Астана қаласының білім беру жүйесі үнемі жаңашылдыққа бағытталып, оқыту процесінде түрлі заманауи тәсілдер мен педагогикалық теорияларды тиімді қолдануға ерекше назар аударады. Осының айқын көрінісі – қала мектептерінде пәндерді ұлттық құндылықтармен ықпалдастыра отырып оқытуға деген қызығушылықтың артуы. Соның ішінде математика пәнін ұлттық өнермен байланыстыру арқылы оқушылардың пәнге деген қызығушылығын арттыру тәжірибесі кең таралып келеді, деп хабарлады Elordainfo.kz қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Осы бағытта Астана қаласындағы №82 «Дарын» мамандандырылған мектеп-лицейінің мұғалімі Гүлбарам Арқабайқызы ұлттық музыкалық аспаптарды математика сабақтарында қолдану арқылы оқушыларға тек теориялық білім ғана емес, сонымен қатар практикалық, өмірмен байланысты дағдыларды меңгертуге жағдай жасап келеді.
Ұстаздың мақсаты – математиканың тек академиялық пән ғана емес, сонымен бірге ұлттық өнерде, сәулетте, қолөнерде және тұрмыста маңызды рөл атқаратынын көрсету. Қазақтың домбыра, қобыз, жетіген сияқты ұлттық аспаптарының құрылымы мен жасалу технологиясында математикалық заңдылықтар ерекше орын алады. Аспаптардың пішіні, пропорциясы, перне арақашықтығы, дыбыс толқындарының жиілігі – бұлар барлығы нақты математикалық есептеулерге негізделеді.
Осы аспектілерді сабаққа енгізу арқылы мұғалім оқушыларға математиканың өмірмен байланысын тереңірек түсіндіреді.
Оқушылар ұлттық аспаптардың құрылымына математикалық тұрғыдан талдау жасап, оның акустикалық ерекшеліктерін есептеу арқылы нақты ғылыми-зерттеу жұмыстарына қадам жасайды. Бұл процесте олар пропорция, симметрия, геометриялық пішіндер, дыбыс жиілігі, толқын ұзындығы секілді математикалық ұғымдарды нақты мысалдармен түсінеді.
Сонымен бірге бұл тәсіл оқушылардың ұлттық мәдениетке деген құрметін қалыптастырады. Математиканың өнермен байланысын терең түсінген бала екі саланың да құндылығын бағалайды, шығармашылық ойлауы қалыптасады.