МӘМС жүйесінде қандай кешенді шаралар қабылданды
Үкімет басшысының төрағалығымен өткен денсаулық сақтау жүйесін жетілдіру мәселелері бойынша кеңесте «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КеАҚ басқарма төрағасы Гүлмира Сабденбек МӘМС жүйесіне жүргізілген талдау нәтижелері туралы баяндады, деп хабарлайды Elordainfo.kz Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Гүлмира Сабденбек біртұтас басқару үдерісінің жоқтығы және жұмыстардың науқас пен жалпы денсаулық сақтау жүйесінің түпкілікті нәтижелеріне емес, ең алдымен көрсетілген қызметтер көлеміне бағдарлануы басты мәселе екенін атап өтті. Аталған мәселелерді шешу үшін Қор тарапынан соңғы 1,5 ай ішінде кешенді шаралар қабылданғаны айтылды.
Спикердің сөзінше, жүйенің шығыстары мен қаржылық міндеттемелері құрылымын талдау негізінде қаржы ағындарын бақылау күшейтілді; медициналық көмек көлемін лимиттеу, медициналық қызметтерді төлеу және аванстау тәсілдері қайта қаралды; жоспарлау, мониторинг және сатып алуды қоса алғанда, негізгі қаржылық өкілеттіктерді орталықтандыру басталды; Қордың ұйымдық құрылымы оңтайландырылды және алаяқтық әрекеттердің алдын алуға арналған бақылау контуры құрылды; аномалиялар мен ауытқуларды анықтау мақсатында аналитикалық мониторинг жүйесіне ЖИ енгізу басталды.
Қордың, Денсаулық сақтау және Қаржы министрліктерінің, сондай-ақ медициналық ұйымдардың ақпараттық жүйелерін интеграциялау жұмыстары жүргізілуде. Премьер-министрге операциялық қаржыландырудан стратегиялық әрі зияткерлік басқаруға көшу мақсатында әзірленген МӘМС 2.0 жаңа моделі таныстырылды. Жаңа архитектураға сәйкес, Қор тек қызметтерге ақы төлеумен шектелмей, бүкіл денсаулық сақтау жүйесінің дамуын болжау, бақылау, талдау жүргізу және оның тұрақтылығын қамтамасыз ету функцияларын да атқарады.
Реформаның төрт негізгі бағыты белгіленді, соның ішінде актуарлық басқару демографияны, ауру түрлерін және медициналық технологиялардың дамуын ескере отырып, қаржылық міндеттемелердің жүзеге асуын ұзақмерзімді болжау тәсілін енгізуді көздейді. Бұл теңгерімсіздіктерді алдын ала анықтауға, қаржыландыру параметрлерін түзетуге және Қазақстанның денсаулық сақтау жүйесінің ұзақмерзімді тұрақтылығын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Тәуекелге бағдарланған модель бойынша еліміздің барлық медициналық ұйымдарын senim, baqylau, qauyp деген үш санатқа бөліп, олардың қызметін интегралды тәуекел-скоринг бойынша бағалау жоспарлануда. Адал медициналық қызмет көрсетушілер жеңілдетілген режимде жұмыс істей алады, ал бұрын заңбұзушылықтар анықталған ұйымдар күшейтілген бақылау мен аудитке алынады.
Цифрлық антифрод-қадағалау – бұл жалған тіркеулерді, қызметтердің қайталануын, негізсіз госпитализациялауды, көлемдердің жасанды өсуін және тағы да басқа жайттарды автоматты түрде анықтауға мүмкіндік беретін аналитикалық жүйе. Халықаралық тәжірибеге сәйкес, ол денсаулық сақтау жүйесінің тиімсіз шығындарын орта есеппен 5-10 пайызға төмендетеді.
Бірыңғай цифрлық архитектура жоспарлаудан бастап медициналық көмекке ақы төлеуге дейінгі қаржыландырудың барлық процестерін біріктіреді, онда ақша ағындары толық қадағаланады. Мұндағы негізгі элемент – цифрлық теңгені пайдалану. Қор «СК-Фармациямен» бірлесіп оны дәрілік заттарды сатып алу саласында қолдану бойынша жұмысты бастады.
Мәселен, пациент деңгейінде Qalqan жүйесінде қызметтер, госпитализациялар, талдаулар, тағайындаулар, медициналық шығыстар, МӘМС, ТМККК бойынша шығындарды бөлу бойынша ақпарат жинақталады. Қазіргі уақытта бұл деректердің барлығы бытыраңқы, сол себепті пациент көп ретте өзіне қатысты ахуалдың толық сипатын көре алмайды. Qalqan пациенттің бірыңғай деректер тізбегін қамтамасыз етеді. Сонымен қатар азаматтар сәйкессіздіктер туралы хабарлауға мүмкіндік алады. Бұл «халықтық бақылау» механизмін құруға мүмкіндік береді.
Ал медициналық мекемелер деңгейінде платформа ресурстар, инфрақұрылымдар, кадр тапшылығы, ауытқулар, қаржы сияқты және тағы да басқа мәліметтерді талдайды. Осы деректер негізінде тәуекелдерді кешенді түрде бағалай отырып, оларды жою бойынша ұсынымдарды автоматты түрде әзірлейді. Осылайша ол елдегі барлық медициналық ұйымдардың рейтингін кезең-кезеңімен қалыптастырады. Одан бөлек, Qalqan қолданыстағы шектеулер мен басымдықтарды ескере отырып, бюджетті үйлестіре басқаруды қамтамасыз етеді.
Қор сарапшыларының есептеулеріне сәйкес, енгізілетін инновациялардың әлеуетті экономикалық әсері 200 млрд теңгеден асады. Реформа медициналық қызметтерді қаржыландыру мен оның сапасының айқындығын және толық қадағалануын, медицина қызметкерлеріне түсетін жүктеменің төмендеуін қамтамасыз етеді, бұл өз кезегінде жалпы денсаулық сақтаудың бүкіл жүйесіне оң әсер етеді.

Кеңес қорытындысы бойынша Олжас Бектенов ұсынылған тәсілдерді мақұлдап, мемлекеттік органдар мен ведомстволарға бірқатар тапсырма берді.
Әділет, Ұлттық экономика және Денсаулық сақтау министрліктері осы жылдың 25 наурызына дейін Қор қызметін жетілдіру бойынша түзетулер енгізуі тиіс.
Қаржы министрлігі Денсаулық сақтау, Әділет, Ұлттық экономика министрліктерімен бірлесіп, биылғы 31 наурызға дейін мемлекеттің жыл сайынғы жарнасы мөлшерін республикалық бюджет қаражатынан алынған инвестициялық кіріс сомасынан аспайтын сомаға қысқарту бойынша, сондай-ақ ТМККК мен МӘМС-ті қаржыландыру үшін қордың жинақталған активтерін пайдалану жөнінде нақты ұсыныстар беруі қажет.
Ал Астана, Алматы, Шымкент қалалары мен барлық өңір әкімдері, сондай-ақ Денсаулық сақтау министрлігі 2026 жылдың 15 сәуіріне дейін МӘМС және ТМККК шеңберінде қызмет көрсететін медициналық ұйымдардың Qalqan жүйесіне көшуін қамтамасыз етуі керек.
Бұған дейін Үкімет басшысының міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін жетілдіру мәселелері жөнінде кеңес өткізгенін жаздық.