Header Banner

Астанада құқықтық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған оқыту курсы қорытындыланды

Астанада құқықтық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған оқыту курсы қорытындыланды
Фото: Василий Крась

Астанада халықтың құқықтық сауаттылығын арттыруға бағытталған 20 сағаттық оқыту курсы қорытындыланды. Қорытынды іс-шара барысында азаматтардың құқықтық мәдениетін қалыптастыру, заң мен тәртіп қағидаттарын орнықтыру және жастардың қоғам өміріне белсенді араласуы мәселелері талқыланды, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

Астана қаласының Ішкі саясат басқармасының басшысы Бақытжан Жүнісбековтің айтуынша, құқықтық сауаттылықты арттыру жұмыстары елдегі ішкі саясаттың негізгі бағыттарымен тығыз байланысты. Былтыр Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бекіткен ішкі саясаттың негізгі қағидаттары қоғамның даму бағдарын айқындауға бағытталған. Олардың қатарында «Заң мен тәртіп», «Адал азамат», «Таза Қазақстан» секілді құндылықтар бар.

«Жоба аясында жүзге жуық азамат 20 сағат бойы құқықтық бағытта білім алды. Ендігі міндет алған білімді тек өзіңізде қалдырмай, айналаңыздағы адамдармен бөлісу. Әлеуметтік желіде, достарыңыздың, курстастарыңыздың, сыныптастарыңыздың және туыстарыңыздың арасында құқықтық сауаттылық туралы ақпарат тарату маңызды. Ішкі саясат саласындағы жұмыстардың нәтижесі бірден көзге көрінбеуі мүмкін. Оның жемісі уақыт өте келе қоғамдағы көзқарас пен азаматтардың іс-әрекетінен байқалады. Сондықтан бұл бағыттағы жұмыстың нәтижелі болуы әрқайсыңыздың белсенділігіңізге байланысты», – деді Бақытжан Жүнісбеков.

Қоғам қайраткері Зұлфұхар Ғайыпов құқықтық мемлекет қалыптастыруда «Адал азамат», «Заң мен тәртіп» және «Таза Қазақстан» қағидаттарының өзара сабақтастығына тоқталды. Оның пікірінше, адал азамат болудың алғашқы шарты заңды құрметтеу және белгіленген тәртіпті сақтау. Бұл құндылықтарды жас ұрпақтың бойына сіңіру ұзақ уақытты қажет етеді. Сондықтан жастардың құқықтық сауатын арттыруға бағытталған мұндай оқыту курстарының маңызы зор.

«Құқық пен міндет бір-бірінен ажырамайтын ұғымдар. Біз көбіне өз құқығымызды талап етуге бейімбіз. Алайда атқаруға тиіс міндеттеріміз бар екенін естен шығарып жатамыз. Мысалы, қоғамдық орында тазалық сақтау, ата-ананы және ұстазды құрметтеу әр азаматтың міндеті. Құқықтық сауатсыздықтың бір себебі де осы екі ұғымның ара-жігін ажырата алмаудан туындайды. Құқықтық мемлекет дегеніміз заңмен тыйым салынбаған әрекеттердің бәрі заңды деп танылатын қоғам. Сондықтан әрбір азамат өз құқығын ғана емес, міндетін де білуі керек. Сонда ғана қоғамда заңға құрмет пен жауапкершілік қалыптасады», – деді Зұлфұхар Ғайыпов.

Ал Халық кеңесінің мүшесі Мұрат Әбенов құқықтық білімнің адам өміріндегі рөліне тоқталып, өзінің еңбек жолындағы тәжірибесімен бөлісті. Оның айтуынша, адамның білімге ұмтылысы мен алған білімін тәжірибеде қолдана білуі өмірдегі түрлі мүмкіндікке жол ашады.

«Мен мұғалім болып жүрген кезімде қосымша табыс табу үшін такси жүргізушісі де болдым. Сол уақытта жол полициясы қызметкерлерімен арадағы жағдайлардан кейін заңнаманы өз бетімше оқи бастадым. Күн сайын заңдарды оқып, өз құқығымды қорғау жолын зерттедім. Заңды білген сайын өз әрекетімнің қаншалықты дұрыс екенін түсінуге мүмкіндік туды. Кейін жол полициясы тоқтатқан жағдайда да қандай ереже бұзғанымды, оның қалай тіркелгенін сұрап, өз ұстанымымды заң аясында қорғай алатын болдым. Сондықтан әр азамат заңды тек қиындыққа тап болғанда емес, күнделікті өмірде де білуі қажет», – деді Мұрат Әбенов.

Курсқа қатысушылардың бірі Астана қаласындағы №52 мектеп-гимназияның 10-сынып оқушысы, мектеп президенті Жанғали Құрманғалей. Ол құқықтық сауаттылықты мектеп қабырғасынан бастап қалыптастыру қажеттігін айтып, оқушылардың құқығы мен міндетін түсіндіру, буллингтің алдын алу және құқықтық тәрбие беру бағытындағы жұмыстарды күшейтуді ұсынды.

«Осындай құқықтық бағыттағы жобаларды мектептерде де көбірек ұйымдастыру керек деп ойлаймын. Мектептерге құқық саласының мамандарын, білікті спикерлерді шақырып, оқушылармен кездесулер өткізуге мүмкіндік болса бұл өте пайдалы болар еді. Себебі әр бала өз құқығын, міндетін және заң алдындағы жауапкершілігін ерте жастан білуі керек. Осындай оқыту курстары жастардың ізденуіне, білімін толықтыруына және қоғамдағы өз орнын түсінуіне ықпал етеді», – деді ол.

Іс-шара соңында оқыту курсынан сәтті өткен қатысушыларға сертификаттар табысталды. Жоба азаматтардың құқықтық білімін жетілдіріп, алған білімін күнделікті өмірде қолдануға және қоғамда құқықтық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған.