Елорда курсанттарына әскери істе қолданылған сирек аспаптар көрсетілді

Елорда курсанттарына әскери істе қолданылған сирек аспаптар көрсетілді
Фото: Астана әкімдігі

Отан қорғаушылар күніне орай Астанадағы Өнер музейінде Сағадат Нұрмағамбетов атындағы Әскери колледж курсанттары үшін танымдық кездесу ұйымдастырылды. Іс-шара барысында оларға сирек кездесетін ұлттық музыкалық аспаптар туралы мәлімет берілді, деп хабарлайды Elordainfo.kz қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Курсанттарға сирек әрі қалпына келтірілген, сондай-ақ түпнұсқа күйінде сақталған музыкалық аспаптар коллекциясы таныстырылды. Олардың ішінде әскери жорықтарда қолданылған «жорықтық» аспаптар да бар. Қонақтарға бұл аспаптардың дыбысы көрсетіліп, музыка соғыс қимылдары мен түрлі рәсімдерді қалай сүйемелдегені түсіндірілді.

Көрменің негізгі экспонаттарының бірі керней аспабы болды. Бұл – түркі халықтары арасында кең таралған көне үрмелі аспап.

Ежелде керней тек музыкалық емес, сонымен қатар белгі беру қызметін де атқарған: оның көмегімен жауынгерлік бұйрықтар берілген, әскер шақырылған, сондай-ақ хан мен қолбасшыларды қарсы алу, салтанатты шерулер мен бәйгелер кезінде қолданылған.

Іс-шара аясында көне музыкалық аспаптарда орындалған шығармалар көрсетілді. Курсанттарға олардың шығу тарихы, қолданылу ерекшеліктері және мәдениеттегі орны туралы кеңінен айтылды.

Ұйымдастырушылар мұндай кездесулердің патриоттық рухты нығайтуға және болашақ әскери қызметкерлердің тарихи-мәдени танымын кеңейтуге бағытталғанын атап өтті.

Сондай-ақ олар мұндай іс-шаралар әскери дәстүрлер мен мәдени мұраның байланысын көрсетіп, жастардың ел тарихы мен ұлттық құндылықтарға деген құрметін қалыптастыруға ықпал ететінін айтты.

Бұдан бұрын елордалық мектепте ұлттық аспаптар математика сабағына енгізілгенін жазған едік.