Стартаптарды қаржыландыру: Astana Hub пен zypl Holding LTD меморандумға қол қойды
GITEX AI Kazakhstan 2026 аясында zypl Holding LTD компаниясы мен Astana Hub халықаралық инновациялық кластері өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Жасанды интеллект және цифрландыру министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Келісім стартаптарды бағалау мен қаржыландыру үдерісіне жасанды интеллектіні енгізуге бағытталған.
Тараптар стартаптарға қаржыландыруға қолжетімділікті жеңілдетіп, олардың әлеуетін бағалау сапасын арттыратын цифрлық инфрақұрылымды бірлесіп дамытуға келісті. Ынтымақтастық аясында Astana Hub қатысушылары үшін жаңа буындағы скоринг моделі әзірленеді.
«zypl Holding LTD-пен меморандумға қол қою – Astana Hub-та стартаптарды қолдау құралдарын дамытудағы және Қазақстанның инновациялық экожүйесін нығайтудағы маңызды қадам. Біз стартаптардың өсуіне жағдай жасап, олардың технологиялық бизнеске сай қаржыландыруға қол жеткізуіне жұмыс істеп келеміз. Жасанды интеллект негізіндегі скоринг пен баламалы деректер жобаларды дәлірек бағалап, серіктестер үшін тәуекелдерді азайтады», – деді Astana Hub басқарушы директоры Назгүл Байтемирова.
Ынтымақтастықтың тағы бір маңызды бағыты – баламалы деректерді жинау құралдарын дамыту. Бұл API-интеграциялар мен түрлі цифрлық шешімдер арқылы шағын және орта бизнес туралы кең ауқымды ақпарат жинауды көздейді. Жиналған деректер қаржы институттарына кредиттік шешім қабылдауда қосымша ресурс ретінде ұсынылады, бұл ретте дербес деректерді қорғау талаптары толық сақталады.
«Жасанды интеллект – біздің қызметіміздің өзегі. Біздің модельдер тек деректерді өңдемейді, олар дәстүрлі құралдар тек тәуекел деп бағалайтын жерде әлеуетті көре алады. Astana Hub-пен бірге біз бұл мүмкіндікті стартаптарды қаржыландыру шешімдері қабылданатын нақты жерде қолданамыз», – деді zypl компаниясының Орталық Азия және ТМД бойынша аймақтық директоры Искандар Шодиев.
Сонымен қатар тараптар баламалы деректерді жинау құралдарын дамытуға уағдаласты. Бұл API-интеграциялар арқылы шағын және орта бизнес туралы қосымша ақпарат жинап, қаржы ұйымдарына шешім қабылдауда пайдалануға мүмкіндік береді.
Жоба аясында қаржыландыруға өтінім беруге арналған цифрлық платформа іске қосылады. Онда стартаптар автоматты бағалаудан өтіп, қаржы серіктестерімен бір жүйеде жұмыс істей алады.
Меморандум финтех пен инновациялық инфрақұрылым арасындағы өзара іс-қимылды күшейтіп, стартаптарды қаржыландырудың жаңа моделін қалыптастыруға бағытталған. Бұл бастама Қазақстанның цифрлық экономикасын дамытуға ықпал етеді.
Бұған дейін «Қорлар қоры» 95 млн доллар тартып, ЖИ жобаларын қаржыландыруды бастағанын жазған едік.