Инсультті ерте диагностикалауға арналған ЖИ өлім-жітімді төмендетуге көмектесті – министр

Бүгін, 10:29
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
Инсультті ерте диагностикалауға арналған ЖИ өлім-жітімді төмендетуге көмектесті – министр
Фото: freepik.com

Елімізде халықтың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған 50-ден астам AI-агенттер белсенді түрде қалыптасуда. Премьер-министрдің орынбасары — жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев Үкімет отырысында ЖИ-ді медицинада және кәсіпкерлікте енгізу туралы баяндады, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

Атап айтқанда, Cerebra AI жүйесі бірқатар өңірде инсульттан болатын өлім-жітімді 40%-ға төмендетуге мүмкіндік берді, ал бизнесті бастау бойынша Қаржы министрлігімен бірлескен жоба кәсіпкерлерге операциялық шығындарды 2 есеге қысқарта отырып, оңтайлы орындарды таңдауға көмектеседі.

«Денсаулық сақтау саласындағы нәтижелі кейстердің бірі – Cerebra AI. Бұл – инсультті ерте диагностикалауға арналған жасанды интеллект. Ол компьютерлік томография нәтижесін 30 минуттың орнына 5-10 минут ішінде талдайды. Ол инсульт диагностикасын едәуір жылдамдатады және дәлдігін арттырады. Жүйе елордадағы 17 емханада, сондай-ақ Ақмола, Маңғыстау, Жамбыл және Алматы облыстарында енгізілді», - деп атап өтті министр.

Еске сала кетейік, технологияларды ел экономикасына жүйелі енгізу үшін Қазақстанда Цифрлық трансформация карталары енгізілуде.