Қазақстанда дәрілік заттарды цифрлық таңбалау жүйесі енгізілді

19 наурыз, 2026
Думан Аманжол Думан Аманжол
Қазақстанда дәрілік заттарды цифрлық таңбалау жүйесі енгізілді
Фото: Денсаулық сақтау министрлігі

2024 жылдың 1 шілдесінен бастап Қазақстан аумағында барлық дәрілік заттарды міндетті цифрлық таңбалау жүйесі енгізілді, деп хабарлайды Elordainfo.kz Денсаулық сақтау министрлігіне сілтеме жасап.

Таңбалау және тауарлардың қадағалануының бірыңғай операторы жүйесі тұтынушылық сұранысты нақты уақыт режимінде бақылауға мүмкіндік береді. Талдау таңбаланған дәрілік заттардың сатылымын қамтиды және маусымдық ерекшеліктерге байланысты тұтынушылық сұранысты объективті бағалауға мүмкіндік береді.

Жүргізілген талдау нәтижесіне сәйкес, сатылым бойынша бірінші орында этил спирті тұр – 4,1 млн бірлік таңбаланған өнім сатылған. Екінші орынды 2,1 млн көрсеткішпен натрий хлориді иеленсе, үздік үштікке 1,75 млн сатылыммен парацетамол енді.

Сонымен қатар, ацетилсалицил қышқылы 1,5 млн-нан астам сатылыммен төртінші орынға жайғасқан. Ал алғашқы бестікті мұрын бітелуіне қарсы қолданылатын нафазолин түйіндейді. Сұранысқа ие дәрілер қатарында 1,23 млн-нан астам сатылған Цитрамон П да бар.

ТОП-10 тізіміне сондай-ақ меновазин (897 мың), тұмау мен суық тиюге қарсы ТераФлю, белсендірілген көмір (636 мың) және фурацилин (623 мың) кірді.

Денсаулық сақтау министрлігі мәліметінше, таңбалау жүйесі әрбір дәрілік препараттың қозғалысын өндірушіден бастап тұтынушыға дейін толық бақылауға мүмкіндік береді. Бұл жүйе арқылы дәрілердің түпнұсқалығы расталып, олардың заңды айналымнан өткеніне кепілдік беріледі.

Цифрлық таңбалау аясында әрбір дәрі қаптамасына бірегей Data Matrix коды беріледі. Тұтынушылар Naqty Onim мобильді қосымшасы арқылы өнімнің шынайылығын оңай тексере алады. Бұл өз кезегінде жалған дәрілердің таралуына тосқауыл қоюға мүмкіндік бермек.

Еске салсақ, МӘМС жүйесінде кешенді шаралар қабылданған болатын.