Референдум-2026

Елордада спорт күніне орай бұқаралық велошеру өтті

Елордада спорт күніне орай бұқаралық велошеру өтті
Фото: Қанат Байұзақов

Астанада спорт күніне орай «Заң мен тәртіп» идеологиясы аясында ұйымдастырылған бұқаралық велошеруге 1000-ға жуық адам қатысты, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

Елордада дәстүрге айналған бұқаралық велошеруге бастапқыда 700 қала тұрғыны онлайн тіркелгенімен, қатысушылардың саны одан әрі асып түсті.

Қатысушылар таңғы 9:00-де Қосшы тасжолының бойындағы «Жасыл белдеу» саябағында жиналды.

«Елорданың «Нұра» ауданы прокуратурасы Астана қаласының әкімдігі, Дене шынықтыру және спорт басқармасы, сондай-ақ Спорттық-бұқаралық іс-шараларды өткізу дирекциясымен бірлесіп, «Заң мен тәртіп» идеологиясын іске асыру аясында Спорт күніне орай бұқаралық велошеру өткізді.

Мұндай іс-шаралар ең алдымен заңға бағыну мәдениетін қалыптастыруға, жауапкершілік пен өзара құрметті арттыруға бағытталған.

«Заң мен тәртіп» - белгіленген ережелерді сақтау, айналамыздағы адамдарды құрметтеу және өз іс-әрекетімізге жауапкершілікпен қарау секілді дүниелерден басталады.

«Нұра» ауданының прокуратурасы елорда тұрғындары мен қонақтарын қоғамдық тәртіпті қатаң сақтауға, спортпен шұғылдануға және салауатты өмір салтын ұстануға шақырады», - деді Астана қаласы «Нұра» ауданының прокуроры Райымбек Ұлықбанов.

1000-ға жуық әуесқой спортшы бас қосқан шарада қатысушылар Үркер елді мекенінің «Жасыл белдеу» саябағына дейін жалғасқан 21 шақырым қашықтықты еңсерді.

«Өзім мемлекеттік қызметте істеймін. Аптаның әр сенбі және жексенбісінде Астана қаласындағы бұқаралық спорттық шараларға қатысып тұрамын. Мегаполисіміздің маңындағы кереметтей «Жасыл белдеу» саябағында баршаңызды таза ауамен тыныстап, тынығуға шақырамын», - деп қала тұрғыны Сая Мұратбекова өз әсерін бөлісті.

Іс-шара соңында қатысушылар арасында лотерея арқылы велосипед ойнатылып, ыстық шай мен палау берілді.

Сондай-ақ бұқаралық велошерудің қатысушылары «Таза Қазақстан» экологиялық акциясын да қолдап, айналадағы қоқысты жинап, табиғатқа жанашырлық танытты.