Астаналық балабақшада «Ақылды кітапхана: AI және ART әлемі» жобасы жүзеге асуда

Бүгін, 16:58
Думан Аманжол Думан Аманжол
Астаналық балабақшада «Ақылды кітапхана: AI және ART әлемі» жобасы жүзеге асуда
Фото: Астана қаласының әкімдігі

Астана қаласындағы №5 «Ақбота» балабақшасында «Ақылды кітапхана: AI және ART әлемі» атты жоба жүзеге асырылып жатыр. Бұл Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Кітап оқитын ұлт» жобасы аясында қолға алынды, деп хабарлайды Elordainfo.kz елорда әкімдігінің сайтына сілтеме жасап.

Бастаманың мақсаты – мектеп жасына дейінгі балалардың кітап оқуға деген қызығушылығын арттырып, заманауи технологиялар арқылы олардың кітап мазмұнын түсінуіне, ойлауына және шығармашылық қабілетін дамытуға жағдай жасау.

«Жобаның басты ерекшелігі – кітапты, ЖИ-ді және ART-терапияны біртұтас білім беру жүйесіне біріктіруінде. Оның негізгі формуласы – КІТАП + AI + ART. Яғни кітап балаға мазмұн мен мағына береді, жасанды интеллект шығарманы қабылдауға деген қызығушылығын арттырады, ал ART-терапия баланың алған әсерін шығармашылық арқылы жеткізуіне мүмкіндік береді», - делінген хабарламада.

Жоба аясында балабақшада арнайы «Ақылды кітапхана» кеңістігі қалыптастырылып, мектеп жасына дейінгі балаларға арналған электрондық интерактивті платформа әзірленген. Жұмыс бірнеше кезең бойынша жүргізіледі. Алдымен бала ертегімен танысады.

Шығарманы тәрбиеші оқып береді немесе бала оны жасанды интеллект көмегімен тыңдай алады. Осыдан кейін ертегі кейіпкері виртуалды түрде баламен тілдеседі. Бала кейіпкерге сұрақ қойып, оның әрекетіне баға береді, оқиға бойынша өз ойын айтады. Бұл тәсіл баланың шығарманы жай тыңдаушы ретінде қабылдамай, оның мазмұнына белсенді араласуына мүмкіндік береді. Кейіпкермен тілдесу арқылы бала ертегінің мазмұнына қайта үңіліп, оқиға желісін түсінуге және өз пікірін қалыптастыруға талпынады.

Келесі кезеңде бала ертегі желісі бойынша әзірленген квест тапсырмаларын орындайды. Ол сұрақтарға жауап береді, оқиғалардың ретін анықтайды, кейіпкерге көмектеседі және дұрыс шешім іздейді. Осы арқылы баланың зейіні, есте сақтау қабілеті, логикалық ойлауы және шешім қабылдау дағдысы дамытылады.

Одан кейінгі кезең – ART-терапия. Бала ертегіден алған әсерін сурет, бояу және шығармашылық жұмыс арқылы жеткізеді. Мысалы, ол сүйікті кейіпкерінің суретін салып, ертегі оқиғасын бейнелей алады немесе шығармаға өзінше жаңа шешім ұсынады. Мұнда баланың суретті мінсіз салуы емес, өз ойын еркін жеткізуі маңызды.

Осылайша бір ертегі бірнеше әрекетке жалғасады: бала тыңдайды, ойланады, сұрақ қояды, кейіпкермен тілдеседі, квест орындайды және шығармашылық жұмыс жасайды.

«Жобада ұлттық мазмұнға да ерекше мән берілген. Платформада қазақ ертегілері мен ұлттық кейіпкерлерді пайдалану арқылы балалардың халықтық дүниетанымын, адамгершілік құндылықтарды тануына мүмкіндік жасалады. Кейіпкерлердің әрекетін талдау барысында бала жақсылық пен жамандықты, адалдық пен әділетсіздікті, батылдық пен қорқақтықты ажыратуға үйренеді», - деп хабарлады әкімдіктің баспасөз қызметі.

Алдағы уақытта электрондық платформаны жаңа ертегілермен, кейіпкерлермен және танымдық тапсырмалармен толықтыру жоспарланып отыр.

Еске салсақ, ҚР ДСМ Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті  балаға мектеп сөмкесін сатып алу кезінде оның салмағына, конструкциясына және таңбалануына назар аударуды ұсынды.