Борышкерлер коллекторлармен қалай сөйлесуі керек – заңгер жауабы (СҰХБАТ)

Борышкерлер коллекторлармен қалай сөйлесуі керек – заңгер жауабы (СҰХБАТ)
Фото: Оңалхан Өнерхан

Борышкерлер коллектормен қалай сөйлесуі керек? Коллекторлардың үшінші тұлғаларға, яғни борышкердің жақындарына хабарласуға құқығы бар ма? Несиесін төлей алмай, қарызға батқан азаматтар қорқыныштан қалай арылса болады? Elordainfo.kz тілшісі осы және өзге де сұрақтар жөнінде кәсіби заңгер, ReStartMe заң компаниясының директоры Ғайни Абылқасовамен сұхбат құрды.

Фотода Ғайни Абылқасова

– Ғайни Саламатқызы, қазіргі таңда қоғамда банк немесе микроқаржылық ұйымдар алдындағы несиесін кешіктіріп алған азаматтарға коллекторлар қоңыраулар шалып, сес көрсететіні туралы жиі естіп жатамыз. Жалпы, борышкерлер коллекторлармен қалай сөйлесуі керек? Әңгімені осыдан бастасақ.

– Ең бастысы эмоцияға берілмеу керек. Егер коллектор сізге қоқан-лоқы жасап, қысым көрсетсе, өзінің құзыретін заң шеңберінен асыра пайдаланса, сіз құқығыңыздың бұзылғаны туралы дәлел жинауыңыз керек. Яғни жекеңізге жазған хабарламалар скрині мен қоңыраулар кезіндегі әңгімені жазып алу қажет. Құқығыңыздың бұзылғаны туралы Қаржы мониторингі агенттігіне арыз жазуға болады. Содан кейін агенттік сол деректер арқылы сіздің құқығыңыздың қаншалықты бұзылғанына немесе коллектордың әрекетінің қаншалықты дұрыс яки дұрыс еместігіне сараптама жасау арқылы шешім шығарады. Егер коллектордың әрекеті дұрыс емес екені дәлелденсе, оларға, сол ұйымға айыппұл салынуы мүмкін.

– Коллекторлардың үшінші тұлғаларға, яғни борышкердің жақындарына хабарласуға құқығы бар ма?

– Бұл жердегі сұрақ оның үшінші тұлғаға хабарласу мақсаты қандай? Егер де ол борышкердің қарызы туралы немесе төлемнің кешіктірілгені жайлы, қарыз сомасының мөлшері туралы үшінші тұлғаға жеткізсе, балағат сөздер айтса, демек онда борышкердің құқығын бұзып отыр деген сөз. Ал егер борышкер қоңырауларға жауап беруден жалтарып жүрсе, оның жөні бөлек. Демек оның төлемге қатысты жоспарын білмегендіктен, коллектор үшінші тұлғаға хабарласып, борышкердің қайда жұмыс істейтінін сұраса, онда ол заңды болып есептеледі.

– Микроқаржылық ұйымдар өкілдері және коллекторлар көп жағдайда борышкерлерді сотпен қорқытып жатады. Егер белгілі бір уақытқа дейін төлем жасалмаса, істің сотқа өтіп кететінін айтып, асықтырады. Сол қаншалықты дұрыс?

– Бұл жерде сотқа беру жөніндегі ақпараттың түп төркіні рас. Мәселе ол қандай сот? Ол – азаматтық іс бойынша қаралатын сот. Бірақ коллекторлар мен микрокредиттік ұйым өкілдері құдды бір қылмыстық іс бойынша сот өтетіндей қорқытып жатады. Ал азаматтық іс бойынша сотта борышкерді 15 күнге қамау сияқты жаза жоқ қой, онда бар болғаны қарыз сомасына сот орындаушысының ақысы қосылады және борышкердің шотын бұғаттауға жасалған әрекет болып саналады. Сондықтан олардың сотпен қорқыту әрекетінен үрейленбеу керек.

«Атқарушы жазба», «атқарушы құжат» деген бар. Егер микроқаржылық ұйым борышкерге нотариус арқылы атқарушы жазба жолдамай, бірден шоттарын бұғаттаса, онда ол заңсыз болып саналады. Ал егер борышкерге нотариус арқылы атқарушы жазба жолданса, нотариусқа ол жазбамен келіспейтіні жөнінде арыз бере алады. Наразылық білдіруге 10 жұмыс күні беріледі, соны уақытты пайдалану керек. Осы ретте тағы бір кеңесім: қандай да бір ресми құжат келіп жатса, оны елемей қоюға болмайды.

Бұл жерде коллекторлар дегеніміз кім деген сұрақ туындайды. Ол жұмыс іздеп жүрген студент болуы мүмкін. Жалпы, олардың жұмысына KPI қойылады. Яғни борышкерлерден қаншалықты қарыз өндіріп алса, табысы соншалықты көбірек болады. Сондықтан коллекторларға өзінің жұмысын атқарып жатқан адам ретінде ғана қарау керек. Өйткені борышкерге қатысты шешімді коллектор қабылдамайды. Әр коллекторлық агенттік болсын, банк болсын, онда заң департаменті бар. Келісімшарттың бәрі сонда қаралады.

– Коллектор болу үшін арнайы білім талап етілмей ме?

– Бұл тұрғыда диплом болу керек немесе болмау керек деп нақты ештеңе айта алмаймын. Дегенмен вакансия жөніндегі хабарландырулардан байқағаным: онда аса бір білім талап етілмейтін сияқты. Бірақ жұмыс берушілер, әрине, банктің бұрынғы қызметкері немесе салада тәжірибесі бар мамандарға басымдық береді деп ойлаймын.

– Азаматтардың банктер немесе микроқаржылық ұйымдар алдындағы қарызының артып кетуіне не себеп болып жатады?

– Қарызға  батып кетудің негізгі себептерінің бірі – қорқыныш. Мысалы, белгілі бір азаматтың жалақы мөлшері орта есеппен 330 мың теңге дейтін болсақ, оның шығыны бұл сомадан әлдеқайда көп болуы мүмкін.

Кредиттің көбею мәселесі азаматтың айлық кірісі мен несиелік шығысының сәйкес келмеуінен пайда болады. Отбасы кепілсіз тұтынушылық несиеге өздеріне қажетті заттарды сатып алды делік. Алайда оның жалақысы ай сайын өспейді, есесіне несиені несиемен жабу себебінен оның ай сайынғы шығысы көбейеді. Осылайша, үшінші, төртінші айға келгенде, адамдарда кредитті өтей алмай қалу мәселесі бойынша қорқыныш пайда болады. Бұл тұрғыда кредиторлар тарапынан қысым көрсетіледі. Яғни үшінші тұлғаға, жақын туыстарына хабарласады. Жан-жағындағы жақындарынан ұялатындықтан, борышкерде қорқыныш үдей түседі. Сол себепті кредитті кредитпен жабу мәселесі басталады. Бірінші кредитті жабу үшін екіншісі, екіншісін жабу үшін үшіншісі алынады. Қарыз сомасы көбейген кезде, адамдарда одан шығу жолы қалмайды. Бұл – ең үлкен қорқыныштың бірі.

Екінші қорқыныш – ипотекалық несиені немесе автокөлік несиесін төлей алмай қалған жағдайда, сол дүние-мүліктен айырылып қалу. Жалпы, ипотекалық несиені немесе автокредитті рәсімдемес бұрын, тұтынушы соның бастапқы жарнасын төлейді. Егер банк алдындағы қарызын өтей алмаған жағдайда, борышкер пәтерінен немесе автокөлігінен айырылады. Алайда құйған 10-20 пайыздық бастапқы жарна да, ай сайынғы төлем де қайтпайды. Халықтың бойындағы қорқыныш, үлкен триггердің бірі – осы кредит мәселесі.

Адам бойында қорқыныш болмауы керек. Неге? Өйткені кешіктірілген төлемнің салдары кредитті кредитпен жапқанға қарағанда, жеңілірек. Егер несиенің ай сайынғы төлемі кешіктірілсе, 90 күннен кейін оның пеня мен айыппұл үстемеақысы тоқтатылады. Кредитті кредитпен жапқанға қарағанда, сол 90 күндік қарызбен жұмыс істеген оңайырақ. Бізден көмек сұрап келген адамдардың көпшілігі мұны білмей жатады.

– Қорқыныштан қалай арылуға болады?

– Ең бірінші кезекте қаржылық сауаттылықты арттыру керек. Екіншіден, өз құқығымызды білуіміз керек. Осыны ескермеудің салдарынан адамдар қарызға батып жатады.

– Сіздің қызметіңізге жүгінгендер арасында қиын жағдайға тап болған борышкердің ең көп қарыз сомасы қанша болды?

– Қиын жағдайды бірнеше бөлікке бөліп қарауға болады. Кейде қиын жағдайлар қарыз сомасының көптігіне қарамайды. Кейбір жағдайда 5 млн теңге қарызбен тығырыққа тірелген азаматтар да бар. 18-20 млн теңге қарызбен келіп, тығырықтан тез шығып кеткен адамдар да болды. Мысалы, 5 млн теңге қарызымен келген азаматтың басында жалғыз пәтері бар еді. Ол пәтер 17 млн теңгеге бағаланған. Біз оны банкроттық бойынша рәсімдемекші болған кезде, оның атындағы пәтерді тарту мәселесі басталды. Заң бойынша мүліктік зат кепілдікте тұрмаған. Бірақ практикалық жағдай бойынша қаржы басқарушылар «борышкердің 17 млн теңгеге бағаланған пәтерін сатып, одан кішірек баспана алу арқылы 5 млн теңге қарызын жабуы керек» деп сотқа жолдайды. Алайда қазіргі нарық бағасы бойынша 12 млн теңгеге ол отбасы басқа үй сатып ала алмайды. Не ипотекалық несие рәсімдей алмайды. Өйткені кредитті уақытында жаба алмағаны үшін, несие тарихы нашарлап, рейтингі түсіп кеткен. Кредиттік қарызын төлейін десе, қаражаты жоқ, үйін сатайын десе, бала-шағасы баспанасыз қалады. Ал жұмысқа тұрайын десе, шоттары бұғатталып, жалақысын жұтып қойып жатыр. Осындай тығырыққа тірелген отбасы болды.

Заңнамада жалғыз баспана туралы нақты жазылмаған, тек ол «кепілде болмауы керек» деген бар. Сот орындаушыларға анықтама жаздық. Бұл жерде ол отбасының дүние-мүлікті сақтап қалу мәселесі бойынша Конституциялық құқығы бұзылды.

Тағы бірде 102 млн теңге қарызымен қызметімізге жүгінген адам болды. Бұл қарыз қалай пайда болған? Өзіңіз білесіз, 2020 жылғы әлемдік пандемия көпшілікті бір сілкіп алды. Сол кезде кейбір бизнес түрі тұралап қалды. Сондай бизнесі тоқтап қалған жеке кәсіпкердің қарызы жеке тұлғаның атына өткен. Алғашында оған банкроттық рәсімдеген кезде, банктер тарапынан бас тарту болды. Неге? Өйткені заңда 38 жас жұмысқа қабілетті жас екені туралы жазылған. Жақсы, ол кісінің жұмыс істеуге қауқары бар делік. Алайда ол кісінің мамандығы бойынша нарықтағы жұмыс жалақысы 450-470 мың теңге шамасында екенін байқадық. 102 млн теңге қарызды 470 мың теңге жалақымен ол кісі қанша уақытта жабады? Жалақысы тұтастай ай сайынғы несиені өтеуге кетсе, оның отбасын кім асырайды? Сот арқылы оның банкроттық мәселесін реттедік. Алайда төлемқабілеттік қауқары төмен екенін дәлелдеуге көп күш-жігер жұмсадық.

– Жеке тұлғаның банкроттығы бойынша қазіргі таңда қандай өзгеріс бар?

– Өзгерістер бар. Кейбір тұсы жеңілдетілді, кей жағдай бойынша қиындады деуге де болады. Жалпы банкроттықтың екі нұсқасы бар. Яғни сот арқылы немесе соттан тыс. Банкроттық жариялаудан бас тартылса, бұрын қайтадан тапсыру мүмкіндігі 3 айдан кейін қарастырылатын. Ал қазір ол 6 ай мерзімге шегертілді. Тағы бір өзгеріс 2025 жылдың 1 қаңтарына дейін алынған қарыздар бойынша келісімсөз жүргізу фактісін талап етпейтін болды.

– Бұрын тұрақты жұмысы барлар да банкроттық жариялауға мүмкіндігі бар сияқты еді. Қазір ол үшін тек жұмыссыздар санатында болуы міндетті ме?

– Қазіргі уақытта төлемқабілеттік қауқарсыздықты сотта дәлелдеу қиын болып кетті. Себебі кешіктірілген несиеге борышкер шотынан 1 АЕК-тен аса қаражат ұсталса, оның төлемқабілеттілік қауқары бар деген сөз. Бұл жерде сот практикасында қарама-қайшылық тұстар бар. Біз жеке тұлғаның төлемқабілеттілік қауқарының жоқ екенін құжаттармен растасақ, практика көрсеткендей, сот шешімі кезінде жоғарыда айтқандай, 1 АЕК-тен аса қаражат азаматтың шотынан ұсталса, бас тарту болады. Сондықтан борышкер ресми жұмыс істемеген жағдайда, бір жыл бойы шотына 1 АЕК-тен аса қаражат түспесе ғана, сот оны банкрот деп таниды. Ал егер кіріс көзі бар болса, онда төлемқабілеттілікті қалпына келтіру бойынша жұмыс жүргізіледі. 2024 жылы төлемқабілеттілікті қалпына келтіру үшін 12 ай бойы төлем болмауы керек еді. Қазір ондай талап алынып тасталды. Егер қазіргі таңда төлемқабілеттілігіңіз болмағанмен, жалақыңыз бар болса, соған орай табысыңыздың 50 пайызына шақталған жаңа кесте алу үшін 12 ай бойы төлем жасамауды күтудің қажеті жоқ. Бұл да – жақсы өзгерістің бірі.

– Сонда 12 ай бойы кредитті төлемеу керек пе?

– Ол сіздің төлем қауқарыңызға байланысты. Егер табысыңыз болса, 12 ай бойы күтпей, төлемқабілеттігіңізді орнына келтіресіз. Жұмыс жағынан қиындық болса, несиеңіз 12 ай төленбеуі керек. Ал қасақана төлемей қойсаңыз, оның айырмашылығы бар.

– Егер несиені шынымен төлей алмай жүргенде, 12 айға жетпей, шотқа жақын адамның бірінен сыйлық немесе көмек ретінде қаражат келіп түссе, бірақ ол жұтылып кетсе, онда бұл төлемқабілеттілікке қалай әсер етеді?

– Онда төленген болып есептеледі. Жоғарыда айтқанымдай, сот барысында біз дәлелдермен айналысамыз. Өйткені ол жұмыс орнынан тұрақты түрде түсіп тұрған қаражат емес.

Қыркүйек айында Мәжілісте өткен дөңгелек үстелде спикер болып қатыстық. Сол кезде осы мәселені, яғни төлемқабілеттігіңіз шотыңыздан ұстап қалған қаражатқа ешқандай да байланысты болмау керек деген мәселені көтердік. Себебі біз практик заңгер ретінде осы бойынша қиындықтарды көріп жүрміз. Мысалы, тұрақты табысыңыз болмай, ай сайынғы несиеңіздің 13-14 пайызы ғана төленіп, соған бола төлемқабілеттілігіңіздің бар болуы дұрыс емес. Бірақ практикалық жағдайға келсек, сол мәселелер бойынша көптеген бас тарту шешімі шығарылып жатыр.

– Ресми түрде жұмыс істемеген жағдайда, 6 ай бойы әлеуметтік төлем алу жөнінде айтып өтсеңіз.  

– Бұл – әр адамның құқығы. Егер ресми табыс көзі жоқ болса, адамның мемлекет көмегіне жүгінуіне құқығы бар. Бұл заңгерлердің құзыретіндегі жұмыс емес. Кейбір адам өз құқықтарын дұрыс білмей жатады. Жоғарыда айтқанымдай, азаматтардың қаржылық және құқықтық сауаттылығын арттыру қажет.

– Ал егер осындай жағдайда уақытша жұмыссыз қалған адамның атында жұмыс істемейтін ЖШС немесе ЖК тіркелсе, ол мемлекеттік көмек алуға кедергі келтірмей ме?

– Кедергі келтіреді. Себебі оның мемлекет алдында кәсіпкер деген мәртебесі болады. Мемлекеттік көмек алуға жүгінбес бұрын, сол азамат алдымен атында тіркелген жұмыс істемейтін ЖК немесе ЖШС-ны жабуы керек я болмаса уақытша тоқтатуы тиіс. Ал жеке кәсіпкер ретінде мемлекеттен қолдау алу – ол бөлек тақырып. Мысалы, қайтарымсыз гранттарға қатысуға болады. Тұрғындарға осындай мәселелер бойынша да кеңес береміз.

– Жалпы, сіздердің көмектеріңізге жүгінген азаматтарға заңгер ретінде қандай бағыт бойынша қызмет көрсетесіздер?

– Негізінен жеке тұлғаларға қызмет көрсетеміз. Заңды тұлғалардың мәселелерімен айналыспаймыз.

– Осы уақытқа дейін сіздер арқылы қанша адам банкроттығын рәсімдеді?

– Жалпы, біз айналысқан 230-дан аса келісімшарттың 78-і банкроттық, 24-і төлемқабілеттілік процедурасы бойынша жүргізілді. Осы ретте айта кетерлігі, біздің заңгерлік компаниямыз тек бизнес бағытын ұстанбайды, әлеуметтік мәселелермен де айналысады. Айына 3-4 адамға, яғни І топтағы мүгедектігі бар адамдарға, көпбалалы жалғызбасты аналарға, әлеуметтік осал топтағы жандарға тегін қызмет ұсынып, көмектесіп тұрамыз.

– Клиенттеріңіз сіздерге қандай жағдайда жүгінеді?

– Біздің алдымызға қаржылық сауатсыздық болсын, бойын қорқыныш-үрей билеген, эмоциялық жағдайда болсын, жалпы қиындыққа тап болған адамдар өздерінің мәселесін шешу үшін, білмеген ақпаратын сұрау үшін келеді. Бұл ретте біз белгілі бір мөлшерде қаржылық сауаттылықты көтеретін институттың жұмысын да атқарып жатырмыз. Біздің тарапымыздан кеңес беру тегін.

– Заңгер ретінде банктер мен микрокредиттік ұйымдар алдындағы қарызын төлей алмай жүрген борышкерлерге қандай кеңес берер едіңіз?

– Ең бірінші кезекте айтарым, банктер мен микрокредиттік ұйымдар алдындағы қарызыңызды жабу үшін басқасынан қарыз алмаңыз. Одан да мерзімі өткен қарыздың салдарымен күресе біліңіз. Өйткені бір несиені екінші кредитпен жабу арқылы қарыз көлемін еселеп көбейтіп аласыз. Егер осылай істесеңіз, мәселені реттеу жеңілірек болар еді. Сол себепті де қаржылық сауаттылықты арттыру керек. Өз құқығыңызды біліңіз.

– Сұхбатыңызға рақмет!