Қазақстан мен АҚШ төтенше жағдайларға бірлесіп әрекет ету мәселесін талқылады
Қазақстан Төтенше жағдайлар министрлігінде АҚШ Елшілігінің Қазақстандағы делегациясымен кездесу өтіп, азаматтық қорғау саласындағы екіжақты ынтымақтастықты дамыту перспективалары талқыланды, деп хабарлайды Elordainfo.kz ТЖМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Кездесу барысында тараптар төтенше жағдайларды жою кезіндегі бірлескен іс-қимылдарды ұйымдастыру, авиамедициналық эвакуация және халықты құлақтандыру жүйелері мәселелерін қарастырды.

Сонымен қатар Каспий теңізіндегі іздестіру-құтқару жұмыстары, ядролық және радиациялық қауіпсіздік бағыттарындағы ынтымақтастыққа назар аударылды.
Кездесуге ТЖМ құрылымдық бөлімшелерінің басшылары қатысты.

Тараптар азаматтық қорғау саласында тәжірибе алмасуды, кәсіби байланыстарды дамытуды және бірлескен іс-шараларды іске асыруды жалғастыруға келісті.
Бұған дейін Астанада Есіл өзенінен жүзіп өтпек болған азаматқа көмек көрсетілгенін жаздық.