Бүгін – Мұхтар Әуезовтің туғанына 129 жыл
Бүгін, 28 қыркүйек – қазақтың заңғар жазушысы, драматург, ғалым Мұхтар Әуезовтің туған күні. Биыл қаламгердің дүниеге келгеніне 129 жыл толып отыр, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Мұхтар Әуезов 1897 жылы 28 қыркүйекте Семей уезі, Шыңғыс болысындағы Қасқабұлақ деген жерде дүниеге келген. Болашақ жазушы алғашқы білімін Семейдегі медреседе алып, кейін бес кластық орыс мектебінде оқыды. 1915-1919 жылдары Семей мұғалімдер семинариясында білім алды.
Әдебиетке алғашқы қадамы
Мұхтар Әуезов семинарияда оқып жүрген кезінде, 1917 жылы халық аңызы негізінде «Еңлік-Кебек» пьесасын жазды. Бұл шығарма қазақ драматургиясының қалыптасуындағы маңызды туындылардың біріне айналды.
Ал 1921 жылы жарық көрген «Қорғансыздың күні» әңгімесі жазушының прозадағы шығармашылық жолын айқындады. Одан кейін қаламгер «Оқыған азамат», «Қыр суреттері», «Үйлену», «Ескілік көлеңкесінде», «Кінәмшіл бойжеткен», «Қаралы сұлу» секілді шығармаларын жазды.
Әуезовтің шығармашылық және қоғамдық қызметі Семей мен Орынбордағы жылдарымен де тығыз байланысты. Осы кезеңде ол қазақтың көрнекті қайраткерлері Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлымен араласып, «Абай» журналын шығаруға атсалысты.
Білім мен ғылыми ізденіс
1923-1928 жылдары Ленинград университетінде білім алған Мұхтар Әуезов тіл және әдебиет факультетін тәмамдады. Кейін Ташкенттегі Орта Азия мемлекеттік университетінің аспирантурасында шығыс фольклоры бойынша зерттеу жүргізді.
Ленинградта оқыған жылдары жазушы «Қараш-Қараш оқиғасы» повесін жазды. Шығармада тарихи кезеңдегі әлеуметтік тартыстар мен адам тағдыры суреттеледі.
Осы кезеңде кейін қазақ әдебиетінің классикалық шығармаларының біріне айналған «Көксерек» повесі де дүниеге келді. Туынды желісі бойынша кейін қазақ киносының көрнекті шығармаларының бірі саналатын «Көксерек» фильмі түсірілді.
«Абай жолы» – ұлы мұра
Мұхтар Әуезовтің шығармашылық мұрасындағы ең биік туындылардың бірі – төрт томдық «Абай жолы» роман-эпопеясы.
Жазушы бұл шығарманы ұзақ жылдар бойы жазып, қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлының өмірі мен дәуірін кең көлемде көркем бейнеледі.
«Абай жолы» роман-эпопеясы 1959 жылы Лениндік сыйлыққа ие болды. Кейін шығарма әлемнің көптеген тіліне аударылып, қазақ әдебиетін халықаралық деңгейде танытқан туындылардың біріне айналды.
Абайтану ғылымының негізін қалаушы
Мұхтар Әуезовтің мұрасы көркем әдебиетпен ғана шектелмейді. Ол абайтану ғылымының қалыптасуына зор үлес қосты.
Ғалым қазақ әдебиетінің тарихын зерттеп, фольклор мен әдебиет теориясына қатысты еңбектер жазды. Көптомдық «Қазақ әдебиеті тарихының» қазақ фольклорына арналған томын дайындауға қатысып, оның негізгі авторларының бірі әрі редакторы болды.
Сондай-ақ Мұхтар Әуезов қырғыз халқының «Манас» эпосын зерттеп, осы мұраға арналған ғылыми еңбек жазды.
Қаламгердің өмірі мен шығармашылығы қазақ әдебиетінің ғана емес, ХХ ғасырдағы қазақтың рухани және ғылыми ойының дамуымен тығыз байланысты.
Мұхтар Әуезов 1961 жылы дүниеден өтті. Оның шығармалары бүгінге дейін қазақ әдебиетінің алтын қорындағы аса құнды мұра ретінде оқылып келеді.