Moody’s Қазақстанның кредиттік рейтингін «Baa1» деңгейінде растады

Moody’s Қазақстанның кредиттік рейтингін «Baa1» деңгейінде растады
Фото: ЖИ

Moody’s халықаралық рейтингтік агенттігі Қазақстанның егеменді кредиттік рейтингін «Baa1» деңгейінде растады. Рейтинг бойынша болжам – «Тұрақты». Бұл туралы Elordainfo.kz Ұлттық экономика министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Агенттіктің бағалауынша, Қазақстанның кредиттік рейтингіне мемлекеттік борыштың төмен деңгейі, борышқа қызмет көрсету қабілеті және жинақталған валюталық активтер қолдау көрсетеді. Бұл факторлар экономикалық саясатты жүргізуге мүмкіндік беріп, сыртқы экономикалық күйзелістерге қарсы қаржылық қор қалыптастырады.

Moody’s мұнай өндіру көлемінің төмендеуіне қарамастан, Қазақстан экономикасы өсімін жалғастырып отырғанын атап өтті. Бұған өңдеуші өнеркәсіп, құрылыс, көлік және басқа да мұнайдан тыс салалардың үлесі ықпал етіп отыр.

Агенттік цифрлық, көлік және энергетикалық инфрақұрылымға салынатын инвестициялар орта мерзімді перспективада экономикалық өсімді қолдайтынын атап өтті. Бағалауға сәйкес, шикізаттық емес секторлар экономиканың негізгі өсу бағыттарының бірі болып қала береді.

Сонымен қатар Moody’s салық реформалары мұнайдан тыс бюджет кірістерін ұлғайтып, мемлекеттік қаржының тұрақтылығын нығайтуға ықпал етуі мүмкін екенін көрсеткен.

Агенттіктің пайымдауынша, экономиканы әртараптандыру, салық реформалары және инфрақұрылымдық инвестициялар Қазақстанның фискалдық перспективаларын жақсартып, алдағы экономикалық өсімге мүмкіндік береді.

Бұған дейін Қазақстан Дүниежүзілік банкпен 33 жылда 50-ден астам жоба іске асырғанын жазған едік.