Болат Рысқалиев: Технологияның мүмкіндігін ашатын да, оны ел игілігіне бағыттайтын да – адам
Мемлекет басшысының тамыз кеңесінде айтқан ойлары білім беру саласында жүзеге асып жатқан өзгерістердің маңызын айқындап, алдағы даму бағыттарына назар аударуға мүмкіндік береді. «ASTANA POLYTECHNIC» жоғары колледжінің директоры Болат Рысқалиев осындай пікір айтты, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Оның сөзінше, «ASTANA POLYTECHNIC» жоғары колледжі үшін жасанды интеллект пен жаңа формациядағы мамандарды даярлауға қатысты айтылған ойлар ерекше маңызды.
«Біз үшінші жыл қатарынан жасанды интеллектіні білім беру бағдарламаларына, оқу үдерісіне және студенттердің кәсіби даярлығына жүйелі түрде енгізіп келеміз. Сондықтан бүгінде біз үшін мәселе «ЖИ-ді енгізу керек пе?» деген сұрақта емес, «Оны студенттің кәсіби дамуы мен нақты нәтижесіне қалай тиімді бағыттай аламыз?» деген сұрақта тұр.
Тәжірибе көрсеткендей, жасанды интеллектіні білім беру үдерісіне енгізу студенттің оқу және кәсіби міндеттерді орындау тәсілін өзгертеді. Ол ақпаратты іздеу мен өңдеуден бастап, шешімдерді модельдеу, бағдарламалау, деректерді талдау және цифрлық өнімдер әзірлеуге дейінгі көптеген үдерістерді жеделдетуге мүмкіндік береді. Алайда технология қаншалықты дамығанымен, түпкі нәтиже адамның кәсіби ойлауына байланысты. Сондықтан студент ЖИ ұсынған дайын жауапты қабылдаушы емес, мәселені дұрыс қоя білетін, ақпаратты саралайтын, нәтижені сыни тұрғыдан бағалайтын және соңғы шешім үшін жауапкершілік ала алатын маман болуы қажет.
Ендігі кезеңде колледж үшін жекелеген ЖИ құралдарын қолданудан оны нақты мамандықтардың кәсіби құзыреттерімен ұштастыруға көшу маңызды. Болашақ бағдарламашы, бухгалтер, ақпараттық қауіпсіздік маманы, техник немесе инженер ЖИ мүмкіндіктерін біліп қана қоймай, оны кәсіби қызметінің сапасы мен тиімділігін арттыру үшін тиімді пайдалана алуы керек.
Бұл міндет техникалық және кәсіптік білім берудің рөлін де арттыра түседі. Колледж еңбек нарығына жақын болғандықтан, мамандарды даярлау мазмұны заман талабына сай үнемі жаңарып отыруы тиіс. Бүгінгі жұмыс беруші технологияны білетін ғана емес, оны нақты кәсіби міндеттерді шешуде тиімді пайдалана алатын маманды күтеді», - деді Болат Рысқалиев.
Мұндай өзгерістер педагогтің рөліне де жаңа талап қояды.
«Жасанды интеллект педагогті алмастырмайды, керісінше оның кәсіби рөлін жаңа деңгейге көтереді. Педагогтің міндеті — студентке дайын ақпарат берумен шектелмей, оны ойлауға, талдауға, дұрыс шешім қабылдауға және өз нәтижесіне жауап беруге үйрету.
Сонымен бірге жаңа формациядағы маманды даярлау тек кәсіби және технологиялық құзыреттермен шектелмеуі тиіс. Мемлекет басшысының еңбекқорлық, патриотизм, жауапкершілік және жасампаздық құндылықтарына жасаған акценті біз үшін де маңызды. Біздің басты бағдарымыз — елдің адами капиталын дамыту, кәсіби білімі мықты, заманауи технологияны еркін меңгерген, еңбекқор, жауапты әрі патриот «Адал азамат» қалыптастыру.
Себебі технологияның мүмкіндігін ашатын да, оны ел игілігіне бағыттайтын да — адам. Сондықтан «ASTANA POLYTECHNIC» жоғары колледждің басты міндеті — заманауи технологияны меңгерген білікті маманмен қатар, өз білімі мен еңбегін ел дамуына бағыттайтын саналы азамат тәрбиелеу. Мықты адами капитал — елдің бәсекеге қабілеттілігі мен болашағының негізі», - деп мәлімдеді «ASTANA POLYTECHNIC» жоғары колледжінің директоры Болат Рысқалиев.