Қазақстан Премьер-министрінің орынбасары Қанат Бозымбаев бастаған делегация Лондонда Ұлыбритания Үкіметінің, халықаралық банктер мен қаржы ұйымдарының өкілдерімен кездесті. Келіссөздер барысында Alatau City инфрақұрылымын қаржыландыру, британдық технологияларды тарту және білім беру саласындағы ынтымақтастық мәселелері талқыланды, деп хабарлайды Elordainfo.kz primeminister.kz сайтына сілтеме жасап.
UK Export Finance (UKEF) экспорттық-кредиттік агенттігінің басшылығымен өткен кездесуде қаланың энергетика, көлік және коммуналдық инфрақұрылымын дамыту жобаларын қаржыландыру мүмкіндіктері қарастырылды.
Қазақстан тарапы энергетикалық нысандарды, сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін, көлік инфрақұрылымын салуға британдық инженерлік компаниялар мен қаржы институттарын тартуды ұсынды.

Ұлыбритания Сыртқы істер министрінің парламенттік орынбасары лорд Стюарт Вудпен кездесуде екі ел арасындағы стратегиялық әріптестікті дамыту, энергетика, өнеркәсіп және цифрлық экономика салаларындағы ынтымақтастық мәселелері сөз болды.
Ал Standard Chartered өкілі Чарльз Корбеттпен келіссөздер барысында Alatau City жобаларына капитал тартудың қаржылық тетіктері талқыланды. Атап айтқанда, синдикаттық кредиттеу, халықаралық даму институттарімен бірлесіп қаржыландыру және экспорттық-кредиттік агенттіктердің кепілдіктерін пайдалану мүмкіндіктері қарастырылды.
Сонымен қатар қазақстандық делегация Ұлыбританияның мемлекеттік министрлерімен кездесіп, сауда-инвестициялық әріптестікті кеңейту, технологиялар трансферті, жасанды интеллект және инновация салаларында бірлескен жобаларды іске асыру мәселелерін талқылады.
Сапар барысында Alatau City-де халықаралық мектеп ашу мүмкіндігі де қарастырылды. Қазақстандық делегация Magdalen College School басшылығымен британдық білім беру бағдарламаларын енгізу және педагогтерді бірлесіп даярлау мәселелері бойынша келіссөз жүргізді.
Кездесулерде Alatau City инфрақұрылымын дамытуға халықаралық қаржы мен заманауи технологияларды тарту мүмкіндіктеріне басымдық берілді.
Бұған дейін Лондонда Alatau City бойынша 9 келісімге қол қойылғаны хабарланған еді.





