Елордада құтқарушылар ағаш басынан түсе алмаған екі мысықты иелеріне табыстады

Елордада құтқарушылар ағаш басынан түсе алмаған екі мысықты иелеріне табыстады
Фото: ТЖМ

Астаналық құтқарушылар биік ағашқа шығып, өздігінен түсе алмай қалған мысықтарды құтқарып, иелеріне табыстады, деп хабарлайды Elordainfo.kz ТЖМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

ТЖМ мәліметінше, Астанада 112 пультіне екі ұқсас шақырту түскен. «Сарыарқа» ауданындағы Жеңіс және Республика даңғылдарының бойында орналасқан тұрғын үйлердің маңында мысықтар биік ағашқа шығып, өздігінен түсе алмай қалған.

Құтқарушылар жедел әрекет етіп, үш иінді саты мен альпинистік құралдардың көмегімен ағашқа көтеріліп, үй жануарларын абайлап жерге түсірген.

«Екі мысық та сәтті құтқарылып, иелеріне табысталды. Біз үшін әрбір өмір маңызды!» – делінген хабарламада.

Бұған дейін Алматыда үш жасөспірімнің түнде таудан түсе алмай қалғанын жазған едік.