ДСМ: Емханаларды қаржыландыру тәртібі қалай өзгерді

ДСМ: Емханаларды қаржыландыру тәртібі қалай өзгерді
Фото: freepik.com

Денсаулық сақтау министрлігі емханаларды қаржыландыру тәртібінде қандай өзгеріс болғанын түсіндіріп берді, деп хабарлайды Elordainfo.kz ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Министрліктің түсіндіруінше, бұрын емханалар бекітілген адам санына қарай қаржы алатын. Нәтижесінде бір рет те медициналық көмекке жүгінбеген 4 миллионнан астам адам (22%) үшін қаржы бөлініп отырған.

Бұл айқын мәселе туындатты. Адамдар дәрігерге жағдайы нашарлаған кезде ғана жүгінеді. Соның салдарынан қазір емдеуге жатқызудың шамамен 10 жағдайының 7-еуі шұғыл түрде жүзеге асады, ал олардың бір бөлігін емхана деңгейінде алдын алуға болатын еді.

Енді қағидат өзгереді. Егер адам бір жылдан астам уақыт емханаға жүгінбесе, оған бөлінетін тариф аздап төмендетіледі.

«Өзгерістің мақсаты — медициналық ұйымдарды пациенттермен белсендірек жұмыс істеуге ынталандыру, тексеру шақыру, скринингті еске салу, созылмалы ауруларды бақылау және жалпы пациентті назардан тыс қалдырмау.

Адамдарды профилактикалық тексерулерге жиі шақыру нәтижесінде ауру ерте анықталады, тиісінше емдеу жеңіл әрі тиімді болады.

Бұл өзгеріс ауыр жағдайлар мен шұғыл емдеуге жатқызуды азайтуға, стационарларға түсетін жүктемені төмендетуге және кезекті қысқартуға мүмкіндік береді», делінген хабарламада.

Министрліктің мәлімдеуінше, медицина қызметкерлерін ынталандыру күшейтілген. Енді олар нақты нәтижелер үшін қосымша төлем алады. Оның қатарында онкология ауруын, туберкулезді ерте анықтау, созылмалы ауруларды бақылау бар. Яғни жүйе біртіндеп формалды қызмет үшін емес, нақты нәтиже үшін төлеу моделіне көшеді.

«Кейбір жекеменшік емханалар бұл өзгерістермен келіспей, табыстың азаюынан қауіптеніп, сотқа жүгінген. Алайда реформаның негізгі мәні басқа. Қаржы нақты медициналық көмек көрсетілген жерге бағытталуы тиіс, тек тіркелген адамдардың есебін жүргізіп, сол үшін мемлекеттен қаржы алу тәжірибесінен бас тарту керек», делінген хабарламада.

Министрлік медициналық-санитариялық алғашқы көмекті реформалау кезең-кезеңімен жүргізіліп жатқанын атап өтті. 2024 жылдан бастап жоспарлы емдеуге жатқызу үшін қажетті тексеру саны қысқартылып, бюджет қаражаты мен пациент уақыты үнемделді.

Дәрігерлер өзіне тән емес функциялардан босатылып, пациент қабылдауға бөлінетін уақыт артты. Мейіргерлердің өкілеттігі кеңейтіліп, олар бірқатар күнделікті міндетті өз мойнына ала бастады.

Медицина қызметкерлерінің уәждемесін арттыру мақсатында 2025 жылдың сәуірінен бастап еңбекақы төлеу моделі қайта қаралды: ана мен нәресте өлімін азайту, жүрек-қан тамыр ауруларының алдын алу сияқты нақты нәтижелерге байланысты төлем енгізілді.

Бекітілген халықпен белсенді жұмыс жүргізілген жағдайда, бір учаскеге төленетін орташа қаржы көлемі тоқсанына 344 мың теңгеден 700 мың теңгеге дейін өсті. Ведомствоның айтуынша, бұл профилактикалық жұмысты күшейтуге және пациентті жүйелі бақылауға нақты ынталандыру болған.

Еске сала кетсек, инсультті ерте диагностикалауға арналған жасанды интеллект жүйесі елордадағы 17 емханада, сондай-ақ Ақмола, Маңғыстау, Жамбыл және Алматы облыстарында енгізілді.