Жалпыұлттық аза тұту күні

Шахмардан Есенов - ұстазы Қаныш Сәтбаевтың ғылыми жолын жалғаған шәкірт

14 қыркүйек, 2026
Жібек Наурыз Жібек Наурыз
Шахмардан Есенов - ұстазы Қаныш Сәтбаевтың ғылыми жолын жалғаған шәкірт
Фото: Shakhmardan Yessenov Foundation

Шахмардан Есенов  Қызылорда педагогикалық техникумын, Қазақ кен-металлургия институтын бітірген.  Онда болашақ академиктің өмір жолы басталады – ол ғалымдардың ғалымы Қаныш Сәтбаевтың шәкірті атанады, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

«Мен қазақтың біртуар данышпан пер­зенті Қанекеңнің шәкірті болғанымды мақтан тұтамын. Қанекең деген молынан пішілген, қазақтың бүкіл жақсы қа­сиеттерін бойына сіңірген дархан да жайсаң адам еді. Геологиялық барлау саласында оның білмейтін ұңғыл­-шұңғылы жоқ деуге болады. Асқан білікті, парасатты жан деп сол кісіні айтар едім. Қанекеңнің бір өзі жасаған Қазақстан металлогениялық картасы дүниежүзілік геология ғылымы саласында теңдесі жоқ дүние!» - дейді ол ұстазы жайлы «Зерде» (1989 жыл, №1) журналына берген сұхбатында.

Деректерге көз жүгіртсек, Шахмардан шын мәнінде Қаныш Имантайұлының ең сүйікті, ғылыми жолын сенімді жалғастырушы шәкірті болған. Екеуі де Қа­зақстан ғылымының қарашаңырағы ғылым академиясының өсіп дамуына барлық күш-­жігерін жұмсаған.

Тұстастары Шахмардан Есенов ұстазы Қаныш Сәтбаевтың үмітін ақтаған ғалым деп баға берген. Оның небәрі 26 жасында мүйізі қарағайдай мәскеулік ғалымдардың алдында Жезқазғанның жаңадан зерттеліп, болжанған кен қорының мөлшерін нақтылап, дәлелдегені өз алдына бір тарих.

Геологияға бар ынта-ықыласымен кіріскен Шахмардан Есенов Жезқазғандағы жер асты байлығы сол кездегі белгіленген мөлшерден 3-4 есе көп екенін анықтайды. Кен өндіруді көлемін көбейту арқылы елдің ырысын еселеуге мүмкіндік бар деген сөз. Бұл ойын ұстазы Қаныш Сәтбаевқа айтқанда ол кісі: «Мұны Мәскеудің ғалымдары мен академик, геологтарына дәлелдеу керек» дейді. Көп ұзамай Сәтбаев Мәскеудегі тиісті министрліктер мен Ғылым Академиясына жаңа идеяның мәні мен мазмұнын түсіндіріп хат жазып, олардан: «келіп дәлелдесін» деген жеделхат алады. Жолдың қиындығына қарасамастан, дереу Мәскеуге жеткен оның жаңалығы ғалымдардан қолдау тауып қана қоймай, ол Жезқазған кенінің жаңа картасын жасап шығаруға қол жеткізеді. Бұл жаңалық «Жезқазған типтес кен орындары», «Жезқазған әдісі» деп аталады. Әлі отызға толмаған жас ғалымның терең білімі мен тәжірибесі сол замандағы мүйізі қарағайдай ғалымдарды осылайша тәнті еткен.