«Келешек мектептері» – ұлттық білім үлгісін қалыптастыратын орталық – Жанар Ермұхамбетова

«Келешек мектептері» – ұлттық білім үлгісін қалыптастыратын орталық – Жанар Ермұхамбетова
Фото Жанар Ермұхамбетованың жеке мұрағатынан

Астанадағы №109 мектеп директоры Жанар Ермұхамбетова Республикалық тамыз конференциясында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың білім беру саласына қатысты айтқан бастамалары мен маңызды міндеттері туралы пікір білдірді, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

«Президент өз баяндамасында: «Алдағы үш жыл ішінде «Келешек мектептері» білім берудің озық тәжірибелерін сынақтан өткізетін орталыққа айналуға тиіс», – деп нақты міндет қойды. Осы орайда Ыбырай Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясына зор жауапкершілік жүктеліп отыр. «Келешек мектептері» – жай ғана заманауи ғимарат емес, ол инновациялық шешімдерді енгізетін және ұлттық білім беру үлгісін қалыптастыратын негізгі орталық. Біз бұл озық тәжірибелерді өз мектебіміздің оқу процесіне бейімдеп, белсенді енгізуге дайынбыз», – деді Жанар Ермұхамбетова.

Өз сөзінде мектеп директоры Мемлекет басшысының бастамаларына тоқталды.

«Адал азамат» және тәрбие мазмұны. Мемлекет басшысы орта білімнің мазмұнын заман талабына сай жаңғыртуды жүктеді. Нақты дәлелі жоқ тарихи аңыздардың орнына өскелең ұрпақты ілгерілеуге, ғылым мен прогреске бағыттайтын пәндерге басымдық берілуі тиіс. Біздің басты мақсатымыз – білімді де тәрбиелі, адал, еңбекқор және заңды құрметтейтін азамат тәрбиелеу.

Ұстазға жағдай жасау – сапа негізі. Президент әрқашан педагог мәртебесін көтеруді басты орынға қояды. Мектеп басшысының міндеті – мұғалімді артық қағазбастылық пен кәсіби міндетіне жатпайтын жұмыстардан босатып, оның уақыты мен шығармашылық энергиясын тек сапалы сабақ беруге бағыттау.

Білімдегі алшақтықты жою және өзара қолдау. Мемлекет басшысы Президент Әкімшілігі мен Үкіметке төмен нәтиже көрсеткен өңірлерге талдау жүргізіп, нақты көмек көрсетуді тапсырды. Сондай-ақ жетістікке жеткен мектептер мен даму институттарының мүмкіндігін кеңінен пайдалану қажеттігін айтты. Бұл – еліміздегі барлық балаға сапалы білімді теңдей қолжетімді етудің төте жолы», – деді ол.

Жанар Ермұхамбетова ЖИ мұғалімнің орнын басатын құрал емес, оның мүмкіндігін арттыратын көмекші екенін атап өтті.

«Біз оқушыны технологияны дұрыс, жауапкершілікпен әрі аналитикалық түрде пайдалануға үйретуіміз керек. Сондай-ақ баланың психологиялық қауіпсіздігі мен эмоциялық жайлылығы мектептегі басты көрсеткіш болып қала береді. Мықты мектеп – мұғалімі шабытпен жұмыс істейтін, оқушысы қуана келетін, ал ата-анасы толық сенетін орта. Мемлекет басшысы атап өткендей, барлық реформаның түпкі мақсаты – адамның әлеуетін ашу. Ал мектеп басшысы ретінде менің басты ұстанымым: баланың болашағына инвестиция жасау – мұғалімге жағдай жасаудан және сапалы білім беру жүйесін құрудан басталады», – деп түйіндеді №109 мектеп директоры.

Бұған дейін №103 Жайлы мектептің директоры Жанар Айтованың Президент қатысқан жиыннан кейінгі түйген ой-пікірімен бөліскенін жаздық.