Header Banner

Қазақстан СІМ басшысы Брюссельде бірқатар екіжақты кездесулер өткізді

Қазақстан СІМ басшысы Брюссельде бірқатар екіжақты кездесулер өткізді
Фото: Сыртқы істер министрлігі

Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді өңіраралық өзара байланыс және қауіпсіздік жөніндегі екінші министрлік кездесуіне қатысуы аясында Германия, Румыния, Латвия, Эстония, Украина, Франция, Хорватия және Болгарияның сыртқы саяси ведомстволарының басшыларымен бірқатар екіжақты келіссөздер жүргізді, деп хабарлайды Elordainfo.kz Сыртқы істер министрлігіне сілтеме жасап.

Кездесулер барысында екіжақты және халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша пікір алмасулар өтті. Министр еуропалық әріптестерін Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында айқындалған еліміздің экономикалық дамуының негізгі бағыттары, сондай-ақ Қазақстанның транзиттік-көліктік әлеуетін одан әрі ашу жөніндегі шаралар туралы хабардар етті. Сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты кеңейту мүмкіндіктеріне, оның ішінде еуропалық компанияларды Қазақстан өңірлерінің әлеуметтік, көлік және инженерлік инфрақұрылымын жаңғырту жөніндегі ауқымды бағдарламаны іске асыруға тарту мәселесіне ерекше назар аударылды.

Германияның Сыртқы істер министрі Йоханн Вадефульмен кездесу барысында 2027 жылы атап өтілетін Қазақстан мен Германия арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнағанына 35 жыл толуы қарсаңында стратегиялық әріптестікті одан әрі нығайтуға деген өзара бейілділік расталды.

Тараптар 2026 жылғы қыркүйекте Қазақстан Президентінің Германияға жасаған ресми сапары барысында қол жеткізілген уағдаластықтарды, сондай-ақ Мемлекет басшыларының бірлескен мәлімдемесі мен 2026–2028 жылдарға арналған Өнеркәсіптік, технологиялық және шикізат салаларындағы ынтымақтастық жөніндегі жол картасының ережелерін іс жүзінде іске асырудың маңыздылығын атап өтті.  

Йоханн Вадефуль екіжақты саяси диалогтың даму серпініне жоғары баға беріп, 10 қарашада Астанада екі елдің сыртқы саяси ведомстволары арасында өткен саяси консультациялардың табысты болғанын, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары Қанат Бозымбаевтың Берлин мен Франкфурттағы Майн қалаларында «Alatau City» инвестициялық роуд-шоуы аясында Германияға жасаған сапарын атап өтті.       

Мәдени-гуманитарлық салада Қазақстанда неміс тілін қолдау мәселелері талқыланды. Тараптар сондай-ақ «Орталық Азия – Германия» форматындағы және халықаралық ұйымдар шеңберіндегі ынтымақтастықты одан әрі дамытуға мүдделілігін растады.

Румынияның Сыртқы істер министрі Дан Некулэескумен келіссөздер барысында сауда-экономикалық байланыстарды нығайтуға және перспективалы бағыттар бойынша екіжақты ынтымақтастықты кеңейтуге деген өзара мүдделілік расталды.

Тараптар 2027 жылы Сауда-экономикалық және ғылыми-техникалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссияның 18-отырысын өткізу туралы уағдаласты.     

Қара теңіздегі кеме қатынасының қауіпсіздігін қамтамасыз ету және қазақстандық мұнайды Каспий құбыры консорциумының жүйесі арқылы үздіксіз тасымалдау мәселелеріне ерекше назар аударылды.  

Латвияның Сыртқы істер министрі Байба Бражемен кездесу барысында өзара қызығушылық тудыратын мәселелер бойынша ынтымақтастық перспективалары мен іс жүзіндегі өзара іс-қимыл талқыланды.   

Эстонияның Сыртқы істер министрі Маргус Цахкнамен әңгімелесу барысында сындарлы саяси диалогты жалғастыруға және Эстония Президенті Алар Каристің Қазақстанға жасаған мемлекеттік сапарының қорытындысы бойынша қол жеткізілген уағдаластықтарды дәйекті түрде іске асыруға деген өзара ұстаным расталды.        

Украинаның Сыртқы істер министрі Андрей Сибигамен кездесуде тараптар Экономикалық ынтымақтастық жөніндегі мемлекетаралық комиссияның жұмысын талқылап, сауда және логистика мәселелері бойынша пікір алмасты.

Францияның Сыртқы істер министрі Жан-Ноэль Барромен кездесуде сұхбаттасушылар екіжақты қатынастардың ағымдағы жай-күйін және қолданыстағы ынтымақтастық форматтары шеңберінде саяси диалогты жандандыру мәселелерін талқылады.      

Кездесулер қорытындысы бойынша Қазақстанның Еуропа елдерімен екіжақты форматта, сондай-ақ өңіраралық және көпжақты алаңдар шеңберінде әріптестікті нығайтуға дайын екендігі расталды.