Мектеп сөмкесін таңдауда нені ескеру керек: ата-аналарға 5 кеңес
Жаңа оқу жылына дайындық кезінде ата-аналар мектеп формасы мен оқу құралдарымен қатар, баланың күнделікті алып жүретін сөмкесін де дұрыс таңдауы керек. ҚР ДСМ Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті мектеп сөмкесін сатып алу кезінде оның салмағына, конструкциясына және таңбалануына назар аударуды ұсынады, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Сөмкенің салмағы болуы тиіс?
Мектеп сөмкесін таңдауда оның бос кездегі салмағы маңызды. КО ТР 007/2011 талаптарына сәйкес, бастауыш сынып оқушыларына арналған бос сөмке 700 грамнан; орта және жоғары сынып оқушыларына арналған сөмке 1 келіден аспауы тиіс.
Ал сөмкенің оқу құралдарымен бірге жалпы салмағы баланың дене салмағының 10 пайызынан артық болмағаны жөн.
Мысалы, салмағы 30 кг бала үшін сөмкедегі заттардың жалпы салмағын шамамен 3 келіден асырмаған дұрыс.
Қауіпсіз сөмкені қалай таңдауға болады?
1. Таңбалануын тексеріңіз.
Сөмкеде өнім туралы толық әрі түсінікті ақпарат болуы керек. Таңбалау мемлекеттік және орыс тілдерінде ұсынылып, материал, дайындаушы ел, өндіруші немесе импорттаушы, бұйымның мақсаты, баланың жасы және пайдалану жөніндегі ұсынымдар көрсетілуі тиіс.
Балаларға арналған сөмкенің КО ТР 007/2011 талаптарына сәйкестігі расталғанына көз жеткізу қажет.
2. Арқалығы дұрыс модельді таңдаңыз.
Сөмкенің арқаны жақсы ұстап тұратын, пішінін сақтайтын арқалығы болғаны жөн.
3. Иықбауларына мән беріңіз.
Кең, жұмсақ әрі ұзындығы реттелетін иықбаулары бар сөмке балаға ыңғайлырақ.
4. Қауіпсіздік элементтері болғаны дұрыс.
Берік, су өткізбейтін материалдан жасалған және қараңғы уақытта баланы көзге түсіретін жарық шағылыстырғыш элементтері бар модельдерге басымдық берген жөн.
5. Сөмкені артық заттармен толтырмаңыз.
Бала күн сайын қажет емес оқулықтар мен заттарды арқалап жүрмеуі керек. Сөмке неғұрлым жеңіл болса, арқасына түсетін жүктеме де соғұрлым аз болады.
Сөмке баланың бойына сәйкес келіп, арқасына ыңғайлы орналасуы, шамадан тыс қысым түсірмеуі және қозғалысына кедергі келтірмеуі қажет.
Ең бастысы мектеп сөмкесін тек сыртқы көрінісі мен сыйымдылығына қарап таңдамаңыз. Оның салмағы, өлшемі, конструкциясы, материалы және балаға қаншалықты ыңғайлы екені әлдеқайда маңызды.
Бұған дейін оқушылардың қанша сағат ұйықтауы керектігі жөнінде Денсаулық сақтау министрлігінің маңызды ұсынымын жазған болатынбыз.