Жаңару күні: Наурызда елордада ұлттық дәстүр мен заманауи сәулет үйлесім табады
19 наурыз – Жаңару күні. Бұл күн табиғаттың түрленіп, тіршіліктің жандануымен бірге ел өмірінде жаңа кезеңнің басталуын білдіреді. Жаңару күні барша азаматтарды ортақ мақсаттарға жету жолында біріктіреді: жаппай ағаш егіліп, тың жобалар жүзеге асырыла бастайды. Осыған орай Elordainfo.kz тілшісі Астана қаласының Урбанистика орталығы Ландшафтты архитектура бөлімінен Наурыз мерекесі қарсаңында қала кеңістігін безендіру бойынша қандай жұмыстар атқарылып жатқанын, сонымен қатар көгалдандыру мен абаттандыру ісі бойынша қандай жобалар қолға алынғаны туралы сұрап білді.
Урбанистика орталығы Ландшафтты архитектура бөлімінің агрономы Бақтияр Шаймұханбетовтің айтуынша, қазір Астана қаласында мерекелік іс-шараларды ұйымдастыру және қалалық кеңістікті безендіру бойынша кешенді жұмыстар қарқынды жүзеге асып жатыр.
«Биылғы безендіру тұжырымдамасының негізі – ұлттық дәстүрлер мен заманауи сәулеттік жарықтандыру элементтерінің үйлесімі. Барлық аудан үшін бірыңғай стиль қалыптастырылып, қаланың көктемгі сипатын айқындайтын, мерекелік жайлылық пен эстетикалық тартымдылықты арттыратын орта құру көзделген», - дейді Бақтияр Теміржанұлы.
Маманның мәліметінше, қала тұрғындары мен қонақтарына арналған серуендеу және отбасылық демалыс орындары ретінде 16 негізгі локация айқындалған. Негізгі мерекелік алаңдар: ЭКСПО аумағы, қалалық алаң, «Астана Арена», «Қазақ Елі» алаңы, дөңгелек алаң, «Жерұйық» саябағы, «Ататүрік» саябағы, Жазушылар аллеясы, «Көктал» саябағы, Astana Music Hall және басқа да нүктелер. Аталған локациялар қалалық мерекелік өмірдің негізгі орталықтарына айналмақ.
Сонымен қатар автобус аялдамалары гүлді композициямен, тақырыптық баннермен және кешкі уақытта көзге жылы жарықтандырумен безендіріледі.
Қосымша мерекелік инфрақұрылымдар бойынша да бірқатар алаңда ұлттық ойындарға арналған спорт алаңдары; сауда павильондары мен тамақтану аймақтары; мерекелік фотозоналар; ұлттық алтыбақан әткеншектері; балаларға арналған карусель қарастырылған. Бұл детальдар әрбір локацияны жанды, тартымды етпек.
«Жүргізіліп жатқан жұмыстардың басты мақсаты – қала тұрғындары мен қонақтары үшін жайлы, қауіпсіз және есте қаларлық мерекелік атмосфера қалыптастыру, сондай-ақ Астана қаласының заманауи әрі ұлттық келбетін айқындау», - дейді ол.

Жалпы, «Урбанистика орталығы» ЖШС - қаланың көгалдандыру жұмыстарына тікелей қатысты мекеме. Себебі жасыл желек кез келген қалада ең алдымен көзге түсетіні белгілі. Мекеме қаладағы маңызды деген локацияларды, парк, сквер, орталық көшелердің көгалдандыру және абаттандыру жобаларын жүзеге асырады. Сонымен қатар елордадағы колданысқа енгізіліп жатқан нысандардың қаламыздың көгалдандыру жарғысына сай жобалануын қадағалайды. Осыған сәйкес біз маманнан биыл Астана көшелері мен саябақтарына қанша ағаш пен гүл отырғызылатынын білдік.
«Биыл Астана көшелері мен саябақтарына шамамен 1 млн-ға жуық жасыл екпе отырғызу жоспарланып отыр. Бұл өсімдіктердің басты бөлігі отандық өндірушілер тәлімбағынан алынады. Екпелердің басым бөлігі жаңа салынатын қоғамдық кеңістіктер мен саябақтарда отырғызылады, әрине, сонымен қатар қаламыздың жаңа көшелеріне де егілмек. Биыл ағаштар Ресейден, Германиядан және басқа да елдерден келеді, бірақ жасыл көшеттердің басты бөлігі - әрине, өзіміздің тәлімбақтарда өсіп шыққан материалдар», - деді агроном.
Маманның айтуынша, былтырғымен салыстырмалы түрде алғанда, ағаштар саны айтарлықтай өзгермейді, бірақ жылдан-жылға отырғызылатын екпелердің сапасы мен оларды күтіп-баптау жұмыстарына көңіл көбірек бөлінеді. Сонымен қатар алдыңғы жылдары отырғызылған ағаштардың жасыл екпелердің жерсінуін жақсартуға қатысты іс-шаралар да жыл он екі ай тоқтамай жүргізіліп жатыр.
«Ал гүлдерге келетін болсақ, кейінгі жылдары Астана қаласында көпжылдық гүлдер санын арттыру жұмысы қарқынды жүріп келеді. Егер салыстырмалы түрде алсақ, соңғы 5-6 жыл ішінде қаладағы біржылдық гүлдер саны шамамен 65-75%-ға кеміген», - дейді ол.

Агроном көгалдандыру жұмысын жүргізгенде Астананың күрт континенталды климатын ескеру қажеттігін айтады. Негізгі көгалдандыру жұмысы жылдан-жылға шамамен сәуір айының бірінші онкүндігінен кейін басталады.
«Ал жалпы көгалдандыру жұмыстарының негізгі кезеңі ол көктем және күз мезгілдері, себебі сол уақытта тәлімбақтағы өсімдіктерді қазып алып тасымалдау, егу процесінде аз жарақат алып әрі қарай тамырланып өсіп бейімделуі жеңіл өтеді. Климатымыздың ерекшелігіне байланысты бізге көп жасыл екпе түрін қолдану жағы шектеулі, соған қарамастан, ағаштар мен бұталардың 80-нен астам түрін белсенді қолданамыз», - дейді ол.
Урбанистика орталығының маманы Бақтияр Теміржанұлы қалалық ортадағы өсімдіктер ауаны тазарту арқылы өмір сүру сапасын жақсартуда маңызды рөл атқаратынын айтады. Олар ауаны ылғалдандыру және температураны төмендету арқылы жайлы микроклимат жасайды, сонымен қатар артық шуды сіңіру арқылы қала тұрғындарының эмоционалды жағдайын жақсартады.