13 қазаннан бастап Қазақстанның тағы төрт ақылы автожолында орташа жылдамдықты асыру деректері тіркеле бастайды. «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ бақылау жүйесін кеңейтіп, оған жаңа бағыттарды қосады. Осылайша орташа жылдамдық бақыланатын ақылы жол бөліктерінің саны 11-ден 15-ке дейін артады, деп хабарлайды Elordainfo.kz компанияның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Бүгіннен бастап орташа жылдамдық мына бағыттарда бақыланады: Орал – РФ шекарасы (Самара); Ақтөбе – РФ шекарасы (Орынбор); Қостанай – Денисовка; Қандыағаш – Мақат.
«Аталған жолдарда бақылау құрылғылары орнатылған аркалардың арақашықтығы өлшеніп, аппараттық-бағдарламалық кешендер сертификаттаудан өтті. Жүйе орташа жылдамдықты асыру деректерін тіркеп, тиісті мәліметтерді Әкімшілік іс жүргізудің бірыңғай тізілімінің (ӘІЖБТ) процессинг орталығына жолдайды», - делінген хабарламада.
Сондай-ақ жыл басынан бері республикалық автожолдарда орташа жылдамдықты асырудың 550 мың, ал белгіленген нүктедегі жылдамдықты асырудың 163,5 мың дерегі тіркелген. Жалпы жылдамдықты асыруға қатысты 713 мыңнан астам құқықбұзушылық анықталды. Осы орайда ҚазАвтоЖол республикалық автожолдарда орташа жылдамдықты бақылау жүйесі 2025 жылғы 17 наурыздан бері жұмыс істейтінін еске салады.
Осы уақытқа дейін жалпы ұзындығы 3 мың шақырымға жуық 11 ақылы жол бөлігінде бақылау жүргізіліп келді. Олар: Астана – Щучинск; Астана – Павлодар; Астана – Теміртау; Шымкент – Қызылорда; Шымкент – Тараз; Павлодар – Семей – Қалбатау; Орал – РФ шекарасы (Саратов); Павлодар – РФ шекарасы (Омбы); Алматы – Қорғас; Көкшетау – Петропавл; Ақтөбе – Қандыағаш.
«Жол бойындағы камералар автокөліктің бақылау аркаларынан өткен уақытын тіркейді. Жүйе осы уақыт пен екі арканың арақашықтығын есептеп, көліктің орташа жылдамдығын анықтайды. Сондықтан камераға жақындағанда ғана жылдамдықты төмендету жүргізушіні жауапкершіліктен босатпайды. Егер көлік бақылаудағы жол бөлігін рұқсат етілген орташа жылдамдықтан асырып өтсе, құқықбұзушылық тіркеледі», - деп хабарлады компанияда.
Бақылау жүйесін кеңейтудегі басты мақсат – жол қозғалысының қауіпсіздігін арттыру, жүргізушілердің жылдамдықты шамадан тыс асыруының алдын алу және жол-көлік оқиғаларының қаупін азайту.
Еске салсақ, еліміздің ақылы жолдарымен 500 мыңнан астам шетелдік көлік жүріп өткенін жаздық.