Астанада «бір ауыл – бір өнім» жобасының жеңімпаздары анықталды
Астанада жергілікті бірегей өнімдерді анықтап, оларды ілгерілетуге, шағын бизнесті дамытуға және өңірлік брендтерді қалыптастыруға бағытталған «Бір ауыл – бір өнім» жобасының 10 жеңімпазы анықталды, деп хабарлайды Elordainfo.kz «Атамекен» ҚР ұлттық кәсіпкерлер палатасына сілтеме жасап.
Жобаның қорытынды кезеңі Астана қаласының Кәсіпкерлер палатасы жанынан құрылған бренд-комитеттің отырысы аясында өтті. Комитет құрамына Кәсіпкерлер палатасының, Астана қаласының инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасының, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының, бизнес-қоғамдастық пен қоғамдық ұйымдардың өкілдері кірді.

Көрме-жәрмеңке нәтижесінде іріктеуден өткен қатысушылар жобасын комитет мүшелеріне таныстырып, өнімнің ерекшелігі, сапасы және даму мүмкіндігі туралы айтып берді.
Бренд-комитет белгіленген критерий бойынша жобаларды бағалап, 10 жеңімпазды анықтады:
1. Ернар Нұрмағамбетов – әскери-тарихи қалайы миниатюралары;
2. Айгүл Қасымова – киізден жасалған картиналар;
3. Ляззат Қалимолдаева – табиғи сабын, сусабын және шашқа арналған кондиционерлер;
4. Әлия Байменова – қолдан жасалған авторлық керамика;
5. Бақытхан Секейхан – былғары етік;
6. Жазира Төлегенова – құрттың түрлері;
7. Қарашаш Сүлейменова – глютенсіз жартылай фабрикаттар;
8. Аятолла Жұмабеков – сазсырнай және керамика бұйымдар;
9. Шәрібек Ахметова – өрік дәндері;
10. Шолпан Смағұлова – тоқаштар.
Финалистерге өндірісті дамытуға қажетті жабдықтарды сатып алуға арналған 5 млн теңге көлеміндегі грант алу мүмкіндігі беріледі.
Сонымен қатар жоба аясында финалистерге кешенді қолдау көрсетіледі. Оның ішінде маркетингтік сүйемелдеу, SMM арқылы ілгерілету, маркетплейспен жұмыс істеуді оқыту, қаптама мен брендті әзірлеу және жаңарту қарастырылған.
Мамандар өндірістік технологияларды жетілдіру, өнімді стандарттау, штрих-код алу және тауар белгісін тіркеу бойынша кеңес береді. Жергілікті өнім өндіруші өз өнімдерін сауда желісі мен дүкендерге шығаруына да қолдау көрсетіледі.
«Бір ауыл – бір өнім» жобасы Астанада төртінші жыл қатарынан жүзеге асырылып келеді. Жобаның негізгі мақсаты – жергілікті өндірушілерді қолдау, олардың өнімдерін дамытуға жағдай жасау және ішкі әрі халықаралық нарықта бәсекеге қабілетті өңірлік брендтердің қалыптасуына ықпал ету.