Қазақстанда мемлекеттік қызметтің кадрлық процестеріне ЖИ-ді енгізу талқыланды
Қазақстанда мемлекеттік қызметтің кадрлық процестеріне жасанды интеллект агенттерін енгізу және мемлекеттік қызметшілерді ЖИ құралдарын тиімді пайдалануға үйрету мәселелері талқыланды. Бұл туралы Elordainfo.kz Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
Агенттік төрағасы Дархан Жазықбай 01.AI компаниясының бас директоры, Қазақстан Президенті төрағалық ететін Жасанды интеллектті дамыту жөніндегі кеңестің халықаралық сарапшысы Кай-Фу Лимен кездесті.

Кездесуде мемлекеттік аппаратты цифрландыру, кадрлық процестерді автоматтандыру және мемлекеттік қызметшілердің жасанды интеллект саласындағы біліктілігін арттыру мәселелері қаралды.
Дархан Жазықбай Мемлекет басшысы Қазақстанды үш жыл ішінде толыққанды цифрлық мемлекетке айналдыру міндетін қойғанын атап өтті. Бұл бағыттағы бастамалардың бірі – 2029 жылға дейінгі «Digital Qazaqstan» жалпыұлттық стратегиясы. Оның аясында мемлекеттік аппаратты деректерге негізделген, проактивті және сервистік басқару моделіне көшіру көзделген.

Қазіргі уақытта мемлекеттік қызметке іріктеудің e-Qyzmet жүйесі 80 мыңнан астам мемлекеттік қызметшіні қамтиды. Жүйеде 400-ден астам кадрлық процесс автоматтандырылып, 100-ден астам мемлекеттік ақпараттық жүйемен интеграция жасалған.
Кездесу барысында кадрлық процестерге ЖИ-агенттерді енгізу, HR-аналитиканы дамыту, адами ресурстарды алдын ала жоспарлау, сондай-ақ жасанды интеллектіні қолданудың нормативтік және этикалық негіздерін жетілдіру мәселелері талқыланды.
Сонымен қатар 01.AI сарапшыларын «AI Governance 500» бағдарламасына тарту және мемлекеттік қызметшілерді ЖИ құралдарын тиімді пайдалануға үйрету жөнінде пікір алмасты.
Бұған дейін Астанада Орталық Азия елдері мен АҚШ ЖИ мен цифрлық технологияларды талқылағаны хабарланған еді.