Header Banner

Астанадағы ұстаз ұлттық қолөнерді халықаралық деңгейде танытты

Астанадағы ұстаз ұлттық қолөнерді халықаралық деңгейде танытты
Фото: Instagram/lazzatabdildakyzy

Астана қаласындағы С.Сәдуақасова атындағы № 78 мектеп-гимназиясының көркем еңбек пәні мұғалімі Ләззәт Атыбай ұлттық қолөнерді жаңғыртуға бағытталған екі ірі жобаны жүзеге асырды. Екі бастама GBR халықаралық рекордтар ұйымының кітабына енгізілді. Жобаларға еліміздің әр өңірінен 620 адам қатысып, көрмеге табиғи жүннен жасалған 750 картина қойылды. Көлемі 7×4 метр болатын Қазақстан картасы да көпшілік назарына ұсынылды. Elordainfo.kz тілшісі жоба авторы әрі ұйымдастырушысымен ұлттық өнерді халықаралық деңгейде таныту жолындағы еңбегі мен бастаманы жүзеге асыру барысында кездескен қиындықтар туралы әңгімелесті.

Ұлттық қолөнерді жаңғыртып, оны жас ұрпақтың бойына сіңіруді мақсат еткен Ләззәт Әбділдақызының айтуынша, жобаның идеясы бір күнде тумаған. Алғашында оқушыларымен бірге табиғи жүннен Қазақстанның үлкен картасын жасауға кіріскен ұстаз уақыт өте келе бұл бастаманың ауқымын кеңейтуге болатынын түсінген.

«Ұлттық қолөнерді жаңғырту, оны жас ұрпаққа үйрету және қазақтың дәстүрлі өнерін әлемге таныту – көптен бергі мақсатым. Ең алдымен, оқушыларыммен бірге табиғи жүннен Қазақстанның үлкен картасын жасауға кірістім. Жұмыс барысында бұл бастаманың тек бір мектептің или бір ұстаздың еңбегі болып қалмай, еліміздің барлық өңірін біріктіретін үлкен шығармашылық жобаға айналуына болатынын түсіндім», – дейді ол.

Осылайша, «Өнермен өрілген Қазақстан» және «Жүнмен жазылған тарих» жобалары қолға алынған. Ұйымдастырушы еліміздің әр өңіріндегі ұстаздар мен оқушыларға ортақ шығармашылық алаң ұсынып, әр аймақтың табиғатын, тарихын, мәдениеті мен ұлттық ою-өрнегін түрлі түске боялған жүн арқылы бейнелеуді ұсынған.

Жобаның ауқымы да бастапқы межеден әлдеқайда кеңейген. «Жүнмен жазылған тарих» картина жобасына еліміздің әр өңірінен 620 қатысушы тіркеліп, көрмеге 750 жұмыс қойылған. Мұнда бір маңызды жайт бар. Көрмеге ұсынылған жұмыстардың жалпы саны 750 болғанымен, GBR халықаралық рекордтар ұйымының сертификатында 500 жүн картинасынан тұратын ең үлкен топтама ретінде ресми тіркелген.

Әр туынды белгілі өңірдің табиғи ерекшелігін, тарихи мұрасын, мәдениеті мен тұрмыс-тіршілігін бейнелейді. Осылайша, жүннен картина жасау балалар үшін тек шығармашылық жұмыс пен қатар туған өлкені тереңірек танудың да тәсіліне айналған.

«Балалар жүнмен жұмыс істеуді ғана емес, өз туған жерін тануды да үйренді. Олар Қазақстанның картасын зерттеп, ата-әжелерінің туған жерін, өз өңірінің өзен-көлдерін, тауларын, табиғи байлығын, ауыл шаруашылығы мен өндірісін таныды. Кейбір оқушылардың «апай, менің ата-әжемнің жері қандай үлкен еді» деген сөздері мен үшін ерекше әсерлі болды. Демек, бұл жоба балаларға қолөнерді үйретумен қатар, туған жерге деген сүйіспеншілігін арттырды», – дейді Ләззәт Атыбай.

Жобаларды халықаралық деңгейде мойындату да оңай болмаған. Ұйымдастырушының айтуынша, рекордты тіркеу үшін жұмыстардың көлемі мен саны ғана емес, олардың жасалу әдісі, қатысушылардың еңбегі және жобаның ерекшелігі жан-жақты дәлелденуі қажет болған. Құжаттарды әзірлеу, қатысушылардың жұмысын жинақтау, олардың санын нақтылау, фото және бейнематериалдарды дайындау секілді міндеттердің барлығын өзі үйлестірген.

