«Стоп-кредит» қосулы болса да, қандай жағдайда несие беріледі

«Стоп-кредит» қосулы болса да, қандай жағдайда несие беріледі
Фото: ЖИ көмегімен өңделді

Қазақстанда «Стоп-кредит» қызметін қосқан азаматтарға да белгілі бір жағдайда банктік қарыз немесе микрокредит берілуі мүмкін. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі бұл қызметтің қандай несиелерге қолданылмайтынын түсіндірді, деп хабарлайды Elordainfo.kz ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Стоп-кредит» – азаматтарға өз атына банктік қарыздар мен микрокредиттер рәсімдеуге ерікті түрде тыйым салуға мүмкіндік беретін қызмет. Әдетте бұл шектеу қосулы болса, банк немесе микроқаржы ұйымы азаматқа қарыз беруден бас тартуға міндетті.

Алайда заңнамада бірқатар ерекшелік қарастырылған.

«Стоп-кредит» қандай жағдайда банктік қарыз алуға кедергі болмайды?

Агенттіктің түсіндіруінше, шектеу мынадай жағдайларда қолданылмайды:

– Тауарды кредитке сатып алғанда. Егер қарыз қаражаты тікелей сатушының шотына аударылып, тауардың немесе қызметтің алынғанын қарыз алушы растаса;

– Бұрынғы қарызды қайта қаржыландырғанда. Егер жаңа несие сол банктегі қолданыстағы қарызды өтеуге берілсе;

– Кредиттік лимитті пайдаланғанда. Егер төлем картасы бойынша белгіленген лимит 150 АЕК-тен, яғни 648 750 теңгеден аспаса және қаражат тауарлар мен қызметтерге төлем жасауға жұмсалса;

– Міндетті төлемдерді өтеу үшін. Егер қарыз қаражаты тікелей салықтарды, айыппұлдарды немесе атқарушылық іс жүргізу бойынша берешекті төлеуге бағытталса.

Ал микрокредиттерге қатысты қандай ерекшеліктер бар?

«Стоп-кредит» қосулы кезде де микроқаржы ұйымдары белгілі бір мақсаттарға микрокредит бере алады. Атап айтқанда, тауарлар мен қызметтердің ақысын тікелей сатушыға төлеуге, сол микроқаржы ұйымындағы бұрынғы берешекті қайта қаржыландыруға, сондай-ақ салықтарды, айыппұлдарды және атқарушылық іс жүргізу бойынша берешекті өтеуге рұқсат етіледі.

Бұдан бөлек, ломбардтар беретін микрокредиттерге «Стоп-кредит» шектеуі қолданылмайды.

Тыйымға қарамастан несие рәсімделсе, не болады?

Егер банк немесе микроқаржы ұйымы заңда көзделген ерекшеліктерден тыс жағдайда «Стоп-кредит» тыйымын бұзып, азаматтың атына қарыз рәсімдесе, қаржы ұйымы заңда белгіленген шараларды қабылдауға міндетті.

Олардың қатарында несие бойынша берешекті есептен шығару, кредиттік тарихты түзету және қарыз алушыдан өндіріп алынған қаражатты қайтару бар.

Агенттік «Стоп-кредит» қызметінің болуы банктер мен микроқаржы ұйымдарын несие беру кезінде сақталуға тиіс өзге заңнамалық талаптардан босатпайтынын еске салды.

Қаржылық қауіпсіздік пен несие рәсімдеуге қатысты қосымша ақпаратты Fingramota.kz сайтынан алуға болады.

Еске сала кетейік, бұған дейін борышкерлер коллекторлармен қалай сөйлесуі керектігі жөнінде заңгермен сұхбат жүргізген едік.