім беру жүйесінің алдында мамандар даярлаумен ғана шектелмей, оларға заманауи мемлекеттік қызмет талаптарына сәйкес келетін икемді білім беру траекторияларын қалыптастыру міндеті тұр. Арнаулы жоғары оқу орындарының қазақстандық және шетелдік университеттермен өзара іс-қимылы, қос дипломды бағдарламалар мен академиялық ұтқырлықты дамыту кадр даярлаудың жаңа сапасын қалыптастыруға мүмкіндік береді», – деді Саясат Нұрбек.
Әскери арнаулы оқу орындары мен университеттер арасындағы ынтымақтастық құқық қорғау жүйесінің қажеттіліктерін, ғылыми-технологиялық даму міндеттерін және қазақстандық білім берудің халықаралық интеграциясын ескере отырып жалғаса бермек.
Бұған дейін «Сарбаз» гранты әскери қызметін өтеген 1 745 азаматқа берілгенін жазған болатынбыз.