29 қазанда Астанада өткен іс-шарада комиссия мүшелері Қазақстан картасы мен картиналар топтамасын қарап, фото-бейне дәлелдемелерді тіркеу жұмысын жүргізген. Нәтижесінде екі жоба да GBR – Global Best of Records халықаралық рекордтар ұйымының Азия және Африка бойынша World Book of Records кітабына енгізілген.

Дегенмен, бірнеше айлық еңбектің халықаралық деңгейде танылуы ұйымдастырушы үшін барлық мәселенің шешілгенін білдірмейді. Жоба барысында кездескен негізгі қиындықтың бірі – көрмені толық көлемде көрсетуге мүмкіндік беретін кең әрі қолайлы орын табу болған. Өйткені бір кеңістікте көлемі 7×4 метр болатын Қазақстан картасын және 750 картинаны орналастыру үшін үлкен көрме залы қажет етеді. Ұйымдастырушының сөзінше, мұндай мүмкіндік табылғанда, көрермендер әр жұмысты асықпай тамашалап, өңірлердің ерекшелігімен тереңірек танысар еді.

«Тағы бір жанға батқаны – осынша уақыт бойы дайындалған еңбектерді көрермендерге небәрі 2–3 сағат көрсетіп, кейін қайта жинап алып кетуге тура келгені. Бірнеше ай бойы жасалған жұмыстардың соншалықты қысқа уақытта ғана ұсынылуы көңілімді қынжылтты. Шынымды айтсам, осы еңбектің нәтижесін халық бір күн бойы тамашалап, әр өңірдің өнерін көріп, суретке түсіп, рухани әсер алса екен деп армандадым», – дейді жоба авторы.

Оның айтуынша, әрбір жұмыстың артында баланың ізденісі, ұстаздың еңбегі мен отбасының қолдауы тұр. Сондықтан мұндай шығармашылық жобаларды көпшілікке кеңінен таныстыруға мүмкіндік беретін көрме алаңдарының болуы маңызды.

Жобаның тағы бір ерекшелігі – оның қаржылық жауапкершілігін ұйымдастырушының өзі көтергені. Қажетті материалдардан бастап, жұмыстарды дайындау, тасымалдау, көрмені ұйымдастыру және өзге де шығындар оның жеке қаражаты есебінен жүзеге асқан.

«Мен үшін бұл бастама табыс табу немесе жеке пайда көздеу үшін жасалған жоба емес. Бұл – ұлттық өнерге деген жанашырлығымнан, қазақтың қолөнерін әлемге танытуға деген ниетімнен туған азаматтық әрі шығармашылық бастама. Әрине, мұндай ауқымды жобаны бір адамның күшімен және жеке қаражатымен жүзеге асыру оңай емес. Болашақта осындай жобаларға мемлекеттік мекемелер, демеушілер, мәдениет және білім ұйымдары қолдау көрсетсе, ұлттық қолөнерді насихаттайтын бұдан да ірі бастамаларды жүзеге асыруға мүмкіндік туар еді», – деп атап өтті ол.

Алдағы уақытта Ләззәт Атыбай екі жобаны одан әрі дамытып, ұлттық қолөнерді халықаралық деңгейде танытуды жалғастыруды көздеп отыр. Сонымен қатар Қазақстанның әр өңіріндегі ұстаздар мен оқушыларды біріктіретін жаңа шығармашылық бастамалар мен рекордтық жобаларды қолға алуды жоспарлаған.

2027 жылғы 26–27 қаңтарда Түркияның Ыстанбұл қаласында өтетін GBR рекордтар кітабының ашылу салтанатына да арнайы шақырту алған. Бұл шара жобаларды халықаралық ортада таныстырудың тағы бір мүмкіндігі болмақ.

Сонымен бірге ұйымдастырушының ең үлкен арманының бірі екі жобаның туындыларын халық еркін аралап көре алатын кең көрме алаңында бірнеше күн бойы ұсыну. Өйткені оның пайымынша, жобалардың жетістігін тек берілген сертификатпен өлшеуге болмайды.

«Мен үшін бұл жобалардың басты жетістігі тек рекордтық сертификат алу емес. Ең бастысы – 620 қатысушының басын қосып, 750 жұмысты бір көрмеге жинақтау, балалардың туған жерге деген қызығушылығын арттыру, ұстаздардың шығармашылық әлеуетін көрсету және ұлттық қолөнердің мәртебесін көтеру», – дейді ол.

Бейнелеу жөніндегі бастама осылайша жүздеген ұстаз бен оқушыны ортақ мақсатқа жұмылдырып, халықаралық деңгейде танылып жатыр. Ал оның түпкі мұраты – ұлттық өнерді дәріптеп, бүгінгі ұрпақтың қолымен жаңғыртып, келешекке жеткізу.