Әлеуметтік желіде қоғамдық тәртіпті бұзған азамат 10 тәулікке қамалды
Шымкент қаласының полиция қызметкерлері әлеуметтік желілерге мониторинг жүргізу барысында TikTok желісінде қоғамдық тәртіпті бұзған қала тұрғынын қамауға алды, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Эфир барысында Шымкент қаласының 21 жастағы тұрғыны Нұрахмет Бердібай көрерменнің қаралы күнге қатысты сұрағына жауап бере отырып, қоғамға құрметсіздік танытатын сипаттағы сөздер айтып, қоғамдық тәртіпті бұзған.
Онымен бірге тікелей эфирге 22 жастағы Абзал Мұсұрманқұл және Бақдәулет Мұстафа қатысқан.
«Сот шешімімен Нұрахмет Бердібай 10 тәулікке әкімшілік қамауға алынды.
Сонымен қатар үш азаматқа да қоғамға жат мінез-құлыққа жол бермеу туралы ресми ескерту беріліп, үшеуі де ішкі істер органдарының профилактикалық есебіне бір ай мерзімге қойылды», - делінген хабарламада.
Еске сала кетейік, елімізде 25 қыркүйек жалпыұлттық аза тұту күні болып жарияланды.