Білім берудің жаңа кезеңіне жол аштық – Жанар Айтова
Республикалық тамыз конференциясының пленарлық отырысында білім беру саласының болашағына бағытталған маңызды міндеттер айқындалды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұстаздар қауымымен маңызды мәселелерді талқылап, білім жүйесін жаңа деңгейге көтеруге серпін беретін нақты тапсырмалар берді. Астана қаласындағы №103 Жайлы мектептің директоры Жанар Айтова Президент қатысқан жиыннан кейінгі түйген ой-пікірімен әлеуметтік желіде бөлісті, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
«Биылғы конференцияның басты тақырыбы — «Адам капиталы, білім, прогресс – Халықтық Конституцияның негізгі құндылықтары».
Президент білім сапасын арттыру, адами капиталды дамыту және озық тәжірибелерді кеңінен енгізу қажеттігін атап өтті.
«Келешек мектептері» алдағы үш жыл ішінде білім берудің озық тәжірибелерін сынақтан өткізетін орталыққа айналуға тиіс.
Бұл мектептер тек заманауи ғимарат емес, инновациялық шешімдер енгізілетін, жаңа педагогикалық тәсілдер сыналатын және ұлттық білім беру үлгісі қалыптасатын маңызды алаң болуы қажет.
Мемлекет басшысы сондай-ақ білім беру саласындағы нәтижесі төмен өңірлерге нақты қолдау көрсетіп, олардың даму бағыттарын жан-жақты талдау қажеттігін тапсырды. Жетістікке жеткен мектептер мен даму институттарының тәжірибесін кеңінен пайдалану — білім сапасын арттырудың маңызды тетігі», - деді Жанар Айтова.
Оның айтуынша, орта білім мазмұнын заман талабына сай жаңғырту да — басты міндеттердің бірі. Өскелең ұрпаққа білім, ғылым, технология, жаңашылдық пен прогреске бағытталған заманауи білім беру қажет.
«Осы бағытта Ыбырай Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясына үлкен жауапкершілік жүктеліп отыр.
Білім саласындағы бұл бастамалар — жаңа оқу жылына ғана емес, елдің ұзақ мерзімді дамуына бағытталған стратегиялық қадамдар», - деп жазды ол.
Еске салайық, бұған дейін Астана қаласы №114 мектептің директоры Ұлбала Тойлыбаеваның пікірін берген едік.