Жазушы, публицист Алдан Смайылдың пікірінше, елдің, тілдің, әдебиеттің тағдырын ойлаған қаламгер заманның өзекті мәселелеріне араласпай тұра алмайды, деп хабарлайды Elordainfo.kz тілшісі.
«Шын мәнінде, ұлттың қамын ойлаған қаламгер ұлттық публицистикаға бармай тұрмайды», – дейді ол.
Қаламгер бұл ойына Мұхтар Әуезов пен Ғабиден Мұстафиннің шығармашылық мұрасын мысал етеді. Оның айтуынша, Әуезовтің жиырма томдық шығармаларында әдеби туындылармен қатар, ұлттың көкейкесті мәселелерін көтерген публицистикалық мақалалар да бар. Ол 1957 жылдың өзінде қазақ тілі мәселесін көтеріп, студенттердің қазақ тілін білуі қажеттігін айтқанын атап өтеді.
Ал Ғабиден Мұстафиннің еңбектерінен де бүгінгі күнге дейін маңызын жоғалтпаған мәселелерді көруге болады дейді. Соның бірі – кәсіби аудармашылар даярлау мәселесі.
«Ол 1954 жылы Жазушылар одағының пленумында кәсіби аудармашылар дайындау керек екенін көтерген. Сондай-ақ ҚазМУ-да аудармашылар факультетін ашуды ұсынған. Яғни, дарынды оқушыларды аудармашылыққа оқытуды қолдады. Себебі талантты аудармашыларсыз қазақ әдебиеті әлемге танылмайды», – дейді Алдан Смайыл.
Оның пайымынша, қазақ әдебиетінің әлемдік деңгейде кеңінен танылуына аударма мәселесі тікелей әсер етеді. Сондықтан бұл мәселе бүгін де өзекті.
Ұлттық мақсат заманмен бірге өзгереді
Алдан Смайыл ұлттық мәселені бір кезеңнің шеңберінде қарастыруға болмайтынын айтады. Оның пікірінше, әр дәуірдің алдында тұрған ұлттық міндет әртүрлі.
«Ұлттық мәселе уақытқа, заманға қарай құбыла береді. Біздің Кеңес Одағында айтқан ұлттық мақсатымыз көнерді, ол орындалды. Тәуелсіздік алдық. Ал енді мына заманда қазақ ұлты қандай болуы керек, бүгінгі замана көшіне ілесу үшін не істеу керек, дамыған елдер сол деңгейге қалай жетті – соны білуің керек», – дейді ол.
Қаламгер бұл мәселені 2000-жылдардан бастап шығармаларында көтергенін айтады. Мысалы, 2008 жылы «Жаһан және адам» атты публицистикалық шығармасы жарық көрді. Сондай-ақ «Тәуелділік иірімдері» мақаласында саяси тәуелсіздік пен экономикалық, ғылыми-технологиялық дербестік мәселелерін қозғағанын атап өтеді. Оның пайымынша, мемлекеттің саяси тәуелсіздік алуы оның барлық тұрғыдан толық дербес болғанын білдірмейді. Экономикада сыртқы қаржыға тәуелді болу, ғылым мен технологияда дамыған елдерге сүйену де тәуелділіктің өзге түрлерін қалыптастыруы мүмкін.
«Сен саяси тәуелсіздік аласың, бірақ экономикалық тәуелсіздік алдың ба? Біреудің сырттан әкелетін ақшасына зәру болып жүре бересің бе? Ол тәуелділік деп аталады. Сен ғылыми прогресс жасай алмасаң, дамыған елдерден сұрайсың. Ол да тәуелділік», – дейді қаламгер.
Ол қазіргі геосаяси кеңістіктің өзгергенін де алға тартады. Кеңес Одағы ыдыраған соң, халықаралық қатынастардың сипаты өзгеріп, экономикалық байланыстар мен талаптардың маңызы артқанын айтады. Осы жағдайда ұлттық идеяның мазмұны да заман талабына сай жаңаруы керек деген пікір білдіреді.