Президент «Әділет» партиясына қойылатын талап жоғары екенін айтты
Бұл туралы ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бірінші шақырылымдағы Құрылтайдың бірінші сессиясының ашылуында сөйлеген сөзінде айтты, деп хабарлайды Elordainfo.kz Ақордаға сілтеме жасап.
«Жалпы, бұл сайлаудың мәні де, мазмұны да өзгеше болды. Себебі өткен сайлау ең алдымен Қазақстандағы саяси алуандықтың жаңа сапалы деңгейге көтерілгенін байқатты.
Партиялар өзінің әлеуетін толық көрсетті. Өз бағдарламасын жұртшылыққа жан-жақты түсіндіріп, жеткізе білді.
Науқанға қатысқан барлық партияның ұсыныстары жұртшылықтың назарын аударды, қоғамдық өмірге үлкен серпін берді. Көптеген байқаушылар партиялардың арасында ашық бәсеке болғанын айтты.
Шын мәнінде, әр партияның өз бағдары, ұстанымы және идеологиясы бар. Науқан барысында олардың қоғамдағы рөлі, саяси жүйедегі орны айқындала түсті.
Мұны Құрылтай сайлауының негізгі жетістігі деп бағалауға болады. Осындай оң өзгерістердің арқасында Қазақстандағы саяси-қоғамдық мәдениет үнемі дамып, жетіліп отырады.
Болашақта партиялардың билік жүйесіндегі ықпалы да күшейе түседі. Әр науқан сайын олардың рөлі арта бермек.
Сондықтан партиялар алған бағыттарынан таймай, сайлаушылармен жұмысты жалғастыра беруі керек. Сонда ғана саяси ұйымдардың беделі күшейе түседі», - деді ол.
Президент партиялар ұсынған бағдарламалардың мазмұнына ерекше тоқталды.
«Бұл құжаттарда тың идеялар, тиімді ұсыныстар бар. Оның бәрі де алдағы жұмыс барысында мұқият сараланады.
Еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беретін ең ұтымды шешімдер Үкіметтің жұмысында ескерілуге тиіс.
Сайлауда «Әділет» партиясы басым дауыспен жеңіске жетіп, Құрылтайда конституциялық көпшілікті құрап отыр. Сондықтан «Әділет» партиясына қойылатын талап та, артылатын үміт те, сенім де аса жоғары.
Осы орайда, қоғамды ортақ мүддеге ұйыстырып, реформалардың қозғаушы күші болу өте маңызды. Бұл міндет ойдағыдай орындалады деп сенемін», - деді Мемлекет басшысы.