Бір басумен сақтандыру, жаңа тарифтер және брокерлердің жаңа рөлі: Қазақстанда не өзгереді

Бір басумен сақтандыру, жаңа тарифтер және брокерлердің жаңа рөлі: Қазақстанда не өзгереді
Фото: pexels.com

Қазақстанда сақтандыру жүйесін жаңғырту жоспарланып отыр. Полис рәсімдеу мен сақтандыру төлемін алу толық цифрлық форматқа көшіріліп, делдалдардың міндеттері қайта бөлінеді. Ал еңбек жарақатынан міндетті сақтандыруда тарифтер кәсіптік тәуекелге қарай есептелмек. Бұл туралы Elordainfo.kz Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне сілтеме жасап хабарлайды.

Бұл бастамалар Қазақстан Республикасының сақтандыру нарығын дамытудың 2030 жылға дейінгі бағдарламасы жобасына енгізілген. Құжатты Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі нарық қатысушыларымен және сарапшылармен бірлесіп әзірлеген.

Сақтандыруды бір басумен рәсімдеуге болады

Қазақстанда сақтандырудың міндетті түрлері бойынша қызмет көрсетудің толық циклі цифрландырылған. Бірыңғай сақтандыру дерекқоры құрылып, ол сақтандыру статистикасының орталықтандырылған көзіне айналды.

2024 жылдан бері «Еурохаттама» сервисі де жұмыс істейді. Оның көмегімен жеңіл жол-көлік оқиғалары кезінде полиция шақырмай және сотқа жүгінбей сақтандыру төлемін алуға болады.

Келесі кезеңде сақтандырудың бүкіл процесін бір цифрлық жолға біріктіру көзделіп отыр. Яғни азамат полисті онлайн сатып алып, сақтандыру жағдайы туралы қашықтан хабарлап, қажетті құжаттарды электронды түрде тапсырып, төлемді де онлайн ала алады.

Электрондық шарттар сақтандырудың жаппай түрлері үшін негізгі форматқа айналмақ. Бірыңғай сақтандыру дерекқоры да жай ақпарат сақтау жүйесі емес, нарық қатысушылары арасында қауіпсіз дерек алмасуға мүмкіндік беретін инфрақұрылым ретінде дамытылмақ.

Бұл жүйе арқылы күмәнді сақтандыру жағдайлары мен әдеттен тыс әрекеттерді автоматты түрде анықтау құралдарын енгізу жоспарланған.

Болашақта азамат өз келісімімен сақтандыру компаниялары, банктер, брокерлер мен цифрлық платформалар қызметін бір экожүйе аясында пайдалана алады. Сақтандыру маркетплейстері арқылы әртүрлі компаниялардың ұсыныстары мен бағаларын салыстырып, өзіне қолайлы нұсқаны таңдау мүмкіндігі пайда болады.

Агент пен брокердің міндеті ажыратылады

Сақтандыру делдалдарының жұмысына да жаңа талаптар енгізіледі.

Брокердің рөлі күшейтіледі. Ол клиентке әртүрлі сақтандырушының ұсыныстарын салыстырып, тиімді өнімді таңдауға көмектесіп қана қоймай, сақтандыру жағдайы орын алған кезде де клиентті сүйемелдейді. Бұл құжаттарды дайындаудан бастап сақтандыру төлемін алу процесіне дейінгі қолдауды қамтиды.

Ал сақтандыру агенттерінің қызмет аясы кеңейеді. Олар тек ерікті емес, сақтандырудың міндетті түрлерін де халыққа ұсына алады. Сонымен қатар агенттерге бірнеше сақтандыру компаниясының мүддесін қатар білдіруге мүмкіндік беру ұсынылады.

Бұл ретте ықтимал мүдделер қақтығысын болдырмау үшін агенттердің заңды тұлғалар-клиенттерді тартуына шектеу қойылады.

ЖКО-дан зардап шеккендерге міндетті автосақтандыру бойынша төлем алуға көмектесетін, бірақ қазір толық реттелмеген делдалдар да бақылау аясына енгізіледі. Олар арнайы тізілімге енгізіліп, алатын сыйақысы туралы ақпаратты ашуға міндеттеледі.

Нәтижесінде агенттің негізгі қызметі – сақтандыру өнімін халыққа ұсыну, ал брокердің міндеті – клиентке сақтандыру шешімін таңдауға және қажет болса, сақтандыру жағдайын реттеуге кәсіби түрде көмектесу болады.

Еңбек жарақатының тәуекелі жоғары болса, сақтандыру қымбаттайды

Еңбек міндетін орындау кезінде қызметкерлерді жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру жүйесінде де өзгеріс жоспарланған.

Жаңа модельде тариф кәсіптік тәуекелге қарай белгіленеді. Яғни сақтандыру құны жұмыс берушінің нақты көрсеткіштеріне көбірек тәуелді болады.

Есептеу кезінде өндірістегі жазатайым оқиғалардың жиілігі мен ауырлығы, бұрынғы сақтандыру төлемдері, еңбек жағдайлары және жарақаттануды азайту бойынша қабылданған шаралар ескеріледі.

Осылайша еңбек қауіпсіздігі мен сақтандыру құны арасында тікелей байланыс орнайды. Өндірістік тәуекелді төмендеткен жұмыс берушілер жеңілдік ала алады. Ал жарақаттану деңгейі жоғары кәсіпорындар үшін сақтандыру құны өсуі мүмкін.

Тарифтерді есептеу тәуелсіз актуарлық бағалауға негізделеді. Сақтандыру ұйымдары тарифті белгіленген шектерде өздері анықтайды, ал жалпы әдіснама мен тарифтік дәліздерді реттеуші белгілейді.

Жүйеде өндірістік жарақаттарға байланысты тікелей төлемдер мен зиянды еңбек жағдайларында жұмыс істейтіндерді ұзақ мерзімді әлеуметтік қорғау тетіктерін бөлу мәселесі де қарастырылып жатыр.

Бұл ретте жаңа модельге көшу кезінде қызметкерлердің бұрыннан қалыптасқан құқықтары сақталады. Қолданыстағы шарттар мен міндеттемелер толық орындалады.

Нәтижесі қандай болады?

Жоспарланған өзгерістердің мақсаты – сақтандыруды азаматтар үшін түсінікті, қолжетімді әрі ашық ету.

Бір жағынан, полисті сатып алу мен төлем алу үшін кеңсеге бару және қағаз құжат жинау азаяды. Екінші жағынан, азаматтар сақтандыру компанияларының ұсыныстарын салыстырып, кәсіби делдалдың көмегіне жүгіне алады.

Ал еңбек жарақатынан міндетті сақтандыруда жұмыс берушінің еңбек қауіпсіздігіне деген жауапкершілігін күшейту көзделеді.

Жүйедегі өзгерістердің өзектілігін соңғы статистика да көрсетеді. 2025 жылы жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру аясында 45,2 млрд теңге төленген. Оның 7,2 млрд теңгесі зейнетақы алдындағы аннуитеттер бойынша берілген. Жалпы төлем көлемі 2023 жылмен салыстырғанда үш еседен астам өскен.

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің мәліметінше, орын алған сақтандыру жағдайлары бойынша күтілетін төлемдер көлемі 285,7 млрд теңгені құрайды. Оның ішінде зейнетақы алдындағы аннуитеттерге 34,6 млрд теңге тиесілі.

Осылайша Қазақстандағы сақтандыру нарығы бір уақытта үш бағытта жаңармақ: қызметтер цифрланады, делдалдардың жауапкершілігі нақтыланады және сақтандыру құны нақты тәуекелге жақындай түседі.

Бұған дейін Kaspi.kz-те жүктілік пен босану бойынша төлемдерді онлайн рәсімдеу іске қосылғанын жазған болатынбыз.