Қазақстан ТЖМ делегациясы Беларусь АЭС-іне барды
Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің Беларусь Республикасына жұмыс сапары аясында министр Мұрат Мұханов бастаған делегация Беларусь атом электр станциясына барды, деп хабарлайды Elordainfo.kz ҚР ТЖМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
БелАЭС басшылығы станцияның жұмысы, қауіпсіздік жүйелері және жедел персоналды даярлау туралы ақпарат ұсынды. Делегация өндірістік алаңмен, ақпараттық орталықпен және толық ауқымды тренажермен танысты.

Тренажер энергоблоктың әртүрлі жұмыс режимдерін модельдеуге және штаттан тыс жағдайлар туындаған кезде персоналдың іс-қимылдарын пысықтауға мүмкіндік береді.
Сапар барысында БелАЭС қауіпсіздігін қамтамасыз ететін ТЖМ бөлімшесіне барып, қызмет атқаруды ұйымдастыру, мониторинг және хабарлау жүйелері, штаттан тыс жағдайларға ден қою тәртібі, сондай-ақ құтқарушылардың станцияның жедел персоналымен өзара іс-қимылы қаралды.

Делегацияға өрт сөндіру және авариялық-құтқару техникасы, арнайы жабдықтар және кезекші ауысымды паналауға арналған қорғаныс құрылысы көрсетілді.

Бұған дейін елімізде ядролық физика мамандарына сұраныс арта түсетіні туралы жазылған еді.