Бектенов 2027 жылғы егіс науқанына дайындық жұмыстарын бастауды тапсырды

Бүгін, 12:49
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
Бектенов 2027 жылғы егіс науқанына дайындық жұмыстарын бастауды тапсырды
Фото: primeminister.kz

ҚР Премьер-министрі Олжас Бектенов аграршыларды қаржыландыруды және 2027 жылғы егіс науқанына дайындық жұмыстарын алдын ала қамтамасыз етуді, сондай-ақ биылғы егінді қабылдау мен өнімді сақтауды ұйымдастыруды тапсырды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Қазірден бастап 2027 жылғы ауыл шаруашылығы маусымын табысты өткізуге, оның ішінде оны қаржыландыруға тиісті негіз қалыптастыру қажет. Ауыл шаруашылығын ерте қаржыландыру тәжірибесі егіншілерді тиімді қолдау құралы екенін көрсетті. «Бәйтерек» холдингі ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді уақтылы қаржыландыруды қамтамасыз етсін», - деп атап өтті Премьер-министр.

Сонымен қатар әкімдіктері минералдық тыңайтқыштар енгізу, элиталық тұқымдардың үлесін арттыру және ауыл шаруашылығы техникасы паркін жаңарту бойынша индикативтік көрсеткіштерді қамтамасыз ету тапсырылды.

Қант қызылшасын қабылдау жұмыстарын ұйымдастыруға тиісті көңіл бөлу қажет. 

«Жамбыл және Жетісу облыстарының әкімдіктері қант зауыттарының өнімді қабылдауға және өңдеуге толық дайын болуын, сондай-ақ қабылдау пункттерінің үздіксіз жұмысын қамтамасыз етуі тиіс. Ұзын-сонар кезек пен жиналған өнімнің бүлінуіне жол бермеу өте маңызды», - деп тапсырды Олжас Бектенов. 

Жалпы, Ауыл шаруашылығы министрлігіне әкімдіктермен бірлесіп, жұмыстардың уақтылы аяқталуын, жиналған өнімнің сақталуын қамтамасыз ету және егін жинау науқаны аяқталғанға дейін ахуалға тұрақты мониторинг жүргізу тапсырылды. 

Туындайтын мәселелер Үкімет жанындағы Жедел штаб шеңберінде дереу шешіледі. Жалпы үйлестіру Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғаринге жүктелген.

Еске сала кетейік, шаруаларға 2027 жылғы егіс үшін қаржы ертерек беріледі.