Қазақстан мен Франция сот төрелігін цифрландыру мәселесін талқылады

Қазақстан мен Франция сот төрелігін цифрландыру мәселесін талқылады
Фото: Жоғарғы сот

Қазақстан Жоғарғы Сотының төрағасы Асламбек Мерғалиев Францияның еліміздегі Төтенше және Өкілетті Елшісі Сильван Гиогемен кездесті. Тараптар сот-құқықтық саладағы ынтымақтастықты дамыту және тәжірибе алмасу мәселелерін талқылады, деп хабарлайды Elordainfo.kz Жоғарғы Соттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Кездесу барысында Асламбек Мерғалиев Қазақстан мен Франция арасындағы стратегиялық серіктестікке тоқталып, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Францияға мемлекеттік сапары екіжақты ынтымақтастықты нығайтуға ықпал еткенін атап өтті.

Жоғарғы Сот төрағасы қазақстандық судьялардың халықаралық бастамаларға белсенді қатысып келе жатқанын жеткізді. Атап айтқанда, Сот төрелігінің тиімділігі жөніндегі Еуропалық комиссия (CEPEJ), Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы (ЭЫДҰ) және Страсбургтегі кәсіби институттар аясындағы ынтымақтастық туралы сөз болды.

Сондай-ақ Адам құқықтары жөніндегі Еуропалық сотпен ынтымақтастық туралы меморандум жасалғаны аталып өтті.

Тараптар сот практикасының бірізділігін қамтамасыз ету, әкімшілік әділетті дамыту, судьялардың кәсіби даярлығын жетілдіру және сот ісін жүргізуді цифрландыру бағыттарында тәжірибе алмасуға қызығушылық білдірді.

Өз кезегінде Франция елшісі Сильван Гиоге Қазақстанда жүргізіліп жатқан сот реформаларына оң баға беріп, екі елдің заң қоғамдастықтары арасындағы кәсіби диалогты жалғастырудың маңызын атап өтті.

Кездесу соңында тараптар сот-құқықтық саладағы ынтымақтастықты одан әрі дамытуға дайын екендерін білдірді.

Бұған дейін Қазақстанның экологиялық сот төрелігі саласындағы тәжірибесі Бішкекте таныстырылғаны хабарланған еді.