Ипотекалық несие алған азамат қайтыс болған жағдайда оның банк алдындағы қарызы автоматты түрде жойылмайды. Қарыз бойынша міндеттемелер мұраны қабылдаған мұрагерлерге өтеді, деп хабарлайды Elordainfo.kz Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Агенттіктің түсіндіруінше, Азаматтық кодекске сәйкес мұраға қайтыс болған адамның мүлкі ғана емес, оның мүліктік құқықтары мен міндеттемелері де кіреді. Сондықтан ипотекаға алынған баспана мұрагерлерге өткен жағдайда несие бойынша міндеттемелер де сақталады.
Алайда мұрагерлер марқұмның барлық қарызын өз қаражаты есебінен өтеуге міндетті емес. Олардың әрқайсысының жауапкершілігі мұраға алған мүліктің құнымен шектеледі.
Банк қарызды бірден өтеуді талап ете ала ма?
Қарыз алушының қайтыс болуы банкке ипотеканы мерзімінен бұрын толық өтеуді талап етуге автоматты түрде құқық бермейді.
Мұндай талап тек заңнамада және несие шартында көзделген жағдайларда қойылуы мүмкін.
Сонымен қатар ипотекаға қойылған баспана қарыз толық өтелгенге дейін кепілде қала береді. Қарыз бойынша міндеттемелер орындалмаған жағдайда кепілдегі мүлікке өндіріп алу мәселесі заңнама мен шарт талаптарына сәйкес шешіледі.
Мұрагерлерге қанша уақыт беріледі?
Мұраны қабылдаудың жалпы мерзімі – алты ай.
Осы кезеңде банк мұрагерлердің кім екенін анықтау және мұрагерлік құқықтарды рәсімдеу үшін сыйақы, айыппұл, өсімпұл және төлем мерзімін өткізіп алуға байланысты өзге де төлемдерді есептеуді уақытша тоқтату мәселесін қарауға тиіс.
Мұра қабылданғаннан кейін ипотекалық төлемдер несие шарты мен белгіленген кестеге сәйкес жүргізіледі.
Мұрагерлер болмаса не болады?
Егер мұрагерлер болмаса немесе олардың барлығы мұрадан бас тартса, мүлік заңнамада белгіленген тәртіппен коммуналдық меншікке өтуі мүмкін.
Алайда бұл жағдай да банк алдындағы міндеттемелерді автоматты түрде тоқтатпайды. Кредитор заңда белгіленген тәртіппен өз талабын қою құқығын сақтайды.
Агенттік ипотекалық қарыз бойынша қоса қарыз алушылардың міндеттемелері де шартта көрсетілген көлемде сақталатынын түсіндірді.
Осылайша, ипотека алған адамның қайтыс болуы несиенің автоматты түрде кешірілетінін білдірмейді. Қарызды өтеу тәртібі мұраның қабылдануына, несие шартына және нақты жағдайға байланысты айқындалады.
Бұған дейін «Стоп-кредит» қосулы болса да, қандай жағдайда несие берілетіні туралы жазған едік.