Елімізде «Ұстазым, ардақты ұстазым!» республикалық акциясы басталды
Мұғалімдер күні қарсаңында елімізде ұстаздарға алғыс білдіруге және олардың еңбегін дәріптеуге бағытталған «Ұстазым, ардақты ұстазым!» республикалық акциясы басталды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Оқу-ағарту министрлігіне сілтеме жасап.
Бастама 29 қыркүйек - 5 қазан аралығында еліміздің барлық өңірінде өтетін «Ұстаз - ұлт шамшырағы» іс-шаралары аясында жүзеге асырылады. Осы кезеңде білім беру ұйымдарында педагог мәртебесін арттыруға және ұстаздық кәсіпті дәріптеуге бағытталған мерекелік, ағартушылық және тақырыптық іс-шаралар ұйымдастырылады.
«Бүгінде Қазақстандағы 23 мыңға жуық білім беру ұйымында 600 мыңнан астам педагог еңбек етеді. Олардың күнделікті еңбегі білім сапасын қамтамасыз етуде, өскелең ұрпақты тәрбиелеуде және еліміздің адами капиталын дамытуда маңызды рөл атқарады», - деп хабарлады ведомствода.
Акция аясында әрбір азамат өзінің ұстазы немесе тәлімгері туралы айтып, естелігімен бөлісіп, алғысын білдіре алады.
Қатысушылар әлеуметтік желілерде ұстазы туралы фото, видео немесе оқиғасын #ҰстазымАрдақтыҰстазым хэштегімен жариялай алады, хат немесе ашықхат жолдай алады, сондай-ақ алғысын жеке білдіре алады.
Министрлік оқушыларды, түлектерді, ата-аналарды, қоғам өкілдерін және барша қазақстандықтарды акцияға қосылып, өмірінде із қалдырған ұстаздары туралы естеліктерімен бөлісуге шақырды.
Айта кетейік, 2023 жылдан бастап елімізде Мұғалімдер күні ресми түрде 5 қазанда атап өтіледі. Кәсіби мереке аясында еліміздің барлық өңірінде педагогтердің, білім саласы ардагерлерінің, оқушылар мен ата-аналардың қатысуымен түрлі іс-шаралар өтеді.
Еске салсақ, Астанада «Ұстазыңды құттықта» челленджі басталды.