Жазушы, публицист Алдан Смайылдың шығармашылық жолында Ақселеу Сейдімбектің орны айрықша. Қаламгердің айтуынша, ол Ақселеу Сейдімбекті Қаражалда мектепте оқып жүрген кезінен білген, деп хабарлайды Elordainfo.kz тілшісі.
Сол жылдары жазғы демалыста атасы Смайылға жазушы Ақселеу Сейдімбек жиі келіп, өлкенің тарихы мен мәдениеті туралы әңгімелерін тыңдаған.
«Ол кезде Ақселеудің аты шыға қоймаған кез. Әйтеуір «Аманбек Сейдімбектің баласы Ақселеу ғой» дейтін. Атам екеуі ұзақ әңгімелесетін. Ақаңның сұрайтыны – ескі тарих, өлкенің тарихы, сол жерден шыққан ақын-жыраулар, күйші-әншілер. Атам бәрін тәптіштеп айтып отыратын», – деп еске алады қаламгер.
Ақселеу Сейдімбек сол кездері Смайыл атасынан күй де үйренген. Алдан Смайылдың айтуынша, атасы домбыраны жақсы тартқанымен, ел алдына шығып өнер көрсетпеген. Малын жайғап болған соң үйде домбыра шертіп отыратын.
Кейін Ақселеу Сейдімбек Қарағандыда қызмет істеп жүрген кезінде де Смайыл атасымен байланысын үзбеген. Бұрын жаяу келетін болса, кейін көлікпен келіп, қарияны тарихи орындарға алып кететін көрінеді. Олар көне балбал тастарды, сақ дәуірінен қалған қорғандарды және тарихи оқиғалар өткен жерлерді аралап қайтады екен.
Бір әңгімесінде Ақселеу Сейдімбек Әлкей Марғұланның да Жаңаарқаның тарихи-археологиялық орындарын зерттеуде оның атасының көмегіне жүгінгенін айтқан.
«Ақаң Алматыға барғанда Әлкей Марғұланға соқпай кетпейтін. Академияға барып, әңгімелесетін. «Әлекең зерттемеген жерге барғым келеді, әлі ондай жерлер бар шығар, мен де бір жаңалық ашқым келеді» дейтін Ақаң», – дейді жазушы.
Қаламгердің есінде қалған тағы бір оқиға – Ақселеу Сейдімбектің одан атасынан үйренген бір күйді үйреніп алуын сұрағаны.
«Бір күні Ақаң: «Сенің атаңнан үйренген бір күйді білем. Сен соны менен үйреніп ал. Мен алай-былай болып кетсем, ол күй менімен бірге жоғалып кетеді», - деді. Мен әне-міне деп жүргенде Ақаң қайтыс болды. Содан сол күй жұмбақ болып қалды», – дейді Алдан Смайыл.
Жазушының әдебиетке келуіне тікелей ықпал еткен тұлға – Оралхан Бөкей
Алдан Смайыл Алматыда студент болып жүрген кезінде Оралхан Бөкей «Лениншіл жас» газетінің Мәдениет бөлімін басқарғанын айтады. Сол кезде жас студенттер оған өз шығармаларын көрсетіп тұрған.
Бірде Алматы облысының «Жетісу» газеті Оралхан Бөкейге студенттердің әңгімелері мен өлеңдерін іріктеп жіберуді ұсынған. Сол кезде Алдан Смайыл оған «Марғасқа» атты киік туралы әңгімесін берген.
«Өзім оны ұсына алмай жүргенмін, нашар шығарма ма деп ойладым. Кейін дүңгіршекке барып, «Жетісу» газетін алдым. Ашып қарасам, менің «Марғасқам» жарияланыпты. Сосын Оралханға барып, рақмет айттым. Кейін жазған әңгімелерімді біртіндеп көрсетіп жүрдім», – деп еске алады ол.
1971 жылы Алдан Смайыл Целиноградқа келгеннен кейін тұрмыстық қиындықтарға тап болған. Осы кезде ол жазушылықты уақытша ысырып қойып, журналистикаға көбірек көңіл бөледі.
Алайда Оралхан Бөкей оның шығармашылық жолын қайта жалғастыруына себепші болған.
Бір күні Оралхан Бөкей телефон шалып, бұрын жазған дүниелерінің бәрін жинап, Алматыға алып келуді сұраған. Ол кезде Оралхан Бөкей «Жалын» баспасына басшылық қызметке ауысқалы жатқан. Алдан Смайыл демалыс алып, бұрынғы шығармаларын қайта қарап, қолжазбаларын жинақтайды. Жұбайы Жұмагүл де оған қолжазбаларын дайындауға көмектеседі.
Кейін Оралхан Бөкей телефон арқылы қолжазбаларды оқып шыққанын, аннотация жазып, «Жалын» баспасына тапсырғанын хабарлаған. Осылайша Алдан Смайылдың алғашқы кітабы жарық көреді.
«Мені әдебиетке алып келген Оралхан Бөкей», – дейді қаламгер.
Алдан Смайылдың айтуынша, Оралхан Бөкей жас қаламгерлерге ерекше қамқорлық танытыпты.
«Сол кезде жазуға қабілеті бар жастарды көргенде, сүйретіп алып шықты. Бүкіл жан-жүрегімен қамқор болды. Ондай қамқорлықты кім жасайды?! Содан бір кітабым жарыққа шыққан соң, ары қарай кеттік қой», – деп еске алады жазушы.
Осылайша, Алдан Смайылдың шығармашылық жолында туған өлкенің тарихын танытқан Ақселеу Сейдімбектің тағылымы мен жас қаламгерге жол ашқан Оралхан Бөкейдің қолдауы қатар тоғысты.
Әбіш Кекілбаев туралы: «Әбекеңді жақсы көрмеу мүмкін емес»
Алдан Смайылдың шығармашылық және қоғамдық қызмет жолында араласқан тұлғаларының қатарында Әбіш Кекілбаевтың орны айрықша. Ол Әбекеңді Алматыдан білетінін, кейін Астанаға мемлекеттік хатшы болып келген тұста онымен жақын араласқанын еске алады.
«Мен ол кезде телерадио компаниясында жұмыс істедім. Екі-үш рет барып, Әбекеңнен сол кездегі саясат, әдебиет, Астана және жас әдебиетшілер туралы сұхбат алдым. Талай рет дастархандас болдық. Ол менің қуанышты оқиғаларыма қатысып жүрді. Мен де оның, отбасының қуаныштарынан қалмауға тырыстым», - дейді ол.
Алдан Смайыл Әбіш Кекілбаевтың адамдық болмысына ерекше тоқталды. Оның айтуынша, Әбекең өте кең мінезді, адамгершілігі мол, қызғаныштан ада, айналасына үнемі жақсылық тілейтін жан болған.
«Бетінен иманы төгіліп тұратын. Әбекеңді жақсы көрмеу, оны құрметтемеу мүмкін емес», – дейді қаламгер.
«Сағат Әшімбаевтің қаһармандығын әлі толық бағалаған жоқпыз»
Алдан Смайылдың естелігіндегі тағы бір ерекше тұлға – белгілі әдебиет сыншысы, журналист Сағат Әшімбаев.
Екеуі Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетінде бірге оқыған. Ал 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы кезінде Сағат Әшімбаев Қазақстан теледидарын басқарған.
Алдан Смайылдың айтуынша, сол кезеңде Сағат Әшімбаев жастарға араша түсуге тырысқан санаулы азаматтардың бірі.
«1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы кезінде жастарға араша түскен Сағат Әшімбаев болды. Сол кезде шырылдап шыққанын көрдік. Ана жаққа да, мына жаққа да жүгірді», – деп еске алады ол.
Алдан Смайылдың айтуынша, Сағат Әшімбаев операторын шақырып, Желтоқсан оқиғасын түсірткен. Кейін сол бейнетаспаларды қауіпсіз жерде сақтауға тырысқан. Сондай-ақ Сағат Әшімбаев кейін қазақ ұлтшылдығына қатысты дайындалып жатқан қаулыға бірқатар белгілі ақын-жазушыларды қол қоймауға шақырған.
Алдан Смайыл Сағат Әшімбаевтың осы ұстанымдары оған қысым әкелген деп есептейді. Оның пікірінше, сол кезеңдегі жағдайлар қаламгердің тағдырына ауыр әсер еткен.
«Ақыр аяғында оның бәрі Сағатқа үлкен зардабын тигізген секілді. Оны алай да, былай да қысқан. Ақыры Сағат соның зардабын көтере алмады ма, көп ұзамай дүниеден өтіп кетті. Менің ойымша, Сағатқа «Халық қаһарманы» атағын баяғыда беру керек еді. Біз осы Сағаттың қаһармандығын әлі толық бағалаған жоқпыз деп ойлаймын», – дейді қаламгер.