Елордалық өнерпаз зейнеткерлер қайырымдылық концертін өткізді

Елордалық өнерпаз зейнеткерлер қайырымдылық концертін өткізді
Фото: Ұйымдастырушылар

Елорданың Сарыарқа ауданындағы Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының өнерпаз зейнеткерлері Халықаралық қарттар күніне орай «Қариялар елімнің қазынасы» атты мерекелік концерт ұйымдастырды., деп хабарлайды Elordainfo.kz.

Іс-шара басында құттықтау сөз сөйлеген Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының директоры Серік Жолаушыұлы пен Сарыарқа ауданы бойынша бөлім басшысы Кенжеболат Сапарұлы жиналған қауымды мерекемен құттықтап, аға буын өкілдеріне зор денсаулық тіледі.

Мерекенің ерекше сәттерінің бірі — «Шарапат» орталығының Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының директорына домбыраны сыйға тартуы болды.

Концерт бағдарламасында музыкалық және би қойылымдары ұсынылды. Көрермендер «Әгугай» этно-фольклорлық ансамблінің, «Шабыт», «Әдемі дәуір», «Элегант-дэнс» және «Сарыарқа» би ұжымдарының өнерін тамашалап, орталық қатысушыларының орындауындағы әндерді тыңдады.

Сондай-ақ, көрермендердің ерекше ықыласына 65+ жастағы «KERBEZ models» модельдік тобының өнері бөленді. Топ дизайнер Қайролла Әбішевтің «Зере» топтамасындағы «Шашу» топтамасын ұсынды.

Мерекелік концерт көрермендерге көтеріңкі көңіл күй мен жарқын әсер сыйлап, аға буынға құрмет көрсету мен қамқорлық танытудың маңызын тағы бір мәрте көрсетті.