Елімізде цифрлық трансформация карталары енгізілуде
Технологияларды ел экономикасына жүйелі енгізу үшін Қазақстанда Цифрлық трансформация карталары енгізілуде. Бұл туралы Үкімет отырысында Премьер-министрдің орынбасары — жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев мәлімдеді, деп хабарлайды Elordainfo.kz Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Оның айтуынша, бүгінгі таңда 72 сала мен қызмет бағытын қамтитын 20 карта бекітілген. Олардың әрқайсысында 2027 жылға дейін AI-шешімдерді және KPI енгізу жоспары бар, ал процестерді жобалау AI-First қағидатына негізделген.
«Процестерді жобалауда жасанды интеллектіні басым қолдануды көздейтін AI-First қағидатына сәйкес бірыңғай архитектуралық тәсіл қолданылды. Бұл тәсіл «электрондық үкіметтің» архитектуралық порталында баршаға қолжетімді. Барлық орталық мемлекеттік органдардың бекітілген карталарды орындауы міндетті екенін атап өткім келеді», деді министр.
Еске салайық, бүгін Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында экономика саласына жасанды интеллект енгізу мәселелері қаралды.