Елімізде су тасқыны қаупі төмендеді – ТЖМ

5 мамыр, 2026
Думан Аманжол Думан Аманжол
Елімізде су тасқыны қаупі төмендеді – ТЖМ
Фото: ТЖМ

Еліміздің басым бөлігінде су тасқынының қаупі азайды, жағдай тұрақты, мониторинг жүргізілуде, деп хабарлайды Elordainfo.kz Төтенша жағдайлар министрлігіне сілтеме жасап.

Министрліктің мәліметінше еліміздің оңтүстік, батыс және орталық өңірлерінде су тасқынының белсенді кезеңі азайды. Солтүстік Қазақстан облысы мен Шығыс Қазақстан облысы бақылауда.

«Бүгінгі таңда Шығыс Қазақстан облысындағы гидрологиялық ахуал тұрақты. Өзендердегі су деңгейі қауіпті межеден төмен, су басу фактілері тіркелген жоқ. Облыс аумағының 13%-да әлі қар жатыр. Су тасқыны жағдайына тәулік бойы мониторинг жүргізілуде» , делінеді хабарламада.

Сондай-ақ, Солтүстік Қазақстан облысында тұрақты мониторинг жүргізілуде.

«Сергеев су қоймасының жотасы арқылы өтетін су мөлшері біртіндеп төмендеуде, Есіл өзенінің Қызылжар ауданы мен Петропавл қаласында су деңгейінің көтерілуі қауіпті межеге жеткен жоқ. Облыс орталығына жақын орналасқан Есіл өзенінің жайылмасындағы саяжай учаскелерінде тұрақты патрульдеу жүргізілуде. Облыстағы ахуал тұрақты, бақылау жүргізілуде», деп хабарлады ТЖМ.