Елімізде волонтерлік ұйымдардың саны 3,5 есе артты

Бүгін, 17:58
Думан Аманжол Думан Аманжол
Елімізде волонтерлік ұйымдардың саны 3,5 есе артты
Фото: Оңалхан Өнерхан

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамалары Қазақстандағы волонтерлік қозғалыстың жүйелі түрде дамуына айрықша серпін берді, деп хабарлайды Elordainfo.kz Мәдениет және ақпарат министрлігіне сілтеме жасап.

Ведомство мәліметінше, Мемлекет басшысының бастамасымен 2020 жыл Волонтер жылы болып жарияланып, елімізде волонтерлікті дамыту мен мемлекеттік қолдаудың жаңа тетіктері қалыптасты. Содан бері волонтерлік бастамалардың аясы кеңейіп, қоғам өмірінің түрлі саласын қамтитын іргелі қозғалыс қалыптасты.

«Бұл бағыттағы жүйелі жұмыстың нәтижесін нақты көрсеткіштер де айғақтайды. 2020 жылмен салыстырғанда волонтерлік ұйымдардың саны 3,5 есе өсіп, 224-тен 810-ға жетті. Белсенді волонтерлер саны 6 есе көбейіп, 300 мыңға жетсе, бастамашыл топтар 10 есе артып, 3,5 мыңды құрады. Елімізде «Күміс» волонтерлік те қарқынды дамып келеді. 2025 жылы аталған бағыттағы волонтерлердің саны 6 мыңға жетіп, 2020 жылмен салыстырғанда сегіз есе өсті», - делінген хабарламада.

2026 жылы волонтерлік қозғалыстың дамуында тағы бір маңызды кезең басталды. Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұсынысымен БҰҰ осы жылды Тұрақты даму мақсатындағы Халықаралық волонтерлер жылы деп жариялады. Бүгінде Қазақстанның бұл бастамасын 60-тан астам ел қолдады.

Волонтерлік қызметті ынталандыру қағидатының жаңа Конституцияда бекітілуі де сала үшін маңызды қадам болды.

Волонтерлік бүгінде қоғамдағы жанашырлық пен азаматтық жауапкершіліктің нақты көрінісіне айналды. Қозғалыс азаматтардың ел өміріне белсене араласып, әлеуметтік, экологиялық және қоғамдық бастамаларға өз үлесін қосуына мүмкіндік береді.

«2026 жылдың алғашқы жартыжылдығында ғана 200 мыңнан астам волонтер түрлі іс-шараларға қатысты. Бүгінде қозғалыс әлеуметтік, экологиялық, медициналық, мәдени, білім беру, медиа және зооволонтерлік бағыттарды қамтиды. Волонтерлер төтенше жағдайлардың алдын алу және олардың салдарын жою жұмыстарына да атсалысады», - деп хабарлады ведомствода.

Мемлекеттік қолдау шаралары да жүйелі түрде жалғасып келеді. 2025-2026 жылдары волонтерлік бастамаларды қолдауға 120 шағын грант бөлінді. Жыл сайын мемлекеттік органдар волонтерлік қауымдастықпен бірлесіп 50-ден астам жобаны жүзеге асырады.

Алдағы кезеңде волонтерлік қозғалыстың жұмысын одан әрі жетілдіру көзделген. 2026 жылдың соңына дейін Волонтерлік қозғалысты дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасын және экологиялық волонтерлікті дамыту бағдарламасын әзірлеу жоспарланып отыр.

Сонымен бірге волонтердің жинаған тәжірибесі мен құзыреттерін есепке алуға мүмкіндік беретін цифрлық паспорт енгізілмек.

Еске салсақ, «Астана Опера» көрермендерге сүйікті фильмдердің әуендерін ұсынады